Қолжетімді баспана үш есеге көбейеді

0 65

Кеше елордадағы үш ауданның әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері өтті. Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың биылғы алғашқы, Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердінің қорытынды есебіне қала басшысы Алтай Көлгінов қатысты. Есіл ауданының әкімі Берік Жәкеновтің халықпен кездесуі бүгін қорытындыланады.

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың биылға халыққа бес есеп беру кездесуі жоспарланған. Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысқан жиында тұрғындар тарапынан түрлі деңгейдегі мәселелер көтерілді. Қала басшысының өзі 25 сұрақты жазып алды. Бір жыл ішінде ауданда атқарылған іс көп болса, алда істелер жұмыс та аз емес. Тұрғындардың талап-тілектері ескеріліп, соның бәрі рет-ретімен шешімін табады.  АӘК 3 МЫҢ АДАМҒА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Қала әкімінің аудан тұр­ғындарымен бұл алғашқы кездесуі емес. Жаңа жылдың алдындағы кездесуінде бірқатар мәселелер көтеріліп, біразы шешімін тапты, қалғаны бас қала басшысының бақылауына алынды. Кездесуді ашып берген А.Көлгінов өз сөзінде осыны атап өтті.
– Президент Жарлығына сәйкес осындай есеп беру кездесулері жылына бір рет өтіп тұрады. Бірақ біз онымен шектелмейміз. Әр ауданның нысандарын аралаған кезде анықталған әртүрлі деңгейдегі мәселелерді сіздермен бірге шешеміз, – деген қала әкімі сөз кезегін аудан басшысына берді.
Ауданның атқарушы билігіне былтыр 4 мың адам өтініш түсірген. Тиісті талдау қорытындысында тұрғындарды әлеуметтік қолдау мен материалдық көмек көрсету, аумақты абаттандыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жағдайы көбірек толғандыратыны анықталды. Атап айтқанда, 2019 жылы әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштер 30 пайызға артқан. Соның ішінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен баспанамен қамту мәселелері көп болған.
– Атаулы әлеуметтік көмекті алуға ауданымызда 4730 отбасы өтініш түсірді. Олардың 3 мыңына АӘК тағайындалды. Міндетті әлеуметтік төлемнен басқа былтыр аудан көлемінде 2 мыңнан астам аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасыларға көмек берілді. Алматы ауданының бюджетінде осындай көмекті беруге қаржы қарастырылмаған. Бұл жерде қоғамдық қорлар, аудан кәсіпкерлері, қалалық мәслихат депутаттары белсенді түрде қолдау көрсетті. «Ізгі қадам» акциясы аясында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 600-ден астам бала үш ай бойы бірегей әдістемемен ағылшын тілін тегін үйренді. Соның ішінде жеңімпаз атанған үш бала Англияда тілдік практикадан өту үшін жолдама алды, ал екінші, үшінші орындарды алған балалар бағалы сыйлықтарға ие болды, – деді Ә. Сәрсембаев.

87 АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендерін ауқымды жаңғырту жұмыстары басталатынын атап өткен аудан әкімі бұқаралық спортты дамыту жайына тоқталды.
Ауданда 2016 жылмен салыстырғанда аулаларды абаттандыру өтініштері 35 пайызға азайған екен. Жалпы былтыр 87 аула абаттандырылған, тұрғындардың өтініштерімен 50 аулада қосымша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде абаттандырылған аулалар көрсеткіші 92 пайызға жетті. Бұл – 387 аула. Қазір абаттандыруды қажет ететін 48 аула қалды. Аудан әкімінің айтуынша, биыл тиісті жұмыстар жасалады.
– Белсенді демалыс үшін 15 қоғамдық аймақты абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл 7 гектардан астам аумақты алады. Осы жұмыс қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылады. Барлық жобаларымыз бар, мекенжайлар мен аулалар көрсетілген. Соның алты аймағы оңтүстік-шығыс аумағында, үшеуі «Күйгенжар», «Промышленный» тұрғын алаптарында орналасады. Бір гүлбақ «Сарайшық» шағын ауданында салынады, – деді аудан әкімі.

ТҰРҒЫН АЛАПТАР ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

Алматы ауданында «Промышленный», «Железнодорожный», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар», «Оңтүстік-Шығыс» аталатын алты тұрғын алар бар. Бұл елді­мекендерде жасалған жұмыстарға тоқталған әкім 9 көшеде жол жөнделгенін, 13 көше абаттандырылып, қиыршық тас төселгенін, 4 көшеге тротуар салынғанын, 4 жылы аялдама орнатылғанын айтты.
– Біздегі жолдардың жалпы ұзындығы 357 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнге ауданымызда 28 көше жарықтандырылмаған. Биыл бұл жұмысты аяқтаймыз, – деді
Ә. Сәрсембаев.

«МИЧУРИНОДА» МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

«Промышленный» тұрғын алабындағы №57 орта мектепке жапсарлас ғимарат салынғанын, «Мичуринода» жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, №29 мектептің маңында биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешені салына бастайтынын айтқан әкім «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабында осы жылы 11 көшеге асфальт төселетінін, осы тұрғын алаптағы 6 көшені кешенді абаттандырылуы жасалатынын, шет жақтағы аймақтарға желден қорғайтын 14 аялдама орнату жоспарланып отырғанын айтып өтті.
2019 жылы санитарлық тазалау жұмыстарымен ауданда 14 мердігерлік ұйым айналысты. Жаз мезгілінде бір ауысымда 380 жол жұмысшысы мен 111 техника жұмыс істеді. Қазіргі қыс мезгілінде бұған 700-ге жуық жол жұмысшысы мен 500 техника тартылды. Қыс басталғалы аудан аумағынан 1 миллион текше метрден астам қар шығарылған. Тасқынға қарсы шаралар әзірленді.

«МЫҢЖЫЛДЫҚ» АЛЛЕЯСЫ БОЙЫНДА 86 МЫҢ АДАМ ТҰРАТЫН БОЛАДЫ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тоқталған әкім соңғы үш жылда ауданда 65 көппәтерлі үй немесе 1,5 млн шаршы метр пайдалануға берілгенін атап өтіп, оларды тиісті инфрақұрылыммен қамту, ескі, апатты үйлерді сүру және олардан тұрғындарды көшіру жұмыстарынан хабар берді. Аудан аумағында жалпы 750 көппәтерлі үй бар екен. Олардың 28 автономды қазандықтарға қосылған.
– Қазіргі кезде ауданымызды дамытудың негізгі бағыты «Мыңжылдық» аллеясы аумағында құрылыс жүргізу болып отыр. Бұл аллея сулы-нулы бақжолдың жалғасы болады. Аллея аумағы 818 гектарды алады. Оның бойында 86 мың адам тұрады деп болжанып отыр. Мұндағы тұрғын үй қоры 2,5 миллион шаршы метрден асады. «Нұрлы жол» теміржол вокзалына қарай салынып жатқан бұл аллеяда қазіргі кезде көптеген үйдің құрылысы жүріп жатыр, – деген аудан әкімі түйткілдерді де жасырмады.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ» БАССЕЙН ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Сұрақ-жауап кезеңінде №26, №2 автобустар бағдарлары мәселесі көтерілді. Бұл мәселе бойынша қала әкімі Алтай Көлгінов «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиновке тиісті тапсырмаларды берді. Баланы балабақшаға орналастыру, тұрғын үй кезегі бойынша өздеріне қатысты мәселені анықтауды сұраған, әлеуметтік мәселелерді көтерген тұрғындарға сол жерде жүрген тиісті ведомство басшыларына көмектесуді сұрады.
Қобыланды батыр көшесі, 7 г мекенжайы тұрғындары атынан сөз сөйлеген Әсемгүл деп өзін таныстырған келіншек аудан әкімінің жұмысын сынады. Алтай Көлгінов туындаған мәселені анықтап, көмек беру үшін оларды сәрсенбі күні жеке қабылдауына шақырды.
Бір әжей «Қазақстан» спорт кешеніндегі бассейнге алты жыл барғанын, нысан жабылған соң ондай мүмкіндіктен айырылғанын, «Алатау» спорт кешенінде адам көп болатынын айтып, «Қазақстандағы» бассейн қашан ашылатынын сұрады.
– Биыл бассейнді жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Бұл жұмыстар бір жыл, мүмкін бір жарым жыл жүргізіледі. Нысанға күрделі жөндеу жұмыстары қажет, себебі оның жағдайы сын көтермейді. Қазір осы аумақ бассейнмен, осындай спорт кешенімен қамтылмай қалды. «Қазақстан» спорт кешеніндегі бассейнге халық, әсіресе жастар, балалар бұрын көп баратын. Тұрғындар қауіпсіздігі үшін біз оны жөндеп, іске қосамыз, – деді А. Көлгінов.

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ 48 МЫҢ АДАМ ТҰР

Талапкер ауылындағы үйі әбден тозғанын айтқан көпбалалы ана Клара Әлібаева оны әкімдіктегі тұрғын үй кезегінен алып тастағанын жеткізді. Жалпы осыған ұқсас бірнеше сұрақ қойылды.
– Тұрғын үй – өте өзекті мәселе. Қазіргі уақытта 48 мың адам үй кезегінде тұр. Тиісті бағдарлама қабылданды. Қолжетімді баспананы үш есеге көбейтеміз. Себебі, тұрғындар саны көбейіп жатыр, шын мұқтаж азаматтар бар. Әлеуметтік баспана – қолжетімді баспана біздің басымдығымыз. Заңсыз ешкімге үй бере алмаймыз. Кезекті интернеттен көруге болады. Түсінбестік туындамас үшін азаматтар құжаттарына мұқият болуы керек. Біз база арқылы бәрін тексереміз. Үйі бар ма, кімнің атында. Кезекке тұру үшін адамның атында үй болмау керек, – деді
А. Көлгінов.
Жалпы кездесуде үлескер­ліктен бастап, қоқысты сұрыптауға дейін әруалуан бағыттағы мәселелер көтерілді. Солардың басым бөлігіне қала әкімі жауап берді. Бүгін Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсенбаев №63 орта мектепте тұрғындар алдында есеп береді. Ал қала басшысы Алтай Көлгінов Есіл ауданы әкімінің қорытынды есеп беруіне қатысады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − nine =