ҚОЙМАДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖЕТКІЛІКТІ

0 159

_MG_0856

Сейсенбі күні Астана қаласы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссия «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты көкөніс қоймаларының жай-күйімен, ондағы әлеуметтік маңызды тауарлар қорымен танысып шықты. Комиссияны қала әкімінің орынбасары Ерсайын Нағаспаев басқарып барды.

Елорданың даму қарқынына сәйкес тұрғындарының саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Халық саны өскен сайын тұтынатын тауарлардың мөлшері де өсе түсті. Тұрақтандыру қорына азық-түлік елге тапшылық пен қымбатшылықты сезіндірмеу мақсатында толтырылады. Бүгінде онда отандық өндірушілерден 5 мың тоннадан астам өнім сатып алынды.

«Astana» корпорациясының басқарма төрағасы Қайрат Жаңабергеновтің айтуынша, қалада 25 көкөніс қоймасы бар. Алайда, тұтынушылардың қажеттілігін өтеу үшін бұл аз. Сондықтан тағы осыншама қойманың құрылысын жүргізу жос­парлануда. Әлеуметтік маңызды тауарлар қазірде жұмыс істеп тұрған қоймалардан елордадағы 40-тан астам сауда орындары мен 22 сауда желілерінің сөрелеріне жеткізіледі.

Комиссия екі қойманы барып көрді. Олардың бірі Көктал кентінде орналасқан. Голландиялық жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған бұл нысан 5 мың тонна көкөніске шақталған.

Екінші қойма «Астана – жаңа қала» индустриалды парк аума­ғында, Байырқұм көшесінде орын тепкен. Алдыңғысына қарағанда үлкендеу болып келетін мұнда
8 тонна көкөніс сақтауға болады. Бұған қоса, осында қант, күріш, қа­рақұмық жармасы, ұн, өсімдік майы сынды халыққа қажет тауарлар тұр. Жалпы алғанда, әлеуметтік ма­ңызды тауарлардың тізіміне енген азық-түліктің 10 түрі де бар. Оларды қоймада 9 айға дейін сақтауға болады.

– Қыс пен көктем мезгілдерінде бағаны ұстап тұру мақсатында қой­маларымызды азық-түлікпен тол­ты­рып жатырмыз. Желтоқсан айынан бастап қазірде қорда бар 5 мың тоннадан аса өнімді сатылымға шығара бастаймыз. Осыншама азық-түлік
2,5 айға жетеді. Біздің жобалауы­мызша, жылдағыдай Жаңа жыл ал­дында бағалар шарықтауы мүмкін. Біздің мақсатымыз – соған шамамыз жеткенше жол бермеу. Содан кейін көктемде де бағалар өседі деген болжам бар. Қала бюджетінен әлеуметтік маңызды тауарларды сатып алуға қосымша 200 млн теңге бөлінді. Сондықтан, қаңтар-ақпан айларында тағы да азық-түлікті са­тып алуды жүргіземіз. Көктемде базар­ларда отандық өнімдер аза­йып, сөрелерді Қытай, Пәкістан мен Иран­нан келетін тауарлар жаулайды. Әрине, импорт болғаннан кейін олардың бағасы да жоғары болады. Осы кезеңде бағаның реттелуіне біздің азық-түліктеріміз әсер етеді, – дейді Қайрат Жаңабергенов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + six =