ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ТҮЙТКІЛДЕРІ ҚАНДАЙ?

0 98

Таяуда бірнеше жерде өткен Сарыарқа ауданы әкімі Павел Кулагиннің халыққа есеп беру кездесуіне қатысып, қоғамдық көлік мәселесіне байланысты шағымдар аз айтылмағанына куә болдық. Газетіміздің тілшісі Меңдолла Шамұратов та екі рет арнайы рейдке шығып, содан алған әсерін оқырмандарымызға жеткізді. Кеше өзіміз де «Астана LRT» ЖШС Жолаушылар көлігі департаментінің басшысы Бейбіт Есжановпен бірге бұл тараптағы жағдаймен аз-маз танысып, оған көкейіміздегі сұрақтарды қойдық. «Қорғаныс министрлігі» аялдамасының жанынан басталған әңгімеміз №28 бағдарда жалғасты.

KBB_1019

Аялдамада тұрғанымызда фототілшіміз Василий бір кемшілікке назар аударды. «Бұл жерге жолау­шыларға арналған ақпараттық тақта дұрыс ілінбеген. Ол жолдың кері жағында болуы тиіс. Тақталардың орындары ауысып кеткен. Мұндағыда бұл маңайдан өтетін кейбір бағдарлар көрсетілмеген» деді ол. Бұған өзіміз де көз жеткіздік. Тура осы аялдамадан ара-тұра №46 бағдарға мінетініміз бар. Ал, тақтада аталмыш бағдар туралы ақпаратты кездестірмедік.

Реті келгенде айта кетейік, ақпа­раттық тақталардың орындары ауысу жағдайын бұдан бұрын да көргенбіз. «Жәнібек Тархан» мен «Амангелді Иманов» көшелеріндегі аялдамаларда бірі екіншісінің орнына ілініп кеткен. Сол жаққа бармағанымызға біраз болғандықтан қазір жөнделді ме, білмедік.

«Былтыр елордада бағдарларды жаңғыртудың бағдарламасы жүргі­зілді. Өзгеріс болса да, «Қорғаныс министрлігі» аялдамасындағы тақта сол бойы жаңартылмаған шығар. Мұны назарға алып, тез арада ауыстырамыз. Бұл еш қиындық тудырмайды. Негізі, бастапқыда аялдамаларға осындай 600-ге жуық тақта ілінді. Қазіргі күнге олардың 208-і жаңартылды. Бұл жұмыс жалғасуда» деді Бейбіт Есжанов.

Аудан әкімінің есеп беру кездесуіне қатысқанымызда халықтың тарапынан Сарыарқа даңғылынан батыс аумағына қарай тұратындар сапаржайға бір автобуспен жете алмайтыны, мәселен, «Көктал» тұрғын алабынан вокзалға бару үшін қоғамдық көлікті ауыстыру керектігі айтылды. «Министрліктер үйі» аялдамасынан да тіке «Қосшы», «Лесная поляна» тұрғын алаптарына жету қиындап кетті. Ол үшін бір бағдарға отырып, «Азия парк» аялдамасынан түсіп, былтыр елордада бағдарларды жаңғыртудың бағдарламасы аясында енгізілген сол елдімекендерге қатынайтын автобустарға міну керек. 90 теңгені үнемдеймін десең, Министрліктер үйінен жаяулатып «Азия паркке» баруға тура келеді. Бұған «Жолаушыларды тасымалдау ережесінде қоғамдық көлікті ауыстыруға болатыны көрсетілген. Жолаушылардың ыңғайы үшін бір реттік және айлық жол жүру билеттері енгізілді. Мынаны ескеру керек: негізінен елордаға әлі де 600 автобус жетіспейді. Сондықтан қосымша бағдарларды жіберуге мүмкіндік жоқ. Ал ондай аудандар көп екенін мойындаймыз » деген жауапты естідік.

«Астана LRT» ЖШС өкілінің айтуынша, қазірде ескі автобустарды жаңаға ауыстыру үдерісі жүріп жатыр. 2014 жылы елордада 890 автобус болды. Олардың 520-ы тиісті талаптарға жауап бермеді. Сондықтан «Iveco» маркалы халықаралық стандарттарға сай келетін 358 автобус сатып алынды. Бұл автобустар бағыттарға жіберілген соң 210 ескі автобус жойылды. Тағы сондай 310 автобус жаңартылуы тиіс. Биыл қосымша 200 жаңа автобус сатып алу жос-парланып отыр. Келесі жылы 350 автобусты сатып алу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ, қоғамдық көлік жүргізушілерінен де үлкен тапшылық бар.

Былтыр жаңа автобустарға Wi-Fi – тегін интернет жүйесі орнатылды. Алайда, оның жұмысы да көңіл көншітпейді. Ұялы телефонын алып шыққан әріптесіміз Самат Ысқақов соған назар аударды. «Мұны тексеретін боламыз» деді Б.Есжанов.

Біз рейдке түстен кейін шыққан едік. Ал халық жұмыстан шыққаннан кейін автобустарға көптеп отыратыны белгілі. Кептелектер де сол уақытта орын алады. Сондықтан қоғамдық көліктегі қызметтің сапасы туралы ештеңе айта алмаймыз. Біз мінгенде № 28 бағдарда халық аз болды. Соңғы аялдамадан кері қайтқанымызда да солай болды. Сол аз жолаушылар арасынан Жанна есімді қала тұрғынынан қызмет сапасы туралы сұрадық. Ол аталған бағдарға қатысты шағымы жоқтығын, жалпы бұл бағдардың жүру аралығына көңілі толатындығын жеткізді.

А. Қалжанов

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + two =