Қоғамдық кеңестіктер қатары артады

0 17

Бұдан былай Нұр-Сұлтан қаласының көшелері елорданың дизайн-кодына сәйкес абаттандырылады. Қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, көшелерді жаңғырту кезінде тротуарлар, автотұрақтармен қатар ғимараттарға кіреберістер, маңдайшалар, көше жиһаздары, көшелердегі басқа да көріністер сәйкестендірілетін болады.

ДИЗАЙН-КОД ҚАЛА КЕЛБЕТІН РЕТТЕЙДІ

«Дизайн-кодты енгізудің негізгі мақсаты – қалалық ортаны дұрыс ұйым­дастыру. Көшенің көріністері бір стильде болып, ретсіз орналаспауы өте маңызды» дейді Н.Ұранхаев.
Басқаша айтқанда, дизайн-код қаланың тұтастығын бейнелеп, көшелер көркінің бұзылмауы үшін қажет. Бұл құжатта шаһар тұрғындарының саны, қаланың климаттық ерекшеліктері, инклюзивті дизайны ескерілген. Сәулет шешімдерінде бас қаланың тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз болуы қарастырылған.

ШЕТКІ АЙМАҚТАР ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

Ерекше атап өтерлігі, биыл қаланы абаттандырумен қатар көшелер мен аулаларды жаңғырту да жүргізіліп, қоғамдық кеңістіктерді құру жалғасады. Өткен жылы 150 аула мен 60 қоғамдық кеңістікті абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жасалды. Осы жылы қоғамдық кеңістіктерді көбейту жоспарланып отыр. Бұл іске қала тұрғындары да тартылады. Халық тарапынан айтылған ұсыныстар ескеріледі.
– Тұрғындар өз ұсыныстарын қаланың Урбанистика орталығына немесе Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына келіп таныстыра алады. Біз елорда орталығын ғана емес, шеткі аймақтарды да дамытып жатырмыз. «Ильинка» тұрғын алабындағы Айғыр­жал, Доспамбет жырау және Жанатай батыр көшелерінің тұрғындары елді мекендегі шағын бақтың айналасында балалар алаңын, демалыс аймақтары мен автотұрақтарды салуды сұрады. Біз бұл өтініштерді ескереміз. Жалпы биыл жаңа қоғамдық кеңістіктер «Көктал», «Агроқалашық», «Ильинка» тұрғын алаптарында салынады, – дейді Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.
Атап айтқанда, «Көкталдағы» Оқжетпес және Ақтолқын көшелерінде екі қоғамдық кеңістік бой көтереді. Жұмбақтас көшесінде футбол мен воркаут алаңдары, скейт-аймақ пайда болады. «Ильинкада» да екі осындай жоба жүзеге асырылып, «Өндірісте» қоғамдық кеңістік салынады.ЖАҢА ЖАҒАЖАЙ САЛЫНАДЫ

– Бізге тұрғындардан жаңа жағажай салу туралы өтініш келіп түсті. Бұл өте орынды. Себебі қазір Нұр-Сұлтан қаласында 1 миллион 200 мыңнан астам адам тұрады. Бүгіндері осыншама тұрғынға қаладағы жағажайлар саны аздық етеді. Соған сәйкес жоба жасадық. Жаңа жағажай «Триатлон» саябағы аумағында салынады. Жасанды жағажай аумағында адамдар шомылып қана қоймай, онда мәдени шаралар ұйымдастырылатын болады, – дейді Урбанистика орталығының басшысы.

СПОРТТЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

Оның айтуынша, өткен жылы көпірлердің астына салынған қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың спортпен айналысуына серпін берді. Соның ішінде баскетбол ойнайтындар әжептәуір көбейді. Атап айтқанда, аталмыш спорт түрімен айналысатындар 30-40 пайызға артты. «Ататүрік» саябағында салынатын колизей көше спортымен айналысуға мүмкіндік береді. Мұнда баскетбол, футбол, гимнастика, бокс пен күрес жарыстары, би батлдары ұйымдастырылады.

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРГЕ – ЖАЙЛЫ ЖАҒДАЙ

Ә.Мәмбетов көшесін, астана «Арбатының» маңайын жаяу жүргіншілерге арналған көшеге айналдыру жоспарланып отыр. Демалыс күндері сол көшемен автокөліктер қатынасына тыйым салынбақ.
– Онда шығыс мәдениетіне сай мерекелік ортаны ұйымдастыру өте маңызды деп санаймыз. Бұл аумақта ұлттық тағамдар сатылып, қолөнер шеберлеріне арналған аймақ, кәдесый дүкендері, кітап оқу және мәдени демалыс алаңдары, жәрмеңкелер, экскурсиялар аймағы құрылады. Біздің мақсатымыз – жаяу жүргіншілерге арналған көшені құру ғана емес, мәдениетіміз бен тарихымызды насихаттау, қаланың тарихи орталығының рухын сезіндіру. Бұл аумақтың тек қала тұрғындарына ғана емес, елорданың рухын сезінгісі келетін астана қонақтарына тартымды болғанын қалаймыз, – дейді Е.Базыкен.
Қазір Урбанистика орталығы қала тұрғындарымен кездесулерді ұйымдас­тырып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін қарап жатыр. Сондай ұсыныс­тың бірі Есіл ауданындағы «Уют» тұрғын үй кешені тұрғындарынан түскен. Олар Сығанақ, 18/1 мекенжайындағы бос кеңістіктерді абаттандыруды сұрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =