«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоғамды жаңғыртатын жол

0 56
elorda club каз

Азаматтық белсенділіктің жоғары болуы мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашады. Азаматтық қоғам дамығанда билік пен халық арасындағы дәнекерге айналады. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында көтерілген маңызды мәселе. Президент елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың бір факторы ретінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуды атады. 

«Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді. Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді. Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек» деді Президент Жолдауда. Енді осы тақырыпта қоғам белсенділерінің пікіріне құлақ түрсек.

5d3e2f07916c298818803a68

 

Роза БЕКІШОВА, Нұр-Сұлтан қаласы «Отбасы табысы орталығы» ҚҚ директоры:

Тұрақты қаржыландыру керек

– Бүгінгі таңда елордада 1117 ҮЕҰ бар. Осынша бәсе­келестермен біз сияқты ұйым­дарды қаржыландыруда қиындықтар көп кездеседі. Әрине, біз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, соның ішінде ішкі саясат басқармасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргіземіз. Олар бізді қашан да қолдауға дайын. Дегенмен мемлекеттік тапсырысқа конкурс, тендер жария­лаған кезде көбіне гранттар тиісті ұйымға бөлінбей жатады. Мәселен, отбасы мәселесі жөнінен грантқа конкурс өтер болса, соған қатысы жоқ ұйымдар, бірлестіктер де қатысып, тіпті гендерлік бағыттағы тапсырысты құрылыс саласындағы ұйым жеңіп алуы мүмкін. Осы жағынан әділетсіздіктер болады. Қаржыландыру қиын болғандықтан ұйымдағы қызметкерлердің жалақысын дұрыс төлей алмаймыз, мамандарды көбіне Жұмыспен қамту орталықтары арқылы аламыз. Осы жағынан әкімдіктің көмегі көп. Кім тегін жұмыс істегісі келеді дейсің? Сондықтан біз сияқты үкіметтік емес ұйымдарды тұрақты қаржыландыру мәселесі шешімін табуы керек.

Құрылғанымызға екі жыл болды, отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға байланысты көптеген шаралар, семинарлар, оқу орындары, т.б. мекемелерге барып, дәрістер өткіземіз. Бізге отбасында қиындықтарға тап болған әйелдер көп келеді, оларға мамандар заң тұрғысында және психологиялық көмек көрсетіп, дағдарыс орталығына жолдайды. Қиын жағдайға түскен әйелдерге арнап тігін курстарын ұйымдастырып, сертификаттар береміз. Сондықтан біз сияқты халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, қарапайым адамдардың жағдайына үңілетін ұйымдар көптеп ашылуы және олардың жұмысында кедергілер жойылуы керек деп санаймын.

Самат НҰРТАЗА, саясаттанушы:

Бюджетке салмақ түсіріп, пайда келтірмейтіндер бақылауға алынсын

КЛАБ СУРЕТ САМАТ

– Азаматтық қоғам институттары – демократиялық даму жолындағы елдің бірден-бір белгісі. Бұл институттарда халық өз ұсынысын қоғам болып, ел болып беріп, сол арқылы қол жеткен өзгерістерді өзінің жұмысына қолданады. Өкінішке қарай, кейбір қоғамдық институттар өзіне жүктелген қызмет аясында дұрыс жұмыс істемейді, кейбірі бюджетке тым көп салмақ түсіріп, бірақ әкелетін пайдасы өте аз болады. Керісінше бюджеттен аз ақша алып, елге орасан зор пайда келтіретіндері де бар. Осыны қаржылық бақылау, есеп комитеттері нақты есептеп, пайдасына қарай қаржы бөлуі керек деп санаймын. Себебі мемлекет бюджеті – әр қазақстандыққа тиесілі нәрсе. Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғам өте белсенді болып кетті. Енді осы белсенділікпен өз ұсыныстарын азаматтық қоғам институттары арқылы билікке жеткізіп, оны мемлекет естісе, онда біз үлгі тұтар елдердің қатарына өтеміз. Қазір әрине, бұл бағытта проблемалар жоқ емес, көптеген жұмыстар істелуі керек, олар бір күн немесе бір жылда шешіле қалмайды. Оған уақыт, ынта, зауық, адамдар өздері мүдделі болуы керек, мүмкін азаматтық қоғам институттарында кейбір бірінші басшылар ауысуы керек шығар.

Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты, әлеуметтанушы:

Мемлекеттік субсидиялар еркіндік бермейді

КЛАБ НУРБОЛАТ

– Азаматтық қоғам дамуы үшін әрине, алдымен еркіндік керек. Мысалы, маркетингте сатып алушылардың немесе сатушылардың нарығы болады. Тауар аз болса, сатушылар нарығы, ал тауар мен ұсыныс көп болса, ол сатып алушылар нарығы болып есептеледі. Сол сияқты бұл жерде де мемлекет тарапынан көптеген субсидиялар бөлінеді, ал азаматтық қоғам соған жалтақтайды. Үкіметтік емес ұйымдар, жеке қорлар болсын, бәрі де сол субсидия мен гранттар алудан үміттенеді. Сондықтан мемлекет бәрібір өзінің мүддесін жүргізеді. Сырттан келетін қаржыландыру көздері аз, әрі олар бақылауға алынған. Міне, сол үшін ҮЕҰ-дар халықтың емес, мемлекеттің жағдайына қарайлаңқырайды. Әрине, сыртқы жақтан келетін қаржыландыру бақылауға алынуы керек, себебі олар әртүрлі діни-экстремистік ұйымдар болуы мүмкін. Дегенмен, азаматтық қоғам сәл еркіндеу болса, қаржыландыруды сыртқы қорлардан да алатындай жағдайға жетсе дұрыс болар еді. Қорыта айтқанда, қазіргі таңда бізде азаматтық қоғам мемлекетке бағынышты болып тұр. Тағы бір айтарым, гранттар, мемлекеттік тапсырыстарға байланысты конкурстар өткізгенде ұйымдарға бастапқы кезде аздау мөлшердегі грант берілсе, сосын кейін сынақтан өткесін барып, үлкен гранттарға ие болса, себебі үлкен гранттарды кеше ғана ашылған ұйымдар немесе қорлар алып кетіп жатыр. Бұған бір бақылау қажет.

Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ  басқарма төрағасы:

Қоғамдық кеңестер жұмысы қайта құрылады

437ca970ed4e03e7e8eee2351f4447

– Мемлекет басшысы биыл 16 наурыздағы Жолдауында Азаматтық қоғам институттарын бірнеше бағыт бойынша нығайту көзделіп отырғанын айтты. Оның ішінде осы институттар қатарына жататын саяси партиялар, ҮЕҰ, сонымен қатар қоғамдық кеңестердің жұмысын нығайтуға байланысты бірнеше бастамалар айтылды. Бұл жаңа саяси реформалар негізінде жасалмақ. Көп партиялы жүйені дамытуға байланысты партия тіркеуін бес мыңға дейін азайту, өкілеттіктерінің санын кеміту туралы айтылды, мұның барлығы саяси партиялар және сайлау туралы заңнамаларға өзгерістер енгізу арқылы алдағы уақытта еліміздегі көп партиялы жүйенің дамуына әсер етеді. Сонымен бірге жергілікті өңірлердегі белсенді азаматтардың, азаматтық қоғам өкілдерінің саяси үрдіске қатысуын нығайту үшін қоғамдық кеңестер жұмысын қайта құру ұсынылып отыр. Әсіресе, қоғамдық кеңестер қазіргі таңда бюджетті оңтайландыру, сонымен қатар әлеуметтік экономикалық дамудың басты бағыттарын анықтауда мәслихаттармен қатар жергілікті өзін-өзі басқарудағы бақылау органдарының бірі болып саналады. Сонымен бірге 2019 жылы Президенттің Жарлығымен құрылған Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңестің аясын кеңейту көзделіп отыр. Ұлттық құрылтай құрылатын болады. Бұл құрылтайдың басты мақсаты – құрамына барлық өңірлерден және ҮЕҰ, Азаматтық альянстан, жалпы бүкіл қоғамдағы әртүрлі саяси күштерден өкілдер қосу арқылы еліміздің дамуына қажет бастамалар көтеретін алаңға айналу. Сондықтан болып жатқан өзгерістерде әрбір азаматтың үлесін арттыру үшін осындай үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, әлеуметтанушы, әлеуметтік ғылымдар кандидаты:

Саяси-демократиялық бағытта ұйымдар ашуға шамасы келмейді

salykzhanov-r

– Азаматтық қоғамды дамыту дегеніміз – әлеуметтік топтардың, таптардың үлкен-кіші ұйым ашып, мемлекеттің саяси-экономикалық өміріне араласуы. Ол үшін бірінші кезекте заңнамалық тұрғыдан мүмкіндіктер болуы керек, мысалы, партияға бірігу, қоғамдық қозғалыс, бірлестіктер ашудың ұйымдастыру тетіктері неғұрлым оңай, бюрократиялық кедергілері аз, құру процедурасы тез және оның өкілеттігін тоқтату да жылдам болуы қажет. Біздегі азаматтық қоғам институттары жеткіліксіз және олар негізінен, ірі-ірі қалаларда, әсіресе Алматы мен елордада шоғырланған. Демек шалғай жердегі халық Азаматтық қоғамның жұмысына араласа алмайды деген сөз. Сондықтан заңдағы адам саны, ұйымдастырушыларға қоятын жоғары талаптары азайтылуы немесе жойылуы керек. Ахуа­лына келетін болсақ, көбіне қоғамдық бірлестіктер әлеуметтік көмек, денсаулық, білім саласына байланысты ашылады. Бірақ демократиялық өзгерістер жасау, саяси тұрғыда бастама көтеру жоқ. Қаржыландыру мәселесі көбіне демеушілер арқылы шешіледі. Соңғы кезде мемлекет қолдау ретінде грант бөлу, мемлекеттік тапсырыс беру түрінде механизмдер ойлас­тыруда. Алайда оның да саны жеткіліксіз. Себебі оларды көбіне республикалық мәртебесі бар бірлестіктер алып кетеді. Сонымен қатар ұйымдарды басқару менеджментінде кемшіліктер бар. Қоғамдық бірлестіктерді екінің бірі ашып, басқара береді, олардың басшыларын қосымша құқықтық, салықтық салада оқыту жағы кемшін. Сондықтан олар аса ауқымды, ұзақ мерзімді шараларды алып, атқармайды. Ұйымдастырушылық қабілеті зор болса да оны атқаруды бірі білсе, бірі білмейді. Көбі тапсырысқа ғана жұмыс істеп, биліктің қолшоқпарына айналған. Ендігі кезекте өздерінің ойы, бастамасымен жобаларды қолға алып, оларды қаржылдандыруда мүмкіндігінше мемлекеттен басқа көздерден демеуші тапқаны жөн. Ал мемлекеттен алса, тек биліктің ғана сөзін сөйлейді. Бізге бүгінде қарапайым халықтың мүддесіне жұмыс істейтіндер көп болғаны маңызды.

P.S: Азаматтық қоғамның жандануына үкіметтік емес ұйымдар зор үлес қосады. Қазақстанда 1994 жылы бар болғаны 500 ҮЕҰ жұмыс істесе, 2019 жылы оның саны 22 763-ке жеткен, соның ішінде нақты жұмыс істейтіндері – 15954 ұйым. Дамыған елдерде азаматтық қоғам бұрыннан қалыптасқан. Мемлекет басшысы алғашқы Жолдауынан бері азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керектігін айтып келеді. Себебі азаматтық қоғамы мықты ел әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып, демократиялық құндылықтар ел игілігіне айналады.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды