Қоңырау үні естілмесе де…

0 78

Биыл мектеп ауласында сыңғырлаған соңғы қоңырау үні естілмеді, есесіне 25-мамыр салтанаты ерекше жағдайда өтті. Елорда уақыты бойынша сағат 11.00-де барлық мектептерде мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн-соңғы қоңырау өткізілді. Биыл Нұр-Сұлтан мектептерінен 177 918 оқушы оқу жылын аяқтады. Онлайн сабақ алдымен мемлекетіміздің Әнұранымен басталды. Одан соң еліміздің бас ұстазы телеарналар арқылы оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым ­министрі:

«Биылғы сабақ ерекше форматта өтіп жатыр. Әлемдік пандемия біздің күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Биылғы оқу 4 миллионнан астам оқушы мен студент үшін қашықтықтан оқыту форматы сипатында есінде қалады деп ойлаймын.Қысқа уақыттың ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл – мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін».
Онлайн режимдегі соңғы қоңырау салтанатты түрлі тақырыптарға бөлінді. Мәселен, оқу жылының аяқталуы, оқушылардың сабақ үлгерімі және жазғы демалыстағы қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне ашық сабақтарда баса мән берілді.

Жеңісгүл Нүсіпжан, №74 мектеп гимназиясының директоры:

– Біздің мектепте 1-10 сыныпты биылғы оқу жылында 1932 оқушы аяқтап отыр. Тәрбие сағатын алдымен сынып жетекшілері оқушылардың мүмкіндігіне, қолжетімділігіне орай онлайн платформаны таңдады. 1-10 сынып оқушыларына жеке-жеке тәрбие сағаттары өткізілді. Алдымен оқушылардың жыл бойы көрсеткен білім деңгейін, жетістіктерін айтып өтті. Бұл сынып сағаттарына мектеп түлектері, қамқоршылық кеңестің мүшелері онлайн түрде қатысып, құттықтауларын арнады. Мен өзім де әр сыныпқа кіріп онлайн режимде спортта, білімде, өнерде белсенділік танытқан оқушыларды марапаттадым. Ата-аналардың да, оқушылардың да жауапкершілігі өте жоғары болғаны қуантты. Ағымдағы жылы мектеп бітіру іс-шарасы «Birgemiz: ТҮЛЕК-2020» ұранымен өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =