Қоғамдық көліктерде тәртіп сақтайық

0 20

Екі ай карантиндік үзілістен кейін 12 мамырда елордадағы қоғамдық көліктердің қызметі біршама өзгерістермен қайта басталғаны белгілі. Сол өзгеріс­терге байланысты көптің көкейіндегі көп сұраққа аталған сала жұмысын реттейтін CTS компаниясының Көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары Рашид Рахматулин жауап берді.

Карантинге дейін желіде 872 автобус жұмыс істеген болса, қазір олардың саны – 628. Демалыс күндері жолаушылар ағыны азаятындықтан, бұл көрсеткіш тағы да төмендейді. Өзгерістер жұмыс кестесіне де енгізілген. Ендігі жерде көліктер таңғы 6.00-де шығып, жұмысын кешкі 22.00-де аяқтайды. Автобусқа жолаушылар алдыңғы есіктен кіріп, ортаңғы және артқы есіктен шығады.
– Күн сайын тұрақты түрде автобустар мен аялдамалар залалсыздандырылып отыр. Соңғы аялдамаларда көлік жүргізушілері автобус ішін ылғалдап сүрте отырып тазалайды. Олар, негізінен, адамдар көп ұстайтын тұтқаларды, шынтақ таяныштарды және валидаторларды арнайы С-2 залалсыздандыру ерітіндісімен сүртеді. Сонымен қатар көлік жүргізушілері міндетті түрде ­маска тағып, қолғап киеді. Жолақы қолма-қол ақшамен мүлде төленбейді, яғни жүргізуші мен жолаушы арасында ешқандай байланыс жоқ. Көлік тізгіндегендер күн сайын рейс алдында және рейс біткенде медициналық тексеруден өтеді, – дейді Р.Рахматулин.
Компания өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда жалпы автобус санының 90,8 пайызы қалада қатынап жүр. Таңертеңгі кептеліс уақытында бағдарлардың орташа жүктемесі 26,1 пайыздан аспайды, ең жоғары орташа жүктеме 43,8 пайыздан көп емес. Желідегі жүктемені азайту үшін Көліктік бақылау департаменті аялдамаларда жолаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағдар жүктемесінің көптігі бойынша рапорт жасалады және автобус­тар анағұрлым жүктемесі көп бағдарлардан азына бөлінеді. Жолаушылар ағыны түрлі ұйымдар мен дәмханалардың ашылуымен байланысты да арта түскен. Мәселен, автобустарды желіге бірінші шығарған күні жолаушылар ағыны сағатына 146907 адам болса, 25 мамырда сағатына 317734 адамға жетті.
City Transportation Systems компаниясының басқарушы директоры Дәурен Нұралиевтің айтуынша, санитарлық нормаларды сақтауға байланысты қазіргі таңда жолаушыларға профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бетперде киюден бас тартқан жолаушылар автобустан бірден түсіріледі.
– Жолаушыларға тек профилактикалық шаралар ғана қолданылуда. Таңнан кешке дейін Көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері жолау­шылармен жұмыс жүргізіп отыр. Олар да, көлік жүргізушілері де ережелерді түсіндіруден жалықпайды. Соған қарамастан маска киюден бас тартатын жолаушылар да табылады. Дегенмен көбі санитарлық нормаларды сақтау өздері үшін керек екенін түсініп, бір-бірін тәртіпке шақыруы қуантады. Оның үстіне соңғы күндері елордада күн ысып кетті, мұндай кезде маскамен жүру өте ыңғайсыз. Соған қарамастан шыдауға тура келеді, – деді Д.Нұралиев.
Тағы бір еске сала кететіні, биыл 28 наурыздан бастап қосымша жаңа тарифтік жоспарлар іске қосылды. Сол бойынша 18 жасқа толмаған балалар көлік картасы болған жағдайда қоғамдық көлікте тегін жүре береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 5 =