©2020 Астана Ақшамы
«Қолжетімді баспана» — қолайлы мүмкіндік
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы өз жұмысын бастады. Астана қаласында бағдарлама аясында 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі бойынша қазірдің өзінде 420 пәтерлік бір нысан пайдалануға берілді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 208 пәтерлік екінші нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасында тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесіне қатысушылар үшін мемлекет шаршы метрі 120-дан 143 мың теңгеге дейін пәтер салып, соны 4,5-5 пайыздық мөлшерлеме шамасында несиеге береді. Сонымен қатар, пәтердің сатып алу бағасының елу пайызы банкте жинақталған қаржы есебінен жүзеге асырылады.
Қала басшысының айтуынша, 2013 жылдың соңына қарай 997 пәтерлік тағы да төрт нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Алдағы уақытта осы бағдарлама бойынша салынатын үйлердің саны тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі бойынша баспана алуға тілек білдірушілердің сұранысына байланысты болады.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша, кезекте тұрған әлеуметтік қорғалатын санаттағы азаматтар мен бюджет қызметкерлері үшін арендалық тұрғын үй құрылысын жүргізу, оларға арнап 430 пәтерлік баспана құрылысы жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың екі тобын қамтиды: әлеуметтік қорғалатын санаттағы азаматтар – ардагерлер, мүгедектер, жетімдер, кезек тәртібімен пәтер алатындар және 8 жыл өткен соң баспана сатып алуға несие алу құқығына ие болатын жас отбасылар.
Жалпы, 2009-2012 жылдар аралығында Астанада соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 219 пәтер берілген. Бүгінде пәтер алуға мұқтаж болған ҰОС ардагерлерінің барлығы баспанамен қамтылды деп айтуға толық негіз бар.
Үшінші бағыт аясында елордада қазақстандық ипотекалық компания жүйесі бойынша тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүргізіледі. Бұл бойынша баспананы 15 жылға жалға алуға болады. Жалға алудың 10 жыл мерзімі өткен соң, тұрғындарға пәтерді түгелдей сатып алуға мүмкіндік берілмек. Әкімдік таратқан мәліметке сенсек, салынатын тұрғын үй көлемінің нақты саны бүгінде жобалану үстінде.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ