Қолөнерге қолдау қажет

0 90

Қолөнердің ұлттың тұрмыс-тіршілігінде алатын орны ерекше. Ұлттық мәдениетіміздің ең байырғы, аса құнды саласының бірі саналатын қазақ қолөнері де өзіндік даралығымен, тарихының ұзақтығымен ерекшеленеді десек, Қазақстанда бұл саланың жағдайы біз білгенде тым шіркін-ай емес. Қолы іс білетін отандастарымыз күнкөрістің қамы үшін қолөнермен айналысқаны болмаса, мемлекет пен жергілікті билік тарапынан қолөнер саласын қолдап, он саусағынан өнер тамған шеберлерді ынталандыру жағы әлі де кемшін секілді.Қолөнер – туризмге де демеу

Туризм еліміздің іші-сыртынан келетін саяхат­шыларға әртүрлі жеңілдік жасаумен және инфрақұ­рылымдарды дамытумен ғана өркендеп кетпейді. Оның саяхатшыларды өзіне баурайтын бір мазмұны сол елде мекендейтін халықтың ұлттық ерекшелігі, бөгенайы бөлек мәдениеті. Ал қолөнер мен ұлттық тағам, ұлттық киім-кешек осы мәдениетті жарқыратып көрсететін ең маңызды түйіндер саналады. Мәселен, сонау батыс елдерінің саяхатшылары Моңғолияға қазақ бүркітшілерін, қазақ киіз үйін көру үшін барса, Қытайдың Алтай, Сужу, Хотан қалаларына байырғы қаршаңғыны, Сужу кестесін, кілем тоқу мен қағаз жасаудың байырғы әдісін көруге барады. Өткен жылы Трамптың ұлының Баянөлгейде қазақ киіз үйіне түнеп шыққандағы әсерін тамсана жазғаны – соның айғағы.
Қолөнер бұйымдары бұрын күнкөрістің көзі үшін жасалса, ал қазір саяхатшылардың алдымен таңдауы түсетін бұйымдардың біріне айналып отыр. Себебі қазіргі саяхатшылардың көбі қайсы елге барса, сол елде жасалатын қолөнер бұйымдарын естелікке сатып алуды әдетке айналдырған. Әсіресе, ешқандай заманауи техниканың өңдеуінен өтпеген, байырғы қалпын сақтаған бұйымдарға сұраныс күшті. Егер қазақ қолөнеріне Үкімет жағынан қуатты қолдау көрсетіліп, шеберлер әртүрлі қолөнер бұйымдарын нарыққа көптеп шығарса, ұлттық өнеріміз де ұлықталар еді, туризмді жандандыруға жанамалай болса да пайдасын тигізер еді.

Көршінің әдісі бізге де керек

Қазір кейбір елдерде қолөнерді қолдау, қолөнерге дем беру халықтың экономикалық жағдайын жақсартудың, ұлттық өнерді ұлықтаудың бір тәсіліне айналды. Кейбір мемлекеттер байырғы бұйымдардың қолданыстан қалып, жоғалып кетуінің алдын алу үшін арнайы қаржы шығарып, қолөнер шеберлеріне жағдай жасады.
Қытайда материалдық емес мұраларды қорғаудың және оны кейінгі ұрпаққа жалғастырудың, қолөнер кәсібін демеудің әртүрлі үлгілері бар. Соның ең негізгісі – әр өнердің жалғастырушыларына мемлекеттік, өлкелік, облыстық (аймақтық), қала, аудан, ауыл дәрежесі бойынша қамқорлыққа алып, қаржылай көмек жасау. Бұған мәдениет саласының асылдарынан тартып, қолөнер саласының таңдаулы бұйымдарының көбі қамтылған. Мәселен, қазақтың киіз үй дайындау, сырмақ тігу, ұлттық киім-кешек тігу, ағаш өнері, темір өнері өлкелік, қалалық, аудандық мәдениет басқармасы жағынан байырғы мұра ретінде арнаулы тіркеуге алынып, онымен айналысатын шеберлерге қосымша қаражат береді. Оларды шәкірт тәрбиелеуге, сол кәсіптің керегесін кеңейтіп, тұрмыс жағдайы төмен азаматтарды жұмысқа тартуға шабыттандырады. Мемлекеттен өсімсіз немесе төмен өсімді қарыз да беріледі. Қытайдың қай қаласына барсаңыз да қолөнер орталықтары, қолөнер шеберлерінің көшелері бар. Барлық қолөнершілерді бір араға жинап, өндіру мен сатуды өзара ұштастырған жаңаша базар үлгісін қалыптастырған. Ол базар сол өңірдің туристерді тартатын маңызды түйіні саналады. Туристік компаниялар да өздері қабылдаған туристерді міндетті түрде сол араға бастап барады.
Өзбек елінде де қолөнершілерге көптеген қолайлықтар жасалған. Атап айтқанда, шеберлер «Хунарманд бірлестігіне» (қолөнершілер қауымдастығы) мүше болғаннан кейін салықтан босатылады, сонымен қатар үкіметтен төмен өсімді қарыз беріледі. Шәкірт тәрбиелесе, үкіметтен қосымша қаражат алады. Үлкен қалалардың көбінде қолөнер шеберлерінің орталықтары, көшелері бар. Бұл елде қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері көп өткізіледі. Былайша айтқанда, бұл ел ұлттық ерекшелікті, ұлттық қолөнерді туризмді дамытудың бір тәсілі ретінде пайдаланып отыр. Өзен бойларына, көл жағаларына қазақ киіз үйлерін тігіп, этноауыл жасап, сонымен де туристерді тартуда.

Нұр-Сұлтан да қолөнерді қолдаса…

Нұр-Сұлтан қалалық шеберлер қоғамының төрайымы Рауза Жәкенқызының айтуынша, астанамыздағы шеберлердің өздері ерікті түрде ұйымдасып, шеберлер қоғамын құрғанына 2 жылдан асыпты. Содан бері бас қалада өткен іс-шараларға қалмай қатысып келе жатқан бұл ұжым қала әкімшілігіне шеберлер үйін ашып беру жөнінде өтініш те жасапты. «Қазақтың қолөнерін қолдау қажет. Қолөнермен айналысатын шеберлерге ешқандай қолдау көрсетілмесе, олар өнерді тастап басқа кәсіпке кетсе, ертең оны ұрпаққа кім жалғайды?! Демек, қолөнерді қолдау, ұлттық құндылықты қорғау деген сөз. «Pata» көрмесі кезінде осы мәселені қала әкімі Алтай Көлгіновке де айттым. Ол кісі де қолөнерді қолдау қажеттігін айтып, бізді ынталандырып кетті» дейді Рауза Жәкенқызы.
Рауза апайдың айтуынша, бас қалада қолөнершілердің арнаулы орталығы жоқ, тек ескі қалада 20 шақты шағын дүкені бар, оның өзін көп адам біле бермейтін көрінеді. Демек, астанамыздан арнаулы қолөнер орталығын ашып, ол араға шеберлерді шоғырландырып, қазақ қолөнерінің дамуына мүмкіндік жасайтын кез келді. Өйткені қазір Арқаның ару қаласы – Нұр-Сұлтанды көруге келетін саяхатшылар аз емес. Қалаға келген туристердің қазақ ұлтының тағамын таңсық көріп жейтіні, қолөнер бұйымдарын қызық көріп сатып алатыны анық.
Тағам демекші, өткен жылы өткізілген «Рata» көрмесі кезінде қазақтың қымызын тұңғыш рет ішкен Жапония азаматы Койзмидың сөзі де бізге біраз ой салды. «Қазақтың қымызын татып тұрғаным – осы. Керемет тағам екен. Аудармашы қыздардың айтуынша, ол адам ағзасына аса апайдалы, өте құнарлы сусын сияқты. Бірақ бұл сусынды шетелдіктердің көбі білмейді. Нұр-Сұлтан – әсем қала, бірақ ұлттық ерекшелігі аз, асхана, қонақүйлерінің бәрі батысқа еліктеп кеткен. Негізі, мен Қазақстаннан қазақ ұлтының ерекшелігін көріп, қазақ ұлтының тамағын жегім келеді. Барлық туристер үшін ол қызық емес пе?! Адамзат өркениетін бір арада тоғыстырған дұрыс та шығар, бірақ өңірлік, ұлттық ерекшелік деген – ол туризмнің маңызды түйіні» дейді ол.
Қолөнершілердің арасында қазақтың байырғы бұйымдарын жаңғыртып, осы замандық үлгіге бейімдеп, әсемдік, тұрмыстық бұйымдар жасап жүрген шеберлер де бар. Солардың бірі – киізден әсемдік бұйым жасап, жұрт назарын аударып жүрген Мереке Сағатқызы. «Киіз қазақ тұрмысында өте маңызды рөл атқарған. Төсенсе сырмақ, кисе киім болған сол киіз жаңа дәуірде қолданыстан қалып барады. Алайда киізде біз біле бермейтін қасиеттер көп. Мен киіздің сол ерекшеліктерін ескере отырып, әсемдік бұйымдар жасадым. Жұрт жылы қабылдады. Алайда өндіріс көлемін кеңейтуге мүмкіндігім шектеулі. Қаржы тапшы. Бұл жағдай – қазір көп шеберлердің басында бар мәселе. Егер Үкімет жағынан қолөнерге қолдау жасалып, қаржылай демеушілік жасалса, кәсібіміз жанданар еді, жұмыссыз жүрген көпбалалы аналарды да шамамызша жұмысқа тартар едік» дейді Мереке.
Біз осы материалды жазу барысында біраз шеберлермен әңгімелестік. Олардың көбі бас қалада ыңғайлы орын табудың мүшкілдігін, орын жалдау ақысының қымбаттығын жеткізді. Шеберлер орталығын немесе қолөнер көшесін ашып, Үкімет тарапынан аздап қолдау көрсетілсе, қолөнер саласы да өрге шыға келер еді дейді шеберлер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × five =