©2020 Астана Ақшамы
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ
Бүгінде интернетке қолжетімділік күн санап артып келеді. Соның бір айғағы деп Астанада іске қосылған «Wi-Fi Bus» атты сынақ режиміндегі жаңа жоба аясында қалалық №1 автобус паркінде 12 автобус арнайы модеммен жабдықталуын айтуға болады. Жолаушыларды жол бойы ғаламтор әлемінде еш кедергісіз отыруына жағдай жасайтын автобустардың жай-күйімен газетіміздің тілшісі танысып қайтты.
Жобаның бастапқы кезеңінде интернет модемдерімен санаулы автобустар ғана қамтылған. Атап айтқанда, №10, 12, 28 және 42 автобустар. «Smart Astana» департаментінің бас менеджері Айбек Садықовтың айтуынша, жоба қала тұрғындары мен мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау тапса, қаланың барлық автобустары интернетке қосылмақ.
«Wi-Fi Bus» жапсырма белгісі бар №28 бағыттағы автобусқа интернеттің қолжетімділігін байқау мақсатында арнайы отырған едік. Кіреберісіндегі «Wi-Fi-дың» қолдану нұсқаулығымен танысқан соң ұялы байланыс құралы арқылы қызмет сапасын тексеріп көрдік. «Wi-Fi Bus Free» желісімен интернетке еркін қосылдық. Сигнал деңгейі – күшті, қосылу жылдамдығы – жоғары.
– Жолаушылардың көбі автобустың «Wi-Fi-мен» жабдықталғанынан бейхабар. Әсіресе, егде тартқан адамдар мүлдем түсінбейді. Интернет қызметін белсенді пайдаланушылар – жастар. Тіпті, кейбір жастар тегін интернеті бар автобусты аялдамада сарыла күтетіндіктерін жеткізеді, – дейді автобус кондукторы Қалмұрат Муминов.
Автобустың күнделікті жолаушысы Мақсат Патсабаев «Әлеуметтік желілерді көп пайдаланатындықтан, қаламызда «Wi-Fi» нүктелерінің көбеюі мені қатты қуантты. Өзім күн сайын отыратын осы автобустың барлығы да интернетпен толық қамтылса екен деймін. Себебі, аз болғандықтан «Wi-Fi Bus-тар» арагідік кездесіп қалады» деп ризашылығымен қатар өз қалауын да білдіріп қалды.
«Wi-Fi Bus» жобасының енгізілуі қала тұрғындарының сапарын қызықты өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде мұндай қолжетімді интернет Нұржол көшесі, «Думан», «Мега», «Ханшатыр», «Керуен», «Сарыарқа» СОО алдындағы алаңда, елордалық цирк алаңында, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және Келісім сарайы мен Ғашықтар саябағында бар.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ