ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДЫҢ «ЕСІГІ АШЫҚ» ЖҮРГІЗДІ

0 129

есил

Астана қаласы мәслихатының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ашық есік күні ұйымдастырылды.

«Нұр Отан» партиясының республикалық іс-шаралар кестесіне сәйкес өткізілген шара барысында қалалық мәслихаттың хатшысы Сансызбай Есілов елорда тұрғындарының өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Депутаттың жеке қабылдауына жазылу алдын ала жүргізіліп, бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен мәслихаттың сайты арқылы хабарланған еді. Соны естіген астаналық Бибіқан Салқымбаева мен Зәуре Ержанова өздері сайлаған депутатпен бетпе-бет кездесуге асықты. Ақыры, жолдары болып, Сансызбай Сейітжанұлымен жеке пікірлесуге мүмкіндік алды. Олардың екеуін де баспана мәселесі толғандырады.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша қолжетімді баспанаға қол жеткізгенімен, бір жылдан бері сол үйге кіре алмай, әуре-сарсаңға түскенін жеткізген ана: «Өзіңіз білесіз, Астанада пәтер жалдап тұру оңай емес. Бүгінде пәтерақы өте қымбат. Осы мәселеге орай көмектесуіңізді сұраймын» деді. Бұл ретте Сансызбай Есілов мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған үйлердің шынымен де белгіленген кестеден кешіктіріліп пайдалануға берілетінін айта келе, соған қарамастан, құрылыстың жүріп жатқанын, қатысушылардың бір бөлігі биыл тамыз-қыркүйек айларында өз үйлеріне қоныстанатынын, ал қалғандары жаңа пәтерлерінің кілттерін жылдың соңында алатынын айтты.

Тұрғындар, сондай-ақ, Астанадағы тозығы жеткен ескі үйлер проблемасын, Абылай хан даңғылының бойында орналасқан «Гүлжан» сауда үйінің маңындағы жолда көліктің көптігін алға тартты. Мәслихат хатшысы бұл мәселелердің алдағы уақытта шешімін табатынын, жалпы қалалық мәслихаттың басқа да барлық депутаттары өз округтеріндегі тұрғындарды жүйелі түрде қабылдап, олардың жазбаша түрде жіберген өтініш-тілектерін назарсыз қалдырмай, әрқайсымен жеке-жеке жұмыс істейтінін және осындай қабылдаулардың келешекте жиі өткізіліп тұратынын жеткізді.

P.S. Қазіргі таңда қарапайым халық өкілдері өздерінің кез келген мәселесін депутаттарға ашық айта алады. Себебі, олар сайлаушыларының өтініштерін егжей-тегжей тыңдап, орындалуына атсалысады. 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + eleven =