Қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз

0 18

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Бейнеконференция режимінде өткен кездесу барысында коронавирус індетіне қарсы тұрудың стратегиялық мәселелері, сондай-ақ елдің экономикасын қалпына келтіру және елдің дағдарыстан кейінгі даму мәселелері қаралды.Елбасы жаһандық қауіп-қатер өте алаңдатарлық сценарий бойынша дамып келе жатқанын атап өтті. «Коронавирустың салдары әлемдік экономиканың аса маңызды жүйелеріне әсер етеді. Халықаралық валюта қорының сарапшылары «Ұлы карантин» туралы айтып, оны ұлы депрессиямен салыстырады. Олардың айтуынша, жан басына шаққандағы кіріс 170 елде төмендейді. Экономикасы әлсіз елдер қатты зардап шегеді. Сарапшылар осы тоқсанда пандемия мен экономикалық дағдарыс шыңына жетеді деп болжайды. Бұл өнеркәсіптік өндірісінің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең терең құлдырауы болады деп күтілуде» деді Тұңғыш Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев жақын болашақта әлемнің барлық мемлекеттері қиын сынақтарға душар болатынын және одан Қазақстанның да тыс қалмайтынын атап өтті. «20 сәуірде тарихта тұңғыш рет мұнай бағасы күрт арзандады. Әлемдік нарықтардан тепе-теңдік кетті. Пандемия мен өндірістің жаппай құлдырауынан кейін әлемдік қаржы дағдарысы болады. Келесі кезең жаһандық азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін. Бұл шиеленістер мен қақтығыс­тарға әкеледі» деді Елбасы.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қазақстанның қазірден бастап қабылдаған уақытылы және нақты іс-шаралары қиын кезеңді сәтті еңсеру жолында маңызды болатынын атап өтті. «Мемлекет басшысы мен Премьер-министр дағдарысқа қарсы барлық қажетті шешімдерді қабылдады. Елде төтенше жағдай енгізілді, карантин режимі қосылды. Мен ел азаматтарын төтенше жағдай кезіндегі барлық талаптарды орындауға шақырамын. Біздің тарихымызда дағдарыстар бірнеше рет болды. Бірақ бұл – ерекше дағдарыс. Біз әрбір қазақстандық мемлекет қолдауын сезінуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Алайда енді бірнеше қадамға алға қарау керек. Әлем енді бұрынғыдай болмайды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент мемлекет пен қоғамның барлық саласында күтілетін өзгерістерге тоқталды. «Біріншіден, барлық ел қазір өздерінің экономикалық стратегияларын қайта қарастыруда. Енді өзін-өзі толықтай қамту, өзіндік меншік ресурстарына иек арту, өндіріс пен қаржы жүйесінің сенімділігі басымдыққа айналады. Екіншіден, салалық жаңа басымдықтар қалыптасады. Тиімсіз секторлар жоғалады. Бірақ басқалары көшбасшылық тізгінін алып, экономиканы алға сүйрейді және адамдарға жұмыс береді. Үшіншіден, барлық ауқымды дағдарыстар технологиялық және экономикалық әлемдік тәртіп циклінің өзгеруімен байланысты. Қазіргі ескі модель күйреуде» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін барлық қажетті ресурстарға ие екенін атап өтті. «Өткен жылдары біз шикізатқа тәуелділікті азайту үшін көп жұмыс жасадық. Сондықтан дамудың барлық негізгі бағдарламалары – индустрияландыру, шағын және орта бизнес, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылды. Осы мақсатта орасан ресурстар бөлінді. Біз Ұлттық қорға айтарлықтай қаражат жинадық. Ол қазір дағдарыс кезінде елді құтқаруда, онда да мұнысы бірінші рет емес. Бірақ оның да шегі бар, оны үнеммен, төтенше жағдайларда қолдану керек» деді Елбасы.
Сонымен қатар Н.Назарбаев әлеуметтік-экономикалық даму барысында бірегей тәсілдерді қолданудың маңыздылығын атап өтті. «Біріншіден, дағдарысқа қарсы шаралар кешені іске асырылуы керек. Барлық қолдау бизнес пен қоғамға тез жетуі үшін әрбір теңгенің жұмсалуын бақылауға тиіспіз. Қазір экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын іске қосу қажет. Біздің негізгі салаларымыздың, болашақ экономикамызды және қалалар мен ауылдарды, әлеу­меттік сала, қаржы жү­йесін дамытудың басты бағыттарын анықтауымыз керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + seven =