Қоғамдық көлікке көңіл тола ма?

0 48

Жолаушылар тасымалы қызметін жетілдіру – өзектілігін ешқашан жоғалтпай келе жатқан мәселелердің бірі. Қыз-қыз қайнап жатқан қала өмірі түрлене түскен сайын қоғамдық тасымалдау ісіне де өзгерістер енгізілуі тиіс. Қала аймақтары дамып, жаңадан мекеме, қызмет көрсету нысандары іске қосылғанда, оларға қатынайтын жаңа бағыттар сызу керек, болмаса бұрыннан қолданыста бар бағыттарды жетілдіру қажет болады.

Бағыттардың ұтымды болуы маңызды

Қазіргі күні астанада жолаушы тасымалдауға күн сайын 800-ге тарта автобустар шығады. Олар 64 қалаішілік және 24 қала маңы бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.
– Жолаушылар тасымалы қызметін оңтайландыру, жетілдіру және жақсарту ісімен тұтас бір бөлім айналысады. Бұл бөлім жол қозғалысын бақылап, халықтан келіп түскен арыз-шағымдарды, ұсыныстарды қарайды. Біз жұрттың талап-тілектерінің ешқайсысын ескерусіз қалдырмаймыз, – дейді «CTS» ЖШС көлікті үйлестіру департаментінің бағыттық жоспарлау және жол кестесі бөлімінің бас менеджері, жетекшісі Әділ Сайынов.
Бөлім мамандары тасымалдау қызметінің барлық аудандарға қатынауына, бағыттардың ұтымды ұйымдастырылуына мән беріп, автобус қозғалысының бірін-бірі қайталамауын қадағалайды. Сондай-ақ маршруттардың тиімді жасалуын тексереді. Егер бұрындары қоғамдық көлік бағыттарының ұзақ болуына, елді мекендердің бәрін жағалап, шиырлап жүруіне ден қойылса, енді бағыттардың түзу, діттеген жерге тез жеткізетіндей қысқа болуы көзделген. Сонымен қатар тұрғын үй алаптары мен әлеуметтік нысандардың бәрінің көлік қатынасымен байланысып жатуы ескеріледі.
Жүк тасымалы қатынасының жеткізілімі бойынша қала 78 аймаққа бөлінген. Көлік ағысын реттеу, жолаушылар ағынын, қозғалыс кестелерін тиімді құру үшін халықтың талап-тілектерін зерделеумен бірге, арнайы күрделі мамандандырылған бағдарламалар қолданылады.

 

Жүргізушілер жетіспейді

Қаланың жолаушылар тасымалдау ісінде оңтайлы шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – жұрт жаппай жұмысқа барып-келетін таңертеңгі-кешкі қарбалас уақыттарда қоғамдық көліктердің шамадан тыс толып кетуі. Мұндай кездері бағыттарға қосымша көліктер жіберіп, тығырықтан шығуға болар еді. Бірақ автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі салдарынан олай жасау мүмкін болмай отыр.
– Кез келген адам қоғамдық көліктің жүргізушісі бола алмайды. Оларға қойылатын нақты біліктілік талаптары бар. Үміткерлер осы талаптарға сай болғанда ғана жұмысқа қабылданады. Егер жолаушыларды тасымалдау саласына тәжірибелі жүргізушілер көптеп келсе, қарбалас сағаттарда бағыттардың шамадан тыс жүктемесін жеңілдетуге болар еді, – деді Әділ Сайынов.
Сондай-ақ компанияға тұрғындардан қосымша бағыттарға автобустар жіберу туралы өтініш-тілектер көптеп түседі. Бірақ жаңадан ашылған аймақтардың бәрінде бірдей көлік инфрақұрылымы жетілдірілмеген: асфальт төселмеген, бағдаршамдар, жол белгілері қойылмаған, соңғы айналымда автобустар айналып шығатын алаң жасалмаған. Қазіргі кезде елорда маңайында жаңа бағыттарды жіберуді қажет ететін, бірақ тиісінше инфрақұрылым жасақталмаған оннан астам учаске бар екен. «CTS» ЖШС өкілінің айтуынша, бұл учаскелер келешек жоспарда ескерілген, егер ол жерлерде көлік қатынасына қолайлы жағдай жасалса, қосымша бағыттар жіберу жайы да бірден қарастырылатын болады.

Тұрғындар тілегі ескеріледі

Жолаушылар тасымалдау ісіне қатысты қаланың әр өңірі тұрғындарының айтар өз өкпе-назы бар. Компанияға әсіресе Өндіріс тұрғын үй алабынан көп шағым түседі. Бұл бағытта №24 автобус қатынайды. Тұрғындардың өтініші бойынша ауданға жүретін автобустар саны көбейтілген. Бірақ ауданда халықтың көп шоғырлануына байланысты мұның өзі аздық етіп отыр. Сондықтан «CTS» ЖШС болашақта Лесозаводқа жүретін жаңа бағыттар жоспары жасалған. Дегенмен жаңа бағыт қаланың жолаушылар тасымалдау паркі жеткілікті мөлшерде толыққанда және жүргізушілер саны артқан жағдайда ғана іске қосылатын болады. Қаланың басқа бөліктерінде де автобустардың жетіспеушілігі, аялдамалар арасының алшақтығы сияқты проблемалар ішінара сезіледі. Оның барлығы кезең-кезеңмен шешімін табуы тиіс. Әлбетте, жаңа бағдар сызылғанда ең бірінші сол өңірдің тұрғындарымен келісіледі.
Айта кетейік, індет дендеп кеткелі бері ведомствоаралық комиссияның шешімімен елордада демалыс күндері қалаішілік және қала маңында қоғамдық тасымал қызметі тоқтатылған. Бұл күндері барлық автопарктер жолаушы автобустарының іші-сыртын толықтай залалсыздандырады. Қазіргі кезде қалаға індеттің «сары аймағы» дәрежесі берілді. Сақтық шаралары үшін автобустарға беттұмшасыз кіруге тыйым салынған. Сондай-ақ жолақы төлемі қолма-қол ақшасыз көлік картасы немесе СМС-хабарлама арқылы жасалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 10 =