Қолдан келгенді жасадық

0 17

Елордадағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың аға медбикесі Әлия Тәжібаева карантиндік стационардағы жұмысы туралы айтып берді. Ол індетпен күрес жұмыстарына 2020 жылдың наурыз айынан бастап тартылды. Медбике уақытша тұрған «Рамада Плаза» қонақүйі провизорға айналдырылыпты. Әлия Шерниязқызы сол жерде шілде айына дейін жұмыс істеген.«Жазда науқастар өте көп болды. Түрлі жастағы пациенттер келді. Олардың арасында жағдайы тым мүшкілі де кездес­ті. Жақындарына хабарласып, өмірмен қоштасып жатқандарына да талай рет куә болдым. Көп нәрсе біздің жұмысымызға байланысты еді. Яғни емдеу тәсілі мен дәрігердің белгілеген ем-домы ғана емес, эмоциялық тұрғыдан да науқастарға дем беруіміз керек болды. Әр пациенттің көңіл күйін көтеріп қана қоймай, күш-жігер беріп, болашағына сеніммен қарауы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Мұндай жағдайда олардың көңілі көтеріңкі болмасы анық. Дегенмен дәрігерлердің де робот емес, адам екенін ұмытпаған жөн. Біздің де отбасымыз, мойнымызға жүктелетін жеке шаруаларымыз бар. Бірақ біз бәрін тастап, күндіз-түні нау­қастардың жанында болдық. Ауа өткізбейтін, ыңғайсыз қорғаныс киімдерімен тәулік бойы жүру өте қиын еді. Соның бәріне шыдадық» дейді аға медбике.
Бұл салада Әлия Тәжібаеваның еңбек етіп жүргеніне 23 жыл болды. Ол 2008 жылдан бастап №3 көпбейінді қалалық ауруханада қызмет етіп келеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =