«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоғамдық көліктің қызметі қалай?

0 13

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалының «Еркін пікір» пікірталас алаңында елорданың қоғамдық көліктерінің қызметі талқыланды

Пікірталас алаңында алғаш болып сөз алған Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тайбергенов жолаушылар тасымалдау қалаішілік маршруттар, қалааралық маршруттар және экспресс қызметі болып жүргізілетінін айтты. Қалада 8 автопаркке тиесілі (оның бірі мемлекеттік) 880 автобустың кем дегенде 90 пайызы күнделікті рейске шығады. Жақын жылдары жаңадан 100 электробус сатып алу қажеттілігі бар екенін жеткізді.
Бірақ қала жұртшылығы тек қана автобус жетіспеушілігіне ғана емес, тасымалды ұйымдастыру ісінде кездесетін басқа да кейбір келеңсіздіктеріне наразы. Оның ішінде автобустардың көп кешеуілдейтіні, жүргізушілердің адаммен қарым-қатынастағы мәдениеті, жолда жүру ережесін жиі бұзатындығы, т.б көптеген мәселелер сөз болды. Қоғамдық көліктердің төңірегінде болып жатқан түрлі проблемалар туралы «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов жауап берді. Ол былтыр тарифті әртараптандыру бойынша жүргізілген реформаның оң нәтиже беріп, автопарктердің табысы артқанын, жергілікті бюджетке түсетін салық мөлшерінің көбейгенін атап өтті. Сондай-ақ жолаушылардың Astra карталарын тек арнайы банкоматтарда ғана емес, телефондағы банк қосымшасы арқылы толтыруға да болатындығы – осы төлем жүйесінің қолайлы екендігін дәлелдеді.
Қыс – қыр астында демекші, жиын барысында жылы аялдамалар туралы да сөз болды. Астана бойынша 1100 аялдама болса, оның 730-ында павильон бар. Қала ішінде бүгінге дейін 100 жылы аялдама орнатылған. Жыл соңына дейін тағы осындай 30 аялдама орнату жоспарланған.
Пікірталас қорытындысы бойынша өзекті мәселелер партиялық бақылау комиссиясына және оның елордалық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесіне, сондай-ақ қалалық мәслихаттың «Nur Otan» партиясының фракциясына жіберілетін болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды