ҚОНАҚТАР ДӘСТYРIМIЗГЕ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫ

0 119

Бұрнағы күні ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия­лардың аймақаралық кеңесіне қатысушы делегаттар «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалін тамашалады. Шетелдік қонақтарды этноауылда ақ жаулықты аналар тәттіден шашу шашып қарсы алды.

Көшпелiлердiң көне дәстүрі жаң­ғырып, ежелгі кәсіп жанданған «Мыңжылдықтар тоғысын» аралаған меймандар алдымен ат құлағында ойнаған қазақ жiгiттерiнiң өнерiне тәнті болды. «Номад» каскадерлік тобы әлемнің әр түкпiрiнен келген делегация мүшелеріне қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ұлттық спорты мен ойын түрлерін көрсетті. Алаңқайдағы қазақ батырларының найзаласу, қылыштасу өнері, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды ойындар көрермендерге таңдай қақтырды.

Делегаттар этно-ауылдағы қол­өнер бұйымдарының жәрмеңкесін аралап, темiрдi илеп иетін, ағаштан түйін түйетін ұсталардың көз жауын алатын зергерлік әшекейлеріне, ат әбзелдеріне, қыш құмыраларына қызығушылық танытты.

Бірнеше ақшаңқан киіз үйге бас сұққан кеңес қатысушылары ұлттық мәзірімізден дәм татып, ұршық иі­ріп, жүн түткен, сырмақ сырған әже­лер­дің өнерін тамашалады. Бесік тер­­беткен ананың әлдиіне сүйсінді. Қазақ мәдениетіне таңдай қағысқан қонақ­тар құсбегілердің бүркіті мен салпаң құлақ, аш құрсақ тазыларды да көрді.

Ұлы даланы мекендеген ұлт­тар­дың тарихы мен мәдениетін паш ететін сахналық қойылымдар мен ән мен жыр кештері деле­гат­тарға ұлт бейнесін тағы да ай­шықтай түсті. «Сазген сазы» ансамблі, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Айгүл Үлкенбаева сынды дәстүрлі әншілер мен күйшілердің өнері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =