Қонаев есімін қолдаймыз!

0 111

Ұрпағына тәлімді тәрбие, тиянақты білім беруді барлық ата-ана тілейді. Сондай ата-ананың бірі ретінде біз де ұл мен қызымыздың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуын ойлап, олардың қай мектепте білім алғандарын қадағаладық. Бұл орайда анық болған бір ақиқат – оқитын мектебі ұлттық мазмұнда тәрбие көрсетіп, білімді қазақ тілінде беруі шарт еді.

№66 мектеп-лицейінің директоры Айтжан Шаяхметова мен 2021 жылғы мектептің «Алтын белгі» иегері Айсамал Кемеңгер

Астанаға көшіп келген кезде үйге жақын жердегі аралас мектепке екінші, үшінші сыныптарға барып жатқан балаларымызды орналастыруға мәжбүр болдық. Қанша айтқанмен, есеп үшін ашылған бір қазақ сыныбы ғана бар ол мектептегі баланың барлығы үзіліс кезінде қазақша емес, ресми тілде сөйлесетін. Алаш арыстарының «Ұлт мектебі ұлт тілінде қызмет көрсетсін» деген қағиданы санаға ұялатқан, Омбыдан атамекенім деп Қазақ еліне көшіп келген маған, бабамыз алаш ардақтысы Қошке Кемеңгерұлы «Мектеп қай тілде болу керек?» атты мақаласында «Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды» деп бір ғасыр бұрын айтып кеткен аманатын қастерлеген ұрпаққа балаларды таза қазақ тілінде оқыту перзенттік парыз саналды. Сол кезде жасаған таңдауымыз – елорда төріндегі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Елбасы Н.Назарбаев өзі ашқан №66 мектеп-лицейі болды.
Аталған оқу орнында ұлымыз Қуатбек төрт, қызымыз Айсамал бес жыл оқыды. Олар оқуда озат болып, мектептегі мерекелік салтанатты іс-шараларды жүргізді, қалалық, республикалық пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар сайысына қатысты. Талай жарыста жеңімпаз атанып, мектеп абыройын асқақтатты. Қалалық «Парасатты отбасы» жарысында мектеп намысын қорғап, жүлдегер атанды. Қуатбек мектептің өзін-өзі басқару мүшесі болып, қалалық «Жас ұлан» ұйымының спорт саласы бойынша көшбасшысы, кейін республикалық «Жас ұлан» ұйымының вице-президенті болды. Қызымыз Айсамал мектепте алған тиянақты білім арқасында бірнеше мәрте олимпиада мен жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанып, мектеп аруы конкурсының бас жүлдесін иеленді. Оқуын «Алтын белгімен» аяқтап, ұстаздарын да, ата-анасын да қуантты. Бұл күнде екеуі де қалаған мамандықтары бойынша мемлекеттік грант иеленіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері атанды.
Жас жеткіншектің толыққанды тұлға ретінде қалыптасуына бірнеше жағдай әсер етеді. Соның ішінде балаға отбасында айтылған ғибратты әңгіме мазмұны мектептегі ұстаздардың тағылымымен сабақтасса, төңірегіне топтасқан құрбылардың пікірімен үйлессе құба-құп болады. Бұл орайда да біз таңдау жасаған мектепке дән риза болғанымызды айтқымыз келеді. Биыл ағасы мен әпкесінің жолын жалғасын және Абайдың «Баламды медресеге біл деп бердім» деген ұлағатын ұстанып кіші ұлымыз Рахымбекті де №66 мектеп-лицейіне сеніп тапсырдық.
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, парасатты директор Айтжан Ермұханқызы ашылған күннен бері басқаратын Д.Қонаев көшесіндегі біздің мектебіміз мемлекет қайраткері, кемеңгер тұлға Дінмұхамед Ахметұлы атын иеленуді тілеген екен. Бұл таңдауды осы мектептің ата-анасы ретінде біз де қолдаймыз. Елорда төріндегі №66 мектеп-лицейі Дінмұхамед Қонаев атын алса, оның түлектері көрнекті елшіл тұлғаға қарап бой түзейді, ұлтқа риясыз қызмет ету жолын жалғайды деп сенеміз.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университеті қазақ
әдебиеті кафедрасының
меңгерушісі

***

Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед ­Қонаевтың тұсында еліміздің түкпір-түкпірінде көрікті қалалар мен көркейген ауылдар пайда болды. Ел өнеркәсібі қарқынды дамып, кең-байтақ жерімізде әйгілі алып құрылыс­тар салынды.

Дінұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала тұрғызылды. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Әрине, бұл науқанның зардабы да болмай қалған жоқ. Жайылым тарылды, жер тозды, сырттан келушілер көбейді. Дегенмен Қазақстан аграрлы елге айналды, мал саны көбе­йіп, ауыл шаруашылығы өнімдері арта түсті. Бірінші басшы қызметін атқара жүріп, ол республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Атап айтқанда, электр техникалық, машина жасау, химия салалары тез дамыды. Академик Қонаевтың ғылыми еңбектері кен орындарын ашық әдіспен қазу теориясы мен тәжірибесінің аса маңызды мәселелеріне арналған. 1960-1986 жылдары Қазақстанды басқарған ол жалпы жауапты қызметтерді жарты ғасырға жуық атқарды. Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін әбден тозығы жетіп, артта қалған Қазақстанды үздіксіз дамытып, алдыңғы қатарлы индустрия­лы – аграрлық республика дәрежесіне жеткізді. Он бес одақтас республиканың ішінде Қазақстанды дамуы жағынан алғашқы үштікке шығару Қонаевтың ғана қолынан келді. Рас, Қызыл империя қыспағында отырған соң Қазақстанда ұлттық жобалар қолға алынған жоқ. Үлкен қалаларда қазақ мектептері тапшы болды, тіл өрісі кеңеймеді.
Оның есімі тарихта кішіпейіл басшы ретінде де қалды. Қарапайым ғана жағдайда өмір сүріп, жұмысына жаяулатып баратын ол есесіне халқының жайын көп ойлады. «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Панаң да – ел, данаң да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген сөзі оның өмірдегі басты ұстанымына айналды. Сол ұстанымына адал болып өткен тұлғаны ел тірісінде-ақ құрмет тұтты. Турашыл, кішіпейілдігі, мәдениеттілігі жайында ел тамсана әңгімелейтін өз заманының бірегей перзенті атанған ол елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Сондықтан Қонаев атын мектепке біреумен шектелмей, қайраткер есімімен қала, кентті атасақ, ел тілегі қабыл болар еді…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × four =