ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ НЕГІЗІ

0 121

Кемел болашақтың кепіліндей Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақстандықтардың тең құқықты екені, этностық және басқа да белгілер бойынша халықтың ара-жігін ажыратуға болмайтыны айтылған. «Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз» деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаев.

Этносаралық қатынастарды реттеуде қоғамдық келісім мен бірлік қағидалары алдыңғы қатарға шығатыны белгілі. Бұл ретте мемлекеттік ұлтаралық саясатты жүзеге асыруда қашанда «Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту Стратегиясы» басшылыққа алынады.

Бүгінгі таңда республикамызды мекендейтін ұлттардың салт-дәстүрлері мен тарихын және мәдениетін насихаттауда елордамызда 28 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің маңызды бағыты – жас ұрпақ­ты толеранттылыққа және этникаралық келісімге тәрбиелеу. Осы міндетті орындауда жексенбілік мектептердің маңызы зор. Қаламызда мұндай 11 білім ошағы бар. Неміс, поляк, корей, татар-башқұрт, украиндық «Ватра» және «Оберег», шешен-ингуш, қырғыз, әзірбайжан, армян, Дала өлкесі казактары мектептерінде түрлі ұлттың 569 оқушысы тәлім алады.

Сондай-ақ, қалалық әкімдік 2012 жылы 23 қарашада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы ассамблеясының Астана қалалық хатшылығымен бірлесе отырып елордадағы ұлттық орталықтардың басшыларымен, оның белсенді өкілдерімен кездесу өткізді. Қазақстандық патриотизмді насихаттап, жастардың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыруда мұндай кездесулердің игі әсері мол. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз жетістіктерінің негізі екені туралы Елбасы Жолдауында да баса айтылды.

Жолдаудың «Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты» деген жолдары отандастарымызды ортақ жеңістерге жұмылдырып, олардың ел алдындағы жауапкершілігін арттырады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 17 =