Қол қусырмай, қор жинайық

0 96

Президент зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы заң жобасын қайтарғанда, осынау әлеуметтік, экономикалық маңызы бар өзгерістің түпкі мәнін қарапайым халыққа жеткізе алмағаны үшін Үкімет пен Ұлттық банкке кінә артты. Үкімет заң жобасын Парламентке ұсынбай тұрып, халыққа түсіндіру жұмыстарына көбірек мән беру керек еді… 

Заңды талқылау барысында халықпен кездесулер өткіздік. Үкіметтің сойылын соғайын деп емес, жан-жақты зерделей отырып, анағұрлым тиімді шешім осы екеніне көзіміз жеткеннен кейін көпшілікке үгіттеуге атсалыстық. Байыппен түсіндірсе, халық ақылға келеді екен. 

Зейнетақы жүйесін күндердің күні реформалау қажеттігі бүгін ғана туындаған мәселе емес, 1998 жылы «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң күшіне енгелі бері белгілі болды. Өздеріңіз білесіздер, зейнетақымен қамсыздандыру үш бағыттан тұрады. Біріншісі – базалық зейнетақы немесе «президенттік» деп айтамыз, екіншісі – мемлекеттік бюджет есебінен қарастырылатын ынтымақты зейнетақы, үшіншісі – міндетті жарналардан, ерікті салымнан, жеке ерікті кәсіби зейнет салымының жинағынан төленетін зейнетақы. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін ең кемі алты ай жұмыс өтілі бар адамдар қазір ай сайынғы ынтымақты зейнетақыға иек арта алады. Бірақ, уақыт өткесін, оның саны қысқара береді. Мысалы, қазір әйелдердің 17 пайызы ынтымақты зейнетақыға толық қатыса алмайды. Неге десеңіз, еңбек өтілі жетіспейді. Ынтымақты зейнетақы толықтай төленуі үшін әйелдерде кемі 20 жыл, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтілі болуы керек. Нақты болжам бойынша, бұл тек 2018 жылға дейін жалғасады, яғни, ендігі жас, жасамыс жандар болашақта тек ең төменгі зейнетақы мөлшері мен жинақтаушы қорына салған ақшасын сай зейнетақы алады. Сол себепті, қарапайым халық заңды тәмпіштеп оқуы керек еді. Ал, жергілікті атқарушы органдар оларды егжей-тегжейлі таныстыру керек еді. Бірақ, жоғарыдан қозғау болмады екен деп, ол жайында ашып айтпаған. Президенттің заңды қабылдауды төрт жылға шегеруі әділ шешім деп ойлаймын. Халыққа түсіністікпен қарап, зейнетақы төлемінің тапшылығына экономикадан қосымша резерв қарастыруды тапсырды. 

Бұл – баршамызға берілген мүмкіндік. Қол қусырып қарап отырмай, жұмыс істеуіміз керек. Нәпақамыздың белгілі бір бөлігін жинақтаушы зейнетақы қорына салып, уайымсыз-қайғысыз қарттығымызға өзіміз кепілдік жасайық. Өздеріңізге мәлім, қолданыстағы зейнетақы жинақтау жүйесінің үлкен кемшілігі – міндетті салымдардың тұрықсыздығы мен жартыкештігі. Қазір бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жататын 2 млн 700 мың адам бар. Солардың бір миллионға жетер-жетпестейі ғана зейнетақы салымын бірде салып, бірде салмай отыр екен. Сондай-ақ, көптеген жұмыс берушілер зейнетақы қорларына ақша аудармастан, жалақыны қолға береді. Халықтың осы бір бөлігі жасы жеткенде мемлекетке алақан жаймас үшін, сонымен қатар, қаржы тапшылығы туындамас үшін жаңа заңда бірқатар өзгерістер ұсынылды. Мәселен, жұмыс берушілердің еңбеккерлер алдындағы жауапкершілігін арттыратын, салықтық әкімшілік ету, ерікті зейнетақы жарнасын уәждемелеу арқылы өз бетінше еңбек ететіндерді зейнетақы жүйесімен қамтитын жолдар көрсетілді. Мұның бәрі дұрыс. Оған қоса, кеше Президент бала күтімімен демалысқа шыққан әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен көмектесу, 10 пайыз міндетті салымға жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 пайыз қосу, сосын оның мөлшерін кезең-кезеңімен 5 пайызға өсіріп отыру туралы ұсыныстар айтты. Парламент заңды қайта қараған кезде, осыларға мән беретін болады. Тек өзіміз ғана емес, келешек ұрпағымыз лайқатты зейнетақы алсын, Қазақстанның әлеуметтік тұрақтылығы шайқалмасын десек, жас-кәріміз түгелдей еңбектеніп, зейнетақы қорымызға ақша құюдың қамына кірісуіміз керек.

Майра АЙСИНА,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Әлеуметтік-мәдени даму
комитетінің мүшесі

Жаңаша көзқарас қажет

Мемлекет басшысы зейнетақы реформасы мәселелері жөнінде мәлімдеме жасап, Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Президент Үкімет пен Ұлттық Банк іс-әрекетінің олқылығын баса көрсетіп, қоғам үшін маңызды құжатты Парламенттің қайта қарауына жіберді. Елбасының бұл шешімі – мәселенің түйінді тұстарын қайта қарауға мүмкіндік беріп отыр. 

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер, соның ішінде әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін ұзарту халық арасында қызу пікірталас туғызғаны белгілі. Тиісті ақпараттық-насихат жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуі салдарынан жаңа реформаның түпкі, әлеуметтік мәні қалтарыста қалды. Әрине, әлем алдында тұрған мәселелерден біздің ел де айналып өтпейтіні белгілі. Алдағы онжылдықтарда планета тұрғындарының жаппай қартаюы мәселесі биік мінберлерден айтылып жүр. Бұл – нақты дәйек. Көптеген елдер зейнет жасын ұлғайту себебін осымен байланыстырады. Оның мысалы да жеткілікті.

Бұл жерде бізге де ескеретін жайттар бар. Соның бірі – әйелдердің қоғамдағы орны мен әйел еңбегін бағалауда жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттігі. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптерінде, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесінде бұл көрініс табуы керек деп ойлаймын. 

Елбасы Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды. Демек, Елбасының ұстанымдары ескерілетін жаңа жоба – халық қамы мен мүддесін көздеген өміршең құжат болуы тиіс.

Светлана ИМАНҚҰЛОВА,
Қазақстан Республикасы Мәдениет,
спорт және ақпарат қызметкерлері
кәсіподағы федерациясының
төрайымы

Қиын түйінді тарқатты

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зейнетақы реформасына байланысты өз пікірін білдіріп, Парламенттің қайта қарауына жібергені бізді, зейнет жасына жақындап қалған әйелдерді қуантты. Өйткені, денсаулықтарымыз сыр беріп, жас кезіміздегідей жүгіріп, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей тұр.

Зейнетақы реформасын жасау өте маңызды екенін түсінеміз. Өз тарапымыздан 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығатын жасын ұлғайтуға насихат, түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілгенін қалаймыз. Себебі, көпшілік осы реформаның нақты мақсатын түсінбей жатқан секілді. 

Президентіміздің байламы – біздің қамымызды ойлағаны, әйелдерге жаны ашығаны деп білемін. Қиын түйінді тарқатып берген Елбасымызға мың алғысымды айтамын.

Е. Жұбатқанова ,
№ 1 қалалық емхананың дәрігері

Еңбек жағдайымыз ескеріледі

Ата заңымызға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған. Осыған байланысты адамдардың кез келген салада еркін еңбек етуіне және еңбегіне заңмен белгіленген аз мөлшерден кем болмайтындай ақы алуына мүмкінік беретіндей кең көлемді әлеуметтік-экономикалық құқықтар көзделеді. Осы орайда Елбасының зейнеткерлікті реформалау мәселесіне қатысты жасаған мәлімдемесі қоғам асыға күткен шешім еді.

Аталмыш мәселеге қатысты қоғамда әр түрлі көзқарастар пайда болды. Кейбір азаматтар зейнеткерлік жасын көтеруді зейнетақы жинағының көбеюі ретінде қарастырып, болашақта балаларына көмек бере алатынына сенім ретінде қабылдады.

Қазіргі таңда халықтың өмір сүру деңгейі біршама жақсарды. Дегенмен, қоғамның көпшілігі зейнетақы мәселесінің асығыс шешілуіне қарсы болды. Өйткені, азаматтарды еңбекпен қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау сияқты басқа да түйткілді мәселелер орын алатыны белгілі. Ең алдымен қажетті жұмыс орындарын қалыптастырып, азаматтардың жұмысқа орналасуын ойластырып, сосын барып зейнеткерлік реформаны жүргізу мәселесін қою керек еді. Елбасы заматтардың зейнетке шығу жасын өсірудің мерзімін 2018 жылға қарай ұсынып, зейнеткерлік жасты белгілеуде еңбек жағдайын және кәсіптердің әртүрлілігін ескеріп, жікке бөлу амалдарын қарастыру мәселесін өте әділетті қойып отыр. 

Сонымен қатар, заң жобасында ұсынылған зейнетақы қорларын жетілдіру тәрізді кейбір тетіктер әлі де жетілдіруді қажет етеді. Елбасының оңтайлы ұсынысынан кейін заң жобасын әзірлеушілер, ғалымдар, сарапшылар, әртүрлі құрылымдар мен мекемелер дұрыс шешімге келеді деп ойлаймын.

Жамаладен ИБРАГИМОВ,
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің доценті

Шетін мәселенің шешімі

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына зейнетақы реформасының мәселелері жөніндегі Үндеуін жариялады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерде стратегиялық маңызы бар реформалар түбінде жүзеге асырылады. Себебі, кез келген реформа сол елдің мүддесінен туындайды және сол елге қызмет етуді көздейді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Елбасының зейнетақы реформасы туралы шешімі өте орынды болды және халықтың жүрегіне жақын шешім болды деп есептеймін.

Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «осы тұста ойыма Наполеонның «Мен кеңесшілерімді тыңдаған кезде ғана жаңылыстым, бірақ, шешімді өзім қабылдағанда қателескен емеспін» деген бір қанатты сөзі еске түскені бар. Бірақ, ол басқа заман, басқарудың басқа мәнері еді. Біздің заманымызда да шешім қабылдау, әрине, өте күрделі. Ал, өзге мемлекеттердегі сияқты әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ерлермен теңестіру туралы Заң жобасын қабылдауға қоғамның әлі де дайын еместігі байқалды. Президент шешімі осы мәселені оңтайлы реттеуге бағытталғаны анық.

Күлпаш Ілиясова ,
Мемлекет тарихы институтының жетекші
ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − two =