«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қолжетімді баспанаға» кімдердің қолы жетеді?

0 218

Қазақтың «бас ауруына» айналған баспана мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп барады. Әсіресе, ауылдан қалаға қарай ағылған жастардың қолы шектеулі шаршы метрлерге де жетпей жүр. Жалақысы жан бағысынан аспайтын жастардың дені артылған аздаған ақшаларын тек жалдамалы пәтерлердің иелеріне ұстатқаннан басқа амалдары жоқ. Халықтың етінен өтіп, сүйегіне жеткен бұл мәселені шешуге ешкім пейіл емес. Баспана мәселесін шешуге бағытталған бағдарламалар бірінен кейін бірі пайда болып жатқанымен, олардың да қара халыққа пайдасы аз болып тұр.

Осы қаптаған бағдарламалардың арасынан «менмұндалағаны» мемлекеттік қолдау есебінен 2012 жылы шілде айында жарияланған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы болды. «Қазақстан тұрғын үй құрылысы жинақ банкі», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» және «Самұрық-Қазына» тұрғын үй қоры сынды үш бірдей оператор-компания арқылы орындалатын бағдарламадан көп ел үміт күтті. Бірақ ол жастарды қарық қылды ма? Баспана мәселесі шешілуде деп айта аламыз ба? Гәп – сонда. Тұрғын үй кезегіне алудың да талаптары аз емес. Бұл бағдарламаға қатысу үшін жергілікті әкімдікке барып, баспанаға мұқтаж адамдардың кезегіне тұру керек. Ең алдымен бұл кезекке тұру үшін құжат тапсыруға елордада аз дегенде үш жыл тұрақты тіркеуде тұрған болуың керек. Екіншіден, бағдарлама аясында таратылатын үйлер 15 жылға дейін жалға беріледі немесе сатылады. Үшіншіден, осыған дейін банктердің қара тізіміне ілінген болсаң, жалақыңның мөлшері отбасы шығынынан аспайтын болса, бұл қуаныштың ауылы алыс. Оның үстіне «Қолжетімді баспана-2020» бағдарлама аясында үй алудың кезегінде тұрғандардың қатары осы бағдарлама аясында салынатын үйлердің көлемінен 10 есе асып та кетуі мүмкін екенін биліктегілердің өздері алға тартқан болатын. Осыдан кейін әлеуметтік баспана тапшылығын жою үшін әлі талай жобаның керектігін айтпай көр.
Мәжілісмен Азат Перуашев жыл басында қалаларда үйсіз жүрген ауыл жастарына асханасы мен әжетханасы ортақ бір бөлмелі жатақханалар салуды ұсынды. Біз үшін де бұл ұсыныстың бәсі артық болғанын жасырмаймыз. Құлаққа жағымды, ойға қонымды, көңілге сенімді болған жылдың ең үздік ұсынысы осы деп айтуға әбден болады. «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін қазақ үшін тұрғын үй турасындағы түйткілді проблемалардың түйінін тарқататын нағыз жоба еді бұл. Жыл сайын бой көтеріп, бірақ онда кімдердің тұрып, ол үйлерді кімдердің иеленіп жатқаны белгісіз биік-биік үйлерден әр қазаққа баспана тиіп жатпағаннан кейін, депутаттың бұл ұсынысына ұмсынбай қайтеміз?!

Мұндай пәтерлерді сатып алу 40 пайызға арзанға түсетін болса, бұған астаналық мердігер компаниялар келісіп отырған болса, заманауи үлгідегі жаңа жатақханаларды неге салмасқа? Жеке пәтердің ипотекасын қалтасы көтермейтіндер үшін жатақхана салуды құнттаған Азат Перуашев: «Бұл жерде мен «ескі-құсқы» жатақхана туралы айтып жатқаным жоқ. Біз заманауи стандарттар бойынша абаттандырылған жатақханаларды салуды ұсынып отырмыз. Мұндай жатақханалар көптеген дамыған елдерде бар, олар, әдетте, жұмыссыздар немесе қоныс аударғандарға арналған. Және бұл үлгіде тек жатақханалар ғана емес, мысалға, еуропалық нормалар бойынша – бір жұлдызды қонақүйдің әжетханасы мен ас үйі – бір қабатқа ортақ. Олардың бағасы арзан болғандықтан, үлкен сұранысқа ие. Мұндай қонақүйлерді Германия, Польша, Франция, Скандинавия елдері, Жапония, Корея елдерінде көптеп кездестіруге болады. Сондықтан біз өткенге емес, өркениетті әлем қолданып жатқан тәжірибеге көшуді ұсынып отырмыз. Тіпті бай деген Германия елінің өзінде халықтың көбісі жалдамалы үйде тұрады, өйткені жекеменшік үй алуға кез келгеннің шамасы жете бермейді» деген болатын. Расы – осы!
Басқа қаланы емес, Астананы алсақ, мұндағы екі мұғалімнің бірі баспанасыз, жалақысы аз. Екі сыныпты қатар алып жүрген жүктемесі көп мектеп қызметкерінің жарты айлығы жалдамалы пәтерге кетеді. Ал олардың дені осындай қолжетімді деңгейдегі жатақханаларды алуға қуана кіріскен болар еді. Олар онсыз да жекелеген адамдардың жатақхана деп аталатын 9-12 шаршы метрлік бір бөлмелерінде 50-60 мың теңгелерін төлеп тұрып жатыр.
Бірақ бұл Перуашевтің идеясы іске аспайтын болды. Үкімет депутаттың жастарға арнап жаппай жатақхана салу жөніндегі ұсынысын қабылдамай қойды. Өйткені асхана мен әжетханасы ортақ баспаналардың кемшілігі көп екен. Мүмкін бұл мәселе қайта көтерілетін шығар?!

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды