Қоғамдық көлік жетіспейді

0 131

Есіл ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тұрғындарымен кезекті кездесуі №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінде жалғасын тапты. Бұл кездесуге Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов те  қатысып, сол жағалау тұрғындарының өтініштерін тыңдады. 

Жарыссөзге шыққан тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Олардың көпшілігі жолаушылар көлігі, аялдамалар, балаларға арналған шығарма­шылық үйінің жоқтығына қатысты өрбіді. Тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына аудан әкімінен бастап, басқарма, бөлім басшылары мейлінше жан-жақты жауап беруге тырысты. Триумфті қақпа маңының тұрғындары ол маңайда аялдамалардың жоқтығын алға тартып, мектеп оқушыларының оқу орнына және спорт кешендеріне алаңсыз қатынауын шешіп беруін өтінді. Бұған қоса, сол жағалаудан оң жағалауға қатынайтын автобус бағыттарының аздығы да сөз болды. «Бір ғана №37 автобусымыз бар. Жұмысыма жету үшін екі қоғамдық көлікке алмасып отырамын. Ол автобустың іші таза емес. Жүргізуші темекі шегіп, ішін көк түтін қылады. Онда үлкен қариялар да отырады ғой» дейді Жанар Мырзанова есімді аудан тұрғыны.
Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселенің өзекті екенін алға тарта келе, осы жылы 65 аялдама кешенін орнатуды жоспарлап отырғандарын хабарлады.
Әкімнің мәліметінше, өткен жылы 84 жаңа автобус пай­да­­­лануға берілген, алдағы уа­қытта тағы да 170 қоғамдық көлік қолданысқа беріледі деп жос­парлануда. Тұрғындардың бірнеше мәрте шағымдануына байланысты №47, 54, 100, 107, 301 жаңа маршруттар қосылып, №12 бағдардың жүрісіне өзгеріс­тер енгізілген. Бүгінде аудан бойынша 270 аялдама болса, оған қосымша 65 аялдама тағы орнатылмақ.
Тікелей тілдесуге жиналған жұртшылық осы ауданда мектеп оқушылары қосымша оқи алатын шығармашылық үйінің, Оқушылар сарайының, өнер мектептерінің жоқтығын алға тартты. Сондай-ақ, сыртқы бейнесі келіскен талай биік тұрғын үй кешендерінің сыны келіспей жатқанын да баяндады. Жаңа үйлердің денінде дерлік балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар, арнайы сатылардың жоқтығы айтылды. Есіл ауданының әкімі бұл сын-ескертпелердің орынды екенін айтып, алдағы уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді.

 

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =