Қоғамдық жұмыс арқылы жазалайды

0 27

Елімізде 6 мыңнан аса адамға қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалған. Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық атқару жүйесінің пробация қызметінде 2,5 мыңнан аса адам тіркеуде тұр.

Солардың 200-ден астамы көпшілік мәдени орындарды тазалауға жұмылдырылған. Олар – аз мөлшерде есірткі сақтағаны, көпшілік орындарда ішімдік ішкені немесе ұсақ бұзақылық жасағаны үшін істі болғандар.
– Соттың шешімімен осындай жазаға тартылған адамдардың негізгі жұмысы, жеке кәсібі болса немесе оқу орындарында оқып жатса тәулігіне 4 сағат қоғамдық жұмыс істейді. Ал егер олардың қолдары бос болып, тұрақты жұмысы болмаса тәулігіне 8 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегілуі мүмкін. Бұл адамдардың жұмысы тегін. Олар негізінен тағайындалатын жұмыстар – көше тазалау және безендіру. Сондай-ақ жазда қоқыс жинауға, қыста қар тазалауға да тартылады, – деді қалалық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Ернат Ақылжанов.
Дегенмен, бас бостандығын шектеудің баламасы ретінде енгізілген мұндай жазаға мойынсұнбайтындар да кездеседі. Департаменті бастығының айтуынша, тәртіп бұзғаны үшін осындай жаза кесілген 4 адам көше тазалаудан бас тартқаны үшін қамауға алынған.
Алайда істеген ісін мойнымен көтеріп, қоғам үшін пайдалы жұмыс жасауға арланбайтындар аз емес. Солардың бірі – «Отан қорғаушылар» саябағын тазалап жүрген Мерей Абдуллин. Аз мөлшерде есірткі сақтағаны үшін оған 25 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы кесілген екен.
– Әрине, жасаған қылмысым үшін өкінемін. Осы ісіме ұяламын. Бірақ «басқа түссе – баспақшыл» деген, енді оның жазасын мойныммен көтергеннен басқа амал жоқ. Әйтеуір, қоғамның керегіне жарап, қаланың тазалығына үлесімді қосып жатқанымды медет қыламын, – деді ол.
Ернат Ақылжановтың айтуынша, қоғамға қауіп төндірмейтін жеңіл-желпі заң бұзушыларды түгелдей қапасқа тоғыта бергеннен гөрі, осындай жұмыстарға жұмылдырған дұрыс. Ол қала үшін де, жазықты адамның өзі үшін де пайдалы іс дейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =