Қоғамдық тасымал бұрынғы қалпына келе ме?

0 34

Астанада карантин жарияланғанға дейін қалаішілік және қала маңы маршруттары бойынша жолаушылар ұзын саны 900-ге тарта қоғамдық көлікпен тасымалданған болатын. Жергілікті билік індеттен сақтандыру шараларына сәйкес қоғамдық көлік қызметіне мезгіл-мезгіл түрлі шектеулер енгізіп, кейде тіпті автобустарды толықтай тоқтатып тастаған кездер болды.

Бұл тұрғындардың қала­ішілік қатынасын, қажетті жерлеріне барып-келуін әжептәуір қиындатып жіберді. Карантиндік шектеулер қоғам өміріне түрлі жайсыздықтар әкеліп, көпшіліктің нара­зылығын тудырғаны жасырын емес. Оны да дұрыс түсіну керек.
Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты 3 тамыздан бастап шаһардың ішінде қоғамдық көліктер жүре бастады. Ал қала маңы маршруттары 17 тамыздан бастап іске қосылды. Сонымен бірге карантин талаптары да бұрынғысынша қатаң сақталды. Қоғамдық көліктерге беттұмшасыз кіруге тыйым салынды. Жүргізушілерге жолаушыларды салонға онсыз жіберуге болмайтыны ескерілді. Автобустарға тек алдыңғы есік арқылы кіруге рұқсат. Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізіледі. Бұл талаптардың бәрінің орындалуын көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері күнделікті рейдтер өткізіп бақылап отырады.
Өткен дүйсенбіде жаңартылған кесте бойынша 22 қала маңы бағыты іске қосылды. Автобустар қатынасы қоғам өміріне бірте-бірте жан кіргізе бастады. Әйтсе де жолаушылар тарапынан әлі де арыз-шағымдар азаяр емес. Солардың бірсыпырасының пікірін бере кеткенді жөн көрдік.
Бахтиар ОТЫНШИЕВ:
– «Арнау», «Nova City» алаптарына №15, 35 маршруттар нашар жүреді. Ал бұрынғысынша сол жағалаудан оң жағалауға №61 маршрут мүлдем жүрмейтін болған.
Шынар ӘЛИЕВА:
– №7, 73, 44 маршруттар бойынша қосымша авто­бустар жіберсе екен. Жарты сағаттан артық уақыт күтеміз, – деп шағымданды.
Әсем АҚБАЕВА:
– Қосымша №60 маршрут неге жібермейді екен? Автобустардың жиілік аралығы 20-30 минуттан кем емес. Бұл маршрут сол жағалаудан шығып, оң жағалаудағы №7 емхана тұсымен өтеді. Қазір жұрттың көбіне керегі емхана мен аурухана ғой, – деп кейістік білдірді.
Назгүл РАҚЫМЖАНОВА:
– №7 маршрут қашан көрсең аузы-мұрнынан шығып толып тұрады. Автобустар тек 50 пайыз толымдылықпен жүрсін деген ереже қайда? – деп аңтарылды.
Айнұр СӘМЕТҚЫЗЫ:
– «Пригородқа» автобус­тарды қосыңыздаршы…
Елорданың іргесіндегі «Қосшы» кенті тұрғындарының да арызы аз емес. Олардың айтуынша, кейінгі жылдары бұл жаққа жаңа үйлер көптеп салынып жатқандықтан халық қарасы жедел өсіп келеді, ал автобустар саны көбейтілмеген. Қалаға барғысы келетін жолаушылардың көптігі сондай, автобус келгенде адамдардың жартысы көлікке сыймай, келесісін күтуге мәжбүр. Ертең балалар оқуға шықса тіптен қиын болады.
Біз осы арыздардың ізімен CTS көлік компаниясының баспасөз хатшысы ­Оксана Лоскутоваға телефон шал­ған едік. Компанияда қала маңындағы бағыттар ­бірте-бірте жандандырылады деп сендірді. Алдағы уақыттарда автобустардың жүруі жолау­шылар санына байланысты өзгертілетін болмақ.
– Өздеріңіз көріп отырсыз­дар, қала маңындағы да, қала ішіндегі де бағыттар мен автобустар саны бірте-бірте көбейтіле береді. Мысалы, 17 тамыз күні жолаушыларды тасымалдауға 600 автобус шыққан еді, 18 тамыз күні олардың саны 700-ге жетті. Бүгінгі деректі әлі алып үлгерген жоқпын (19 тамыз – автор). Оның үстіне жыл соңына дейін қоғамдық жолаушылар тасымалына 100 электроавтобус беріледі. Қала тұрғындарының өтініштерін ескере отырып жаңа бағыттар ашылды, – деді Оксана Лоскутова.
Сөз соңында баспасөз хатшысы, сондай-ақ, жолаушыларға санитарлық талаптарды сақтауды, беттұмша тағып, антисептик қолданып жүруді де ескерте кетуді ұмытпады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =