Қолынан емдеу де, өнер де келеді

0 288

Балалар медбикесі Бикеш Бесімбаеваның қолынан шыққан киіз үй жабдықтары жыл сайын ­Наурызда өзі еңбек ететін Есіл ауданындағы №9 емхана ішін мерекелік көңіл күйге бөлейді. Қазір де кіріп барсаңыз, осы емдеу мекемесінің бірінші қабатында Ұлыстың ұлы күніне арнап дайындалған кішігірім көрмені көріп, қазақылықтың бір көрінісіне куә боласыз.

Туған жері Қорғалжын ауданында ол бала кезінен анасынан түрлі ою ойып, тігін тігуді, тоқыма тоқуды үйренді. Қыз бала үшін бұл, әрине, ешқашан артықтық етпейтін өнер. Сосын арман қуып сол кездегі Ақмоланың орталығы Целиноградқа келіп, теміржол медицина колледжіне оқуға түсті. 1981 жылы еңбек жолын Теміржол ауруханасынан бастады. Әр нәрсе өз ретімен, Бикеш Әбсаметқызы да оқуын оқып, қызметін жасап болған соң тұрмыс құрды. Оның бойындағы ұмыт болған қолөнерге деген бейімділік сол кезде қайта жаңғырды.
– Түскен жерім қазақылықтың иісі аңқыған өңірдің адамдары еді. Сол кезде үй алдына киіз үй тігетінбіз. Енемнен соған арналған басқұр, шашақ бау, уықтарға ілетін үзіктер, туырлықты қаптайтын сәндік баулары, бас арқан және тағы басқа заттарын тоқуды үйрендім. Оларды да­йындайтын арнайы құрылғылар болады. Ал жібін кәдімгі малдың жүнін сабап, жуып, иіріп жасаймыз. Одан бөлек, қамыстан ши тоқитынбыз, жіппен орап тоқитын да шилер болады. Қазір менің бойымдағы өнерім төрт баламның ішінде кіші қызыма берілген. Өзіне ұнаған матадан көйлектерін тігіп, киіп ала береді, – дейді Бикеш медбике.
Қазір сол тоқыған киіз үй жабдықтарының бір парасы медбикенің сандығынан жылда Наурыз мейрамында шығып, жұмыс орнында өтетін іс-шараларға көрік береді. Пандемиядан бұрын Ұлыс мерекесі елордада ашық алаңдарда еркін тойланатын кезде оның қолынан шыққан бұйымдар қойылған киіз үй емханаға жүлделі орын да алып берген кездер болды.
Денсаулық сақтау саласында, соның ішінде учаскелік балалар бөлімінде 35 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан медбике өмірін балаларсыз елестете алмайды. Өз қыздары тұрмысқа шығып, бір ұлы үйленіп, екіншісі студент атанып кетсе де, оның өмірі күн сайын учаскеге қарайтын кішкентай балалармен бірге өтіп келеді.
– Балаларды туғаннан бастап 15 жасқа келгенше емханаға қабылдау, қарау, тіркеу, дәрігер белгілеген емді жазып беру, медициналық құжаттамасын толтыру, анықтама беру жұмысы – медбикенің мойнында. Одан бөлек, жаңа босанған әйелдердің үйіне барып, патронаж жасаймыз, консультация береміз. Сондықтан бізге келетін әрбір баланы мен өз баламдай көремін, – дейді мейірімді медбике.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =