Қолжетімді баспана көлемі үш есеге артады

0 22

Бас қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды баспанамен қамту. Елорда әкімдігі бұл проблеманы шешу үшін біршама істерді қолға алды. Атап айтқанда, биыл халыққа берілетін қолжетімді баспана көлемі үш есеге артады. Осы туралы және шаһардағы құрылыс мәселелері жайлы «Astana» телеарнасы мен «Elorda Aqparat» ЖШС-тің бірлескен жобасы – «Elorda Live» бағдарламасы барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов әңгімелеп берді.

БИЫЛ 8 МЫҢ ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ

– Нұрлан Жаңбыршыұлы, тұрғындарды баспанамен қамту бағытында елордада қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Баспана алу бойынша әкімдікке көп өтініштер түседі. Бұл – астана­лықтарды толғандыратын ең өзекті мәселе. Қазіргі таңда елордада тұрғын үй кезегінде әлеу­меттік әлжуаз топтары санаты­на жататын 47 мыңнан аса адам тұр. Ал бұл мәселені қолданыстағы бағдарламалар аясында жедел және сапалы шешу үшін әкімдік не істеп жатыр? Цифрларға тоқталайын: өткен жылы қолжетімді баспана болып саналатын 2900 пәтер берілді. Баспана алғандардың қатарында әлеуметтік әлжуаз санатындағылар да бар. Биыл 8 мыңдай пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр­мыз. Яғни былтырғы көлемді үш есеге көбейтеміз. Бұл – несиелік, жалға берілетін баспана. Оның айтарлықтай бөлігі пәтер кезегінде тұрған қала тұрғындарына беріледі. Келесі жылғы жоспарлар туралы айтсақ, 10 мыңнан кем емес пәтер пайдалануға береміз деп отырмыз.
– Бұл көрсеткіш ненің есебінен ұлғайып жатыр?
– Бұл мемлекеттік қолдаумен байланысты. Сіздер білетіндеріңіздей, елімізде 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Пандемия кесірінен мемлекеттегі күрделі жағдайға қарамастан, Үкіметтен зор қолдау алдық. Бұл салынып жатқан қолжетімді баспана көлемін едәуір көбейтуімізге мүмкіндік беріп отыр. Соған сәйкес 2020-2021 жылдары қолжетімді баспананың 18 мың пәтері салынады. Бұл жағдай кезектілікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ: НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ КӨШ БАСЫНДА

– Тұрғындар сұранысқа ие қандай бағдарламалар арқылы баспана ала алады?
– Бұл – елге белгілі «7-20-25» бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы қарызды рәсімдеу көрсеткіші бойынша Нұр-Сұлтан қаласы көш басында. Сондай-ақ қазір Үкімет жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосу туралы шешімге келді. Оның ерекшеліктері: қарыз 5 пайыз жылдық мөлшерлемемен беріледі, алғашқы жарна – 10 пайыз, несиелеу мерзімі – 20 жыл. Үңіліп қарағанда, әр азаматымыз, табысы ең төмен деңгейде болса да, бағдарламаға қатысып, баспаналы бола алады.
Қала тұрғындарына мына мә­се­лені жеткізгім келеді: бізде әлеуметтік әлжуаз санатындағы адамдармен жұмыс бойынша жақсы тәжірибе бар. Біріншіден, «Жанұя» отбасын қолдау институтын аштық. Мұнда әртүрлі қыз­меттерді кеңінен алуға болады: бұл – АӘК алу, балалар денсаулығы мәселелері бойынша, білім мәселелері жөніндегі кеңестер. Осы жылдың соңына дейін осыған ұқсас тұрғын үй орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Кез келген адам осы орталыққа келіп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік қолдаудың бағдарламалары арқылы қалай баспана алуға болатынын біле алады.
Ал аз қамтылған отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға былтырдан бері бес жыл мерзіміне жалдамалы баспаналар беріліп жатыр. Түсіндіріп өтейін: оқуды бітіріп, жұмысты бастаған жастарға мемлекет бес жыл мерзіміне пәтер бөледі. Олар алғашқы жарнаға жететін қаржыны жинау үшін пәтерді жалға алу ақысы ең төменгі шекте – 5 мың теңгеден бастап 8 мың теңге аралығында болып белгіленді. Осыдан кейін олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» барып, бағдарламалардың бірі арқылы ипотекалық қарыз рәсімдейді. Баспанаға ие болған соң, жалға алған пәтерді босатады. Оған басқа жастар қоныстанады. Аз қамтылған отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға өткен жылы 1500-ден астам пәтер, биыл 1000 пәтер бердік.

219 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРЛЕРГЕ КІРЕДІ

– Ескі үйлер мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Қалада сондай 100-ден астам үй бар. Бізде «Елорда даму» еншілес компаниясы жүзеге асырып жатқан қанатқақты жоба бар. Баспана салынғанда, жаңадан бой көтерген үйлердегі пәтерлердің бір бөлігі кестеге сәйкес ескі және апатты үйлердің тұрғындарына беріледі. Осы жылы осындай үйлерде қазір тұрып жатқан 219 отбасының мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Жоспарлар 2023 жылға дейін әзірленді. Осы қанатқақты жобаны іске асыруды жалғастырамыз. Ескі және апатты үйлердің мәселесін 2023 жылды қосқанда осы мерзім ішінде шешеміз бе деп отырмыз.
Белгілі бір мұқтаж адамға нақты не істеу керектігі туралы айтсам, алдымен әкімдікке өтініш беру керек. Қажет болған жағдайда, үйді техникалық тексеру тағайындалады. Егер үй апатты болып танылса, яғни 60 пайызға және одан жоғары деңгейде тозған болса, сүру туралы шешім қабылданып, оның орнына баспана беріледі.
– Өз күшімен үйлерін сүріп, орнына жаңа баспана тұрғыза алмайтын жеке ескі үйлердің тұрғындарына не істеу керек?
– Егер осындай үй иесінің көңіліне баспанасы апатты және онда тұрып жатқан адамдар өміріне қауіп тудырып отырғаны туралы күдік-күмән ұяласа, оған әкімдікке келу керек. Біз тиісті құзырлы қызметтер өкілдерімен бірге техникалық тексеруді ұйымдастырып, ескі-апатты үйлерді сүру бағдарламасы аясында оны сүру және жаңа баспана беру кестесіне қосамыз. Егер апатты ретінде үйді сүру мәселесі болмаса, онда оны Құрылыс басқармасына шақырып, бағдарламаларымыздың бірін қолдануға ұсынамыз. Мамандарымыз оған тиісті бағдарламалар аясында жаңа баспананы рәсімдеу мүмкіндіктерін, соның ішінде ипотекалық қарыз жайын жан-жақты түсіндіреді.

ИНВЕСТОРЛАРҒА «ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР» ДЕЙМІЗ

– Келесі сауал инвесторларды қызықтырар. Инвесторларды тартуға қажеттіліктеріңіз бар ма?
– Әрине, бар. Мемлекет басшысы инвестицияларды тартуға тапсырма берді. Біз мұны бірінші кезекте шешілетін мәселе ретінде қарастырып отырмыз. Жергілікті немесе республикалық бюджет мүмкіндіктеріне үнемі сене алмаймыз. Сондықтан инвесторлармен байланыс орнатуға тырысамыз. Қала әкімдігі жанында Astana Invest кәсіпорны қызмет істеп жатыр. Бұл кәсіпорын ұсыныс беру, жобаны таныстыру кезінде «бір терезе» қағидаты негізінде инвестор болуы ықтимал компаниялармен жұмыс істейді. Біз әр инвесторды қолдан жетектегендей әр инстанцияны аралатып, ол өзінің жобасына неғұрлым көп қаржы салу үшін жағдайлар жасаймыз. Әр апта сайын қала әкімінің төрағалығымен инвестициялық кеңес өтіп, онда ондаған жоба қаралады. Мәселен, өткен бір-екі күнде қала әкімі кеңес өткізіп, 40 шақты ұсыныс қаралды, тиісті шешімдер қабылданды.
Бұған қоса, инвестицияларды тартумен айналысатын «Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмыс әртүрлі салада жүріп жатыр. Бірақ негізінен бизнес, сауда орталықтары, өңдеу кәсіпорындары, ірі көпқабатты құрылыс салаларында жүргізіледі. Әр инвесторға «қош келдіңіздер» деп айтамыз, әрқайсысымен жұмыс істеуге дайынбыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + one =