Қоғамның өзекті мәселелері қамтылды

0 19

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең қастерлі құндылығымыз Тәуелсіздік екенін атап өтті. Еліміз төрткүл әлемге танылды. Бірлік, келісім орнады. Қазіргі мақсатымыз – ұлт рухын нығайту, халықтың әл-ауқаты мен жастардың болашаққа деген сенімін арттыру.

Мемлекет басшысы бүгінгінің өзекті мәселелеріне тоқталып, осы мәселелерді шешу жолдарын көрсетті. Бұл – пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік сая­сатты жетілдіру, саяси жаңғырту және адам құқықтарын қорғау.
Мұғалім ретінде мемлекет педагог мәртебесін арттыру және өскелең ұрпаққа сапалы білім беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өткім келеді. Бұл педагогикалық мамандарының санының өсуіне әсер етті, қазақстандық оқушылар халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды, дарынды балалар мен осындай балаларды тәрбиелеген педагогтарға қолдау көрсетіліп тұрады.
Мұғалімнің алдында үлкен міндеттер тұр. Бұл – жаһандық өзгерістер жағдайында білімді жаңартып үлгеру. Себебі түлек еңбек нарығына шыққанға дейін алған мамандығына сұраныс азаюы мүмкін. Осыған байланысты мұғалімдерді қайта оқытуды 5 жылда емес, 3 жылда бір рет жүргізу ұсынылды. Бұл жағдайда қайта оқыту тегін болуы керек. Осы мүмкіндік мұғалімдерге бір қадам алда болуға және тренд қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде тағы бір өзекті міндет – қашықтан оқыту нәтижесінде пайда болған білім алушылардың білімдеріндегі елеулі олқылықтардың орнын толтыру. Мектептерде білімдегі олқылықтарды толтыру бойынша жұмыс алгоритмдері әзірленді: психологиялық бейімделу, жеке қолдау көрсету үшін оқушылардың қажеттіліктерін зерделеу, сараланған тапсырмаларды іріктеумен жеке оқыту жоспарларын әзірлеу және жұмыстың басқа да нысандары мен тәсілдері. Ал жалпыға міндетті оқыту шеңберінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды дәстүрлі қолдауды «цифрлық мұғалім» білім беру жобасымен толықтыру ұсынылады.
Мектептерде орын жетіспеушілігі проблемасы бар. 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы бұрын қойылған міндет енді жеке секторды тарта отырып, 1000 мектепке дейін ұлғайтылады.
Президенттің жоғары білім беру сапасын арттыруға, ерте кәсіптік бағдар беруге және болашақ мамандықты таңдауды ұғынуға, сұранысқа ие мамандықтар бойынша техникалық және кәсіби білімді 100 пайыз тегін беруге де назар аударғаны қуантады.
Жалпы Президенттің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында қоғамның ең өзекті мәселелері қамтылды, нақты қадамдар, нақты ұсыныстар берілді, қойылған міндеттерді іске асыру бойынша проблемаларды шешу үшін қажетті жобалар ұсынылды.

Алмагүл СЕГІЗБАЙ,
Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатының депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 20 =