Қоғамдық көлік қалай тартымды болады?

0 59

Ірі қалалардың күре тамырына қан жүгіргендей, ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көліктер ішінде қоғамдық көлікті аздап кездестіруіңіз мүмкін. Өйткені қала тұрғындарының 25 пайызы ғана автобустарға отырып, діттеген жеріне жетеді екен.

7yvotdoy0fsw4go40g

Дамыған елдердегі қоғамдық көлік саласының есебіне шолу жасап, оның айтарлықтай тиімді емесін білдік.

Қоғамдық көліктің нақты табысы Швейцарияда шығынның 72 пайызын құраса, Ұлыбритания мен Германияда – 60-68 пайыз аралығында, Австрия, Франция, Швеция 50 пайызға жетпейді, ал Италия – 30 пайыз, Нидерланды 22 пайызды құрайды екен.

Бұл елдердегі қоғамдық көлік саласының саясаты оның әлеуметтік маңыздылығын қаперге алған. Төмен тарифтерді немесе жеңілдіктерді белгілеу қоғамдық көлікті ең алдымен кірісі төмен жолаушылар үшін қолжетімді ету мақсатымен байланысты. Қарттарға, балаларға, мүгедектерге жеңілдіктер белгіленген.

Қоғамдық көлікті дамытуға негізгі қаражат ең алдымен мемлекеттік, аймақтық және жергілікті атқарушы органдарынан түседі. Олардың бұл процеске қатысу деңгейі әртүрлі факторлармен анықталады: ұлттық дәстүрлер, қала тығыздығы, экономикалық мүмкіндіктер, федералдық, аймақтық және жергілікті билік саясаты және т. б. Қаржыландыру әдістерінде де айырмашылықтар бар. Канада мен Данияда қоғамдық көліктің капиталын және пайдалану шығындарын қаржыландыру тек аймақтық және жергілікті билік органдарының көмегімен жүзеге асырылады (ерекше жағдайларда мемлекеттік қаржы). Муниципалитет қоғамдық көліктердің пайдалану шығындарын ішінара өтейтін субсидиялар береді. Бельгияда мемлекет операциялық қызметтің барлық құнын субсидиялайды. Францияда жеке капитал қалалық көлікті дамытуды қаржыландыруға тартылады.

Нарықтық экономикаға көшу қолданыстағы тәсілдерді түбегейлі қайта қарауды, көлік түрлері арасындағы бәсекелес­тік жағдайды қамтамасыз ету қажеттігін, жолаушыларға ең тиімді тасымал қызметтерін таңдау еркіндігінің мүмкіндігін ескеретін ірі қалалар үрдісімен танысу маңызды болмақ.

Қоғамдық көліктің дамуы мен жұмысында үлкен жетістікке жеткен Финляндияның тәжірибесі ең тиімді болып көрінді. Ел экономикасының осы саласына қоғам мен биліктің көзқарасын ерекше атап өткен жөн. Хельсинки (500 мыңға жуық тұрғыны бар) – қалалық жолаушылар көлігінің жұмыс істеуі тұрғысынан бірегей қала. Дәл осы елдей Еуропада немесе бүкіл әлемде автобус, трамвай, метро, пойыз, паром және қа­йығымен мақтана алатын қала жоқ шығар.

Хельсинки – үлкен теңіз порты. Ал сумен қатынайтын көліктің жүру ақысы құрғақтағы жолаушының көлік билетімен біріктірілген. Қалада 100-ден астам автобус бағдары мен 11 трамвай желісінің жолы бар. Метроның жалпы ұзындығы – шамамен 30 шақырым. Қалалық жолаушылар көлігінің қалалық маршруттық желісі, еуропалық стандарттарға сәйкес, жаяу жүргіншілерге қалалық жолау­шылар көлігінің аялдамасына бес минутта жетуге мүмкіндік береді. Автобус бағыттары Volvo және Scania автобустарымен жүреді. Хельсинки қаласында жолаушылар көп жүретін бағыттарда жұмыс істеу үшін қосымша ұзын автобустар (15 метрлік, үш осьті) қолданылады.

Біз бұл қаланың трамвай, метро саласына тоқталмауға тырыстық. Біздің қаламыздың мысалында бұл көліктер қолданыста жоқ.

Барлық жолаушылар жолақысын ұзақ мерзімді билетпен немесе жүргізушіге қолма-қол ақша беру арқылы төлейді. Ал туристер Хельсинки картасын қолданады. Бұл – 1-5 күн аралығында жол жүру билеті, оның құнымен мұражайлар мен көрмелерге тегін кіру қарастырылған.

Хельсинки қаласының осы саладағы тағы бір ерекшелігі автобус билеттері зоналарға бөлінген. Бірегей билетпен қаладағы барлық көлікпен жүре аласыз. Ал ішкі билетті қаланың белгілі бір жерінде көлікпен жүруге болады. Билеттің құны жүру аймағыңызға қарай өзгереді. Жеті жасқа дейінгі балаларға жолақысы тегін, сонымен бірге баласымен қоса арба сүйреткен ана да жолақысын төлемейді. 7-17 жас арасындағы балаларға жолақысының жартысын төлесе, студенттер 45 пайыздық жеңілдікпен жүреді. Бағдарлардың басымы таңғы бес-алтыдан түнгі бірге дейін қатынайды. Түнгі маршруттар жұмыс істейді. Автобустар барлық аялдамарға тоқтамайды. Жолаушы қол көтеріп, керек бағдарына сәйкес көлікті тоқтата алады. Түсетін болсаңыз, «Stop» түймесін басу арқылы қажет жеріңізде түсіп қаласыз.

Финляндияның тұрғындарға көліктік қызмет көрсету жүйесін ұйымдастыру тәжірибесі назар аударарлық. Атап айтқанда, маршруттарды көлік ұйымдары арасында конкурстық негізде бөлуге негізделген. Бұл ірі трансұлттық компанияларды жұмысқа тартуға мүмкіндік береді әрі қала бюджетіне түсетін жүктемені едәуір азайтады және заманауи көліктерді сатып алуға қаражатты тиімді бөледі.

Маркетинг әдістері мен жарнамаларды қолдану жол жүру билеттерін сатуды оңтайландыруға және одан түсетін кірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қоғамдық көлікте жол жүру ақысын тарату кез келген өнімді жарнамалау сияқты жүзеге асырылады. Smartкарта жүйесі арқылы жол жүру ақысы кіріс жинауды оңтайландырады, бұл ең тиімді қаржылық жоспарлар үшін жол жүру ақысын жинауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе кірісті жинауды жеңілдетеді және қол еңбегінің көлемін азайтады, жүргізушінің назарын аудармайды және аялдамаларда тасымалдауды кешіктірмейді, бұл уақыт пен ақшаны айтарлықтай үнемдейді.

Бұл әдістің тиімділігін елордалықтар да сезінді деуге болады. Бірыңғай төлем картасы енгелі көп болмаса да, жолаушыларға қолма-қол билет сату біршама жетілдірілді.

Бұл ретте автомобиль қозғалысын қамтамасыз етуде баламалы энергия көздерін іздестіру жүріп жатыр. Абсолютті таза тәсіл – бұл сутегі қозғалтқышы. Одан ауаға шығатын зиянды қоспалар болмайды, бар болғаны бөлінетін оттегі мен су буының қоршаған ортаға зияны жоқ. Дегенмен оны өндіріске енгізу қымбаттығына байланысты кейінге шегеріліп отыр. Тек өте бай елдер ғана моторизацияның жоғары деңгейін көтере алады.

Тағы басты нәрсе жан басына шаққандағы автокөліктердің өсуімен және қаланың орталық магистралдарындағы жүктеменің көптігімен үлкен сы­йымдылықтағы жолаушылар автокөлігі мен электр тасымалын дамытуға басты назар аудару қажеттігі күн тәртібінен түскен жоқ. Мамандар коммуналдық көлікте жолаушыларды тасымалдауды 70 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету қажет, қалған көлем жеке және коммерциялық көлікте орындалады деп шешті. Егер әлемдегі ірі қалалардың жергілікті билігі бұл жауапкершілікке адал болмаса, онда біз қалалық экологиялық жағдайдың нашарлауына, халықтың өмір сүру жағдайының төмендеуіне және энергияны көптеп тұтынуға тап боламыз. Оның соңы экологиялық апатқа алып келеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + two =