Қонаев көшесі

Елордада - есімі

0 30

Газетіміздегі «Астана көшелері» деген айдарымызды қайта жаңғыртып, бас шаһардағы көшелерге есімі берілген тұлғалар туралы жазуды жөн санадық. Айдарды ел тарихында өз орны бар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан бастамақпыз. Әрі алдағы жексенбі, яғни 12 қаңтарда айтулы тұлғаның туғанына 108 жыл толады.Қасы-көзі қиылған арудың әдемі бұрымындай елорданың ортасымен ағып жатқан Есіл өзенінің сол жағалауындағы Қонаев көшесі Тұран даңғылынан басталып, Мәңгілік ел даң­ғылында аяқталады, ұзындығы – 2250,2 м. Айтпақшы, оның бұрынғы атауы №1 көше болыпты. Сондай-ақ көшені Ақмешіт, Түркістан көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиып өтеді. Бұл көшеде көпшілік жақсы білетін Сыртқы істер министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, «RIXOS», «Дипломат» қонақүйлері және «Қазмедиа» орталығы орналасқан.
Көрнекті қайраткер 1912 жылы Алатаудың етегіндегі әсем қалада (бір деректе Алматы облысы Балқаш ауданында туды деп айтады) өмірге келген. Әке-шешесі «Құдай деген» қарапайым жандар болыпты. Әкесі Меңліахмет өз заманының са­уатты, көзі ашық азаматы екен. Дінмұхамед атамыз Алматыдағы №14 орта мектепті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін 1931-1936 жылдары Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеудің түсті металл институтына оқуға жіберілді. Сөйтіп тау-кен инженері деген жоғары білім алған жас маман елге оралып, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, аз мерзім ішінде қатардағы жұмысшыдан директорлыққа дейін өседі. Соғыстың алдында кеңес өкіметі кезіндегі қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ірі кәсіпорындарының бірі – Лениногор кен басқармасының басшысы болды. Одан кейін Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары және Жоғары кеңестің төрағасы қызметін атқарды. 1960-86 жылдары Қазақстан Компартия­сы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді.
Дінмұхамед Ахметұлының қысқаша шолып шыққанда өмірбаяны осылай. Бірақ ол өмір сүрген уақыт, қоғам, шын мәнінде, қарама-қайшылыққа толы еді. Онда бүгінгі азат мемлекетіміз әлемнің біраз бөлігін алып жатқан кеңес империясының құрамында болды. Бар билікті Мәскеудегі «көсемдеріміз» ұстады. Соған қарамастан Қонаев басқарған 26 жыл ішінде еліміз біраз табыс­тарға қол жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, жаңа совхоздар бой көтеріп, жұмысшылар кенті мен қалалар салынды. Көз қызығып қарайтын Алматыдағы Республика сарайы, «Медеу» спорт кешені секілді көркем ғимараттар пайдалануға берілді.
Қазақстанның өнеркәсібі, оның ішінде түрлі түсті металлургия саласы алға басып, металл өңдеу мен көлік жасау деңгейі өсті. Көмір мен мұнай кен орындары ашылып, еліміз отын-энергетика өнеркәсібінің орталығына айналды. Тараз және Шымкент шаһарларындағы комбинаттар сары фосфор өндіруден әлемде бірінші орынды алды. Сондай-ақ ғылым мен өнердің дамуына үлкен қолдау көрсетті. Сол жылдары Ұлттық ғылым академиясының беделі зор болып, ғылыми интеллигенция шоғыры қалыптасты. Қазір осы дәуірде өмір сүрген қаламгерлер Қонаевтың Жазушылар одағына жасаған қамқорлығын аузынан тастамайды. Өнердің басқа саласында жұлдыздай жарқыраған таланттар да қолдаудан кенде болмады.
Халық та ардақты азаматты сыйлап, төбесіне көтерді. Қазір тұғырлы тұлға басқарған жылдардағы қазақ тілінің жадау күйі, қазақ мектептерінің жабылуы, тіпті еліміздің бас шаһары – Алматы қаласында бір ғана қазақ мектебінің болғаны туралы түрлі пікірлер айтылады. Көп нәрсеге уақыт төреші… Қалай болғанда да, Ахметұлының өмір жолы – кейінгі жас ұрпаққа үлгі. Оның: «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деп айт­қанынан тағылым түюге болады.
Бүгінде елімізде оның атындағы көше Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһарында ғана емес, бірқатар облыс орталықтарында бар. Түйіндей келгенде, тарихтың бір белесінен қарағанда жиырмасыншы ғасырдағы ұлт қайраткерлері арасынан шыққан Дінмұхамед Қонаевтың өз жолы мен жеткен биігі менмұндаланып көрініп тұрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды