«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоғамға қауіпті қаржы пирамидасы

0 53

Кейінгі кезде қоғам­да қаржы пирамидалары туралы жиі еститін болдық. Бұл қазір тиімді инвестицияларды имитациялайтын алаяқтықтың ең астыртын түрі болып отыр. Жыл сайын мың­даған адам осындай халық­тың үстінен күн көре­тіндердің «құры­ғына» ілініп, бар жиған-тергендерінен айырылып жатады.

пирамида

 

Өткен жылы ломбардтар желеуімен осындай алаяқтар бүкіл ел бойынша мыңнан аса азаматтың мүлкі мен ақшасын алдап-арбап алуға тырысты. Шығын бірнеше миллиард теңгенің үстіне шықты.

«Қаншама үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе де, қайта-қайта ауыздары күйсе де неге адамдар осы арбау­шылардың қақпанына түсіп қала береді?» деген заңды сұрақ туындайды. Біріншіден, бұл жерде ондай құрылым құрған адамдар психология­лық жағынан мықты дайындалған, адамдармен сөйлесе алатын, олардың «жанды жерлерін» білетін иненің көзінен өткен жылпос болып келеді. Екіншіден, біздің азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейі төмен. Үшіншіден, олар үнемі табысы төмен, сонымен бірге сенгіш адамдарды іздейді. Міне, осындай мүмкіндікте олар үнемі табысқа жетіп, көздеген мақсаттарын жүзеге асырып отырады.

Енді қаржы пирамидасының бүгінгі күні кездесіп отырған түріне тоқталайық.

Ең бірінші, көпдеңгейлі пирамидалар, желілік маркетинг қағидаты ойластырылған пирамидалар, мессенджерлерде шақыру жіберу арқылы белгілі бір сызбаны пайдаланатын пирамидалар, эксклюзивті клубқа қатысуға (мүшелікке) шақырып, уәдені үйіп-төгетін пирамидалар.

Бұлардың барлығы да үстеме ақшамен қызықтырып, уәдеге қарық қылады.

Негізі әрбір пирамида – басталу, өсу, дағдарыс, құлдырау сияқты өмірдің төрт кезеңінен өтеді. «Мінеки, біз жақсы бастама алдық, өсу-өркендеу үстіндеміз. Ақша табуға мүмкіндік мол» деп сендіреді. Бірақ іс жүзінде ақша табылмайды, бірінікін алып, екіншіге береді.

Пирамиданың ең құйтырқылығы – компания нақты экономикалық қызмет жүргізбейді, тауарлық, несиелік, туристік, құрылыс компаниялары ретінде жасырылады.

Екінші белгісі – мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни мұндай компаниялар, әдетте, қайтадан құрылған, қаржылық есептілікке ие емес, келісімдер жасамайды немесе келісімдер ұйымдастырушылардың пайдасына жасалады және заңнамаға сәйкес келмейді.

Үшінші белгісі – әлеуметтік желілерге үсті-үстіне белсенді түрде жарнама бере береді.

Төртінші белгісі – пирамиданың алғашқы салымшыларына пирамида туралы достарына хабарлау үшін алғашқы төлемдер жасалады. Әлеуметтік желілерде жақсы пікірлер ұйымдастыратын жалдамалы агенттер де жұмыс істейді.

Белгісіз бір ұйымдар үсті-үстіне жарнама беріп, тез байып кетуге уәде етіп, өздерін белсенді насихаттайтын болса, ондай ұйымнан өте сақ болу керек.

Егер сізге танысыңыз, көршіңіз, басқа да адамдар бір сәттік пайда туралы әңгіме айтатын болса, сақтанған жөн. Өйткені олардың әрқайсысы пирамидаға кіріп, үлкен тәуекелдерді көтеріп жүруі мүмкін.

Ал енді осы қаржы пирамидасының арбауына ілікпес үшін нені білу керек?

Ең әуелі сол компанияны заңды қаржы ұйымдарының тізілімдерінен іздеп көріңіз. Интернеттегі пікірлерді оқыңыз. Жалған мадақтаулар көп болуы мүмкін. Құжаттарды қарап шығыңыз. Шартта, ұйымның сайтында, банк пен салық органдарының тізілімдерінде көрсетілген компанияның толық атауы мен деректемелерін тексеріңіз. Шешім қабылдауға асықпаңыз. Мерзімі шектеулі акция, шартқа тез қол қою және ақша салу қажеттілігі туралы сендірулерге көнбеңіз. Қажет болса, адвокатпен кеңесіңіз.

Азаматтарды мұндай қауіптен ертерек хабардар ету зардап шегушілердің санын азайтуға мүмкіндік береді.

Қаржылық (инвестициялық) пирамида құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес) қылмыстық жауапкершілік;

Қаржылық (инвестиция­лық) пирамиданың қызметiн жарнамалағаны, таратқан және жариялағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.

 

А. ШАМҒАНОВА,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды