Қоғамдық көмекшілердің қызметі ескерусіз қалмайды

0 192

Алмас ТАЛҚАНБАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Профилактикалық қызмет басқармасының бөлім бастығы:

– Елімізде қанша полиция инспекторы бар, олардың міндеті не?
– Учаскелік полиция инспекторының міндеті – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу. Олардың саны көмекшілерімен қосқанда жеті мыңнан асады.
Полиция инспекторлары халықпен
тығыз жұмыс істейді. Өзі қызмет ететін әкімшілік аумақта құқық бұзушылықтар жасауға бейім адамдармен жеке – профи­лактикалық жұмыстар жүргізеді, отбасы – тұрмыстық ортада жасалатын және ре­цидивтік қылмыс­тардың алдын алады.

– Инспекторлардың қызметін же­тілдіруде нақты қандай шаралар қолға алынды?
– Олардың қызметін жетілдіру, әрі тиім­ділігін арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен онға жуық заңдар қабылданды. Негізгілерін атап өте­тін болсам, 2009 жылғы желтоқсанда қа­былданған «Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу туралы» және 2010 жыл­ғы сәуір айында қабылданған «Құқық бұзу­шылық профилактикасы туралы» заң­дар. Осы заңдарды қабылдағаннан бастап «қорғау нұсқамасы», «құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу» сияқты алдын алу шараларының тиімді тетіктері пайда болды.

– «Қорғау нұсқамасы» дегеніміз не?
– Қорғау нұсқамасы тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасайтын адам­дарға қатысты бірқатар шектеулер
белгілей оты­рып шығарылады. Ол шектеулер «Тұр­мыс­тық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу туралы» заңның 20-ба­бында толық көзделген. Ал, құқық бұзу­шының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеуді ішкі істер органдарының ұсынымхаты бойынша сот органдары шешім қабылдайды. Олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 59-1-бабында көзделген.

– Жазасын өтеп шыққан азаматтарды бақылауда қиындық бар ма?
– Учаскелік полиция инспекторлары бас бостандығынан айыру орындарынан бо­сатылған адамдарды мекен-жайлары бойынша бақылау жасауды жүзеге асырады. Қазіргі таңда ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторлары желісі бойынша профилактикалық және тізімдік есепте 100 мыңнан астам адам тұр.
«Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз етуге қатысуы туралы» заңға сәй­кес еліміздің әрбір азаматы ерікті түрде өз­дерінің азаматтық міндеттерін орындау мақсатында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуда полицияға көмек көрсетеді. Азаматтардың тиімді көмектері ішкі істер органдарының ұсы­ныстары арқылы бағалы сыйлықтармен, ақшалай, грамоталармен ынталандырылады. Бүгінгі күні олардың саны 28 мыңнан астам адамды құрайтын 4,5 мың құрылымнан тұрады.

– Бүгінде инспекторларды кім та­ғайындайды?
– ҚР Ішкі істер министрінің 2010 жылғы бұйрығына сәйкес учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскеде халықтың пікірін ескере отырып лауазымға тағайындалады. Бұйрық қабылданған сәт­тен бастап 1500-ге жуық учаскелік полиция инспекторы халық пікірімен лауазымға тағайындалды.
Сонымен қатар ведомстволық бұйрыққа сәйкес әрбір учаскелік полиция инспекторы әкімшілік учаскеде тоқсан сайын ха­лықпен кездесулер өткізеді. Онда жасал­ған қылмыстар мен құқық бұзушы­лық­тар, олардың жасалу себептері мен жағ­дай­ла­рының жолын кесу шаралары және ат­қа­рылып жатқан жұмыстар туралы есеп береді.
Жалпы, учаскелік полиция инспектор­ларының қызметі, олардың тікелей және жанама міндеттері туралы біраз айтуға болады. Мен тек негізгі нақты міндеттерін атап өттім.

– Мемлекеттік тілге қаншалықты мән берілуде?
– Осы қызметтегі мемлекеттік тілді да­мытуға тоқталатын болсақ, әрбір азамат учаскелік полиция инспекторына өз ер­кімен, түсінетін тілі бойынша жүгінеді және қолданыстағы заңнамаларға сәйкес сол тілде жауап беру қажет.
Алайда, ішкі істер органдарында жауын­герлік-даярлық жүйесінде сабақтар өткізу
жоспарына сәйкес аптасына бір рет заңна­малар, сондай-ақ, мемлекеттік тіл сабақтары ұдайы оқытылады. Өткізілген сабақтар бо­йынша сынақ пен емтихан қабылданады. Учаскелік полиция инспекторларының 90%-ға жуығы қазақ ұлты болғандықтан, мем­лекеттік тілде сөйлеу және үйрену оларға қиындықтар туындырмайды. Қалған өзге ұлттың лауазымды азаматтардың мем­лекеттік тілді оқып үйренуге, оны іс жүзінде қолдануға деген ниет-талпынысы қанағаттанарлық деп атап өткім келеді.
Қазіргі таңда мемлекеттік орган­дардың барлығы бұрынғы деңгейге қарағанда құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізеді. Осының өзі жетістіктердің бірі деп айтуға болады.

Әңгімелескен
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =