Қоғамдық көлікке жүргізуші жетпей тұр

0 91

Астанада 80-ге жуық автобус бос қаңтарылып тұр. Өйткені қаладағы автобус парктеріне 300-дей жүргізуші жетіспейді. Мұндай мәліметті таяуда B-news ақпараттық порталына берген сұхбатында Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Әбдіхамит Тамабаев жария қылды. Бұл көктем шыға пайда болған тапшылық па, әлде бұрыннан салада бар сырқат па? Мән-жайды анықтамақ болып, автобус парктеріне телефон шалдық.

– Бұл – бұрыннан бар түйткілді мәселе, – дейді №1 автопарктің директоры Сергей Богатырев, – Мысалы, біздің кәсіпорында 150 қоғамдық көлікке 315 жүргізуші ұстаймыз. Ауырып-сырқайтындарды, басқа да тұрмыстық жағдайлармен жұмысқа шықпай қалатындарды қоспағанның өзінде, екі ауысымға зорға үлгеріп отырмыз. Әр қоғамдық көлік жүргізушісі тәулік жарым жұмыс істейді. Таң бозынан тұрады, ел жатқанда жұмыстан қайтады. Әрине, оған екінің бірі шыдай бермейді. Ал орташа жалақы – 140 мың теңгенің шамасы. Жергілікті халық мұндай қиын жұмысқа келгісі келмейді, көбінесе аймақтардан көшіп келгендерді, жұмыс іздеп келгендерді жұмысқа алуға мәжбүрміз. Оларды D категориясына қайтадан даярлаймыз, шамамыз келгенше әлеуметтік қолдау көрсетеміз. Сөйте тұра кадр тұрақтамайды. Өйткені басқа қолайлы жұмыс жетеді.

Мұндай проблеманың барын №3 автопарктың директоры Бауыржан Тлеубергенов те жасырмайды.

– Жалақы көлемі жүргізушілердің көңілінен шықпай отыр. Бұрын 150 мың теңгедей алатын, қазір 130 мың теңге төлейміз. Егер көліктің бұзылуына жүргізуші кінәлі болса, жалақысынан ұстайтынымыз тағы бар. Осындай факторлардың әсерінен көктем шыға бәрі жаппай құрылысқа кетті. Айтуларынша, жұмыс тәртібі жеңіл, көбірек төлейді. Сол себепті 15-20% тапшылық бар, – дейді Бауыржан Тұяқұлы.
Қоғамдық көлік саласы басшы­ла­ры­ның айтуынша, жалпы саладағы жағ­дайды жақсартудың бір ғана жолы бар, ол – жолақы тарифін көтеру. Ең тиімді тариф – 107 теңге. Алайда, бұл ұсыныс әзірге тұрғындардан қолдау таппай тұр.

Әділ АЛАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − one =