«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоғамдық кеңес: үш жылда не атқарылды?

0 370

23 ақпан күні бірінші шақырылымдағы Астана қаласы қоғам­дық кеңесінің өкілеттігі аяқталады. Қазіргі таңда «Қоғамдық кеңестер туралы» еліміздің заңына сәйкес қалалық мәслихаттың жұмыс тобы кеңестің жаңа құрамын жасақтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үміткерлерден құжаттарды қабылдау 19 ақпанға дейін жалғасады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі азаматтық қоғам және қала тұрғындары арасынан таңдалуы керек. Жергілікті билік өкілдері 30 пайыздан аспауы тиіс.

25 адамнан жасақталған бірінші шақырылымдағы қалалық қоғамдық кеңес өз қызметін атқару мерзімі кезінде 58 отырыс, 4 рет қоғамдық тыңдау өткізді. Кеңес құрамында әлеуметтік және экономикалық мәселелерді қараған екі комиссия жұмыс істеді. Бұл туралы баяндаған кеңес төрағасы Сансызбай Есілов ұйымның үш жылдық жұмысының қорытындыларына тоқталды.
«Кеңес отырыстарында жалпы алғанда нормативті-құқықтық актілердің 292 жобасы қаралды. Осы құжаттар қала тұрғындарына, олардың тыныс-тіршілігіне қатысты болды. Соның ішінде денсаулық сақтау, білім, энергетика, құрылыс, сәулет, ауыл шаруашылығы салаларындағы 200-ге тарта жобаны мақұлдадық. Өткен жылы қалада қоғамдық көліктегі жолақы жүйесі электронды үлгіге көшірілді. Оның сәтті жүзеге асырылуына қоғамдық кеңес өз үлесін қосты. Кеңес мүшелері автобустарға мініп, адамдармен сөйлесті, жаңа жүйе туралы олардың пікірлерін білді. Сол арқылы жолаушылардың пікірін әкімдік құрылымдарына жеткізді» деді С.Есілов.
Оның айтуынша, ақылы тұрақтар жүйесін енгізу кезінде де кеңестің отырыстарында айтылған ескертулер мен ұсыныстардан кейін тиісті құжатқа көптеген өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектің түйткілі туындағанда да мәселенің оң шешілуіне кеңес ықпалын тигізді. Сол сияқты басқа да маңызды мәселелердің тиянақталуына кеңес араласты.
Бұған қоса, ұйым тұрғындардың өтініштерін қабылдап, жұртшылықпен кездесті. С.Есілов кеңес мүшелеріне атқар­­ған жұмысына, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарына мекеме жұмысы туралы ақпаратты халыққа жүйелі түрде жеткізіп отырғанына алғысын айтып, ке­ңестің жаңа құрамына сәттілік тіледі. Жур­налистердің сұрақтарына жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды