Қоғамдық кеңестің бес жылдық белесі

0 39

Елімізде қоғамдық кеңестердің құрылғанына 5 жыл болды. Кеше елордадағы аталмыш ұйым мүшелерін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мерейтоймен құттықтап, қала басшысының Алғыс хаттарын, мәслихат марапаттары мен естелік сыйлықтарды тапсырды. Алдымен кеңес төрағасы Сансызбай Есілов ұйым­ның осы бес жылда атқарған жұмыстарымен таныстырды.

– Қалалық қоғамдық кеңестің бес жыл ішінде қабылдаған шешімдерінің барлығы ашықтығымен, тиімділігімен ерекшеленді. Осы ұйым халықпен кері байланыс орнатып, қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырды, азаматтық сектордың субъектілерін қалыптастырды. Қоғамдық кеңес осы жылдары қаламыздағы әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билікке жеткізіп, қоғам мен билік арасында көпір болды. Биыл – еліміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қарсы алғалы жатырмыз. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізге қоғамдық кеңес те елеулі үлес қосты, – деді өз сөзінде Бақтияр Мәкен.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан ­Каналимов кезінде қоғамдық кеңестерді құру туралы шешім өте дұрыс қабылданғанын айта келе, соның ішінде елорда болған соң Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесі мүшелерінде жауапкершілік жүгі екі есе ауыр екенін атап өтті.
– Жуырда «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмыс тәртібі құқықтық негізде бекітілді. Ол 31 наурызға дейін өзінің күшіне енеді.VІІ шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық кеңес­пен тығыз жұмыс істеуге әрқашанда дайын. Оның үстіне қоғамдық кеңестің құрамында төрт депутатымыз бар. Бұл кісілер сіздердің орталарыңыз­дағы біздің өкілдеріміз немесе біздің ортамыздағы сіздердің өкілдеріңіз деп айтуға болады. Бір терінің пұшпағын илеп, ортақ жұмыс жасап отырмыз. Әрқашанда қоғамдық кеңеспен қоян-қолтық араласуға әзірміз, – деді Ерлан Каналимов.
Сондай-ақ кеше қоғамдық кеңес отырысында қаладағы бірқатар маңыз­ды мәселелер талқыланды. Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Шоғанбай карантин уақытында мектепалды ұйымдарда мемлекеттік тапсырыс көлемі мен қаржыландыру мөлшері және орта білім беру орындарында психологиялық қызмет ережелерін таныстырды.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысының орынбасары Ержан Диханбаев коммуналдық ақылы тұрақтарды пайдалану ережелері жөнінде баян­дады. Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышев есептеу құралдарды жоқ тұтынушыларға тауарлық газды тұтыну нормалары бекітілгенін айтты.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина Жеңіс күніне орай және Чернобыль атом электростансасындағы апат құрбандарын еске алу күніне байланысты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсетілетінін жеткізді.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев қаланың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау жобасымен, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасымен таныстырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 12 =