Қоғамды қолдаушы қор

0 56

Қазақстан мемлекеттігінің негізін қалаушы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған жылдан бері қашан да жастарды қолдауға өте үлкен назар аударып келеді. Мұны заңнамалық базаларды жетілдірудегі, мемлекеттік және мемлекеттік емес жастар ұйымдарының жұмыс істеуіне жан-жақты жағдай жасап, жастардың білім алуына және оларға арналған бірқатар әлеу­меттік бағдарламалардың жүзеге асырылуынан көруге болады. Сонымен қатар Елбасы кәсіби жаңа буынды қалыптастырудың стратегиялық маңыздылығын нақты түсіне отыра жастар бастамашылдығын дамытуға ықпал ету, жастардың ғылымдағы, инновациядағы және мәдениеттегі ерекше қабілеттеріне қолдау көрсетуді басты назарға шығарады. Бұл міндеттер – Тұңғыш Президенттің жеке бастамасымен осыдан 20 жыл бұрын құрылған
Нұрсұлтан Назарбаев қорының басты миссияларының бірі.

Жиырма жылдық жұмыс жемісі

Нұрсұлтан Назарбаев қоры бүгінде еліміздегі ең бір ірі коммерциялық емес ұйымға айналды. Осы кезеңде жүздеген ағартушылық, әлеуметтік және қайырымдылық жобалар жүзеге асырылды. Одан бөлек, қор Елбасының жаһандық қауіпсіздік және бейбітшілік туралы идеяларын ілгерілете отыра, рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған көптеген жобаларды іске асырды. Соның арқасында еліміздің барлық аймақтарында нағыз талантты балалар анықталып, олардың дарын қабілетін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көп үлес қосылды.

ДАРЫНДАРҒА ЖОЛ АШТЫ

Қордың қолдауымен сәтті жүзеге асырылған жобалар қатарына жас дарын Бақытжан Байжікеновтің Wunder.kz бағдарламаудың онлайн-мектебі жатады. Мектеп бүгінге дейін мыңдаған оқушыға сайттар, компьютерлік бағдарламалар және мобильді қосымшалар сынды ІТ өнімдер жасауды үйретті.
Жүзеге асырылған «Method PRO» бағдарламасы Қазақстан көлемінде 300-ден астам оқушылар мен студенттерге кодтау және бағдарламалау негіздерін үйретуге мүмкіндік берді. Тағы бір сәтті жоба – «Nommi». Ол саяхаттаушылар үшін роумингке артық төлемеуге және үнемі байланыста болуға септік ететін роутер өндірісіне бағытталған. Қордың қолдауымен жоба командасы Сингапурде стажировкадан өтіп, инвестицияға ие болды. Өнімді сатып алушылар – АҚШ, Сингапур, Германия, Австралия, Канада, Ұлыбритания, Гонконг, Швейцария, Малайзия және т.б. елдер тұрғындары.
Робототехникадағы жас құрас­тырушылар өміріндегі жарқын оқиғалардың бірі – «KazRoboProject» жобасы. Бұл – 10 мен 21 жас аралығындағы балалар мен жастарды робототехникаға оқыту бойынша ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобалар байқауы. Жоба шеңберінде 200-ден астам қатысушы өздерінің ең үздік жұмыс­тарын ұсынды. Ал жоба жеңімпаздарының бірі Любовь Дудченко Қытайдың Чуньцын қаласында өткен XXXIII CASTIC 2018 ғылыми-техникалық инновациялар байқауында ел намысын лайықты қорғады. Оның «Oqyp Qor» деген жобасы аталған халықаралық байқауда бірінші орынды иеленді. Бұл жоба зағиптарға мәтінді Брайль шрифтіне аудару арқылы оқуға мүмкіндік береді.
ҚР Әділет министрлігі және қордың ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткізілетін көлік саласындағы республикалық байқау да жастар тарапынан жыл сайын жақсы қолдау тауып келеді. Бұл байқауда қатысушылар авиакөлік инженериясы саласында білімдерін сынап, авиалайнерлерді жетілдірудегі идеяларын таныстыра отырып жарысқа түседі. Мәреге жеткендер Ұлыбританиядағы Крэнфилд университетінде аэроғарыш мектебінен стажировкадан өтеді.
Қор арқылы Тимур Рыспеков, Владислав Полонский және Анастасия Клещева сынды жас өнертапқыштар есімі кеңінен танымал болды. Олардың «Nasa Space Apps challenge» (АҚШ) халықаралық байқауына қатысуына қор қолдау білдірді. Бұл байқау ғарыштық зерттеулерді насихаттап, жаһандық міндеттерді шешу үшін ІТ және ғарыш саласы күштерін біріктіреді. Балалар осы байқаудың (The Best Use of Hardware) «Бағдарламалық жабдықтарды дұрыс қолдану» номинациясында жеңімпаз атанды. Тимур Рыспековтің бүгінгі таңда 30-дан астам патенттелген жобасы бар және оған Microsoft пен NASA-дан ынтымақтастық туралы ұсыныс түскен.

Жоспарда – жаңа бастамалар

Қордың ауқымды жаңа жобаларына Елбасы ұсынған екі бастама – «Қамқорлық» және «Eл үміті» жатады. Бүгінгі таңда бұл жобалар «Қамқорлық» және «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорлары арқылы жүзеге асырылуда. Қазақстанда қазірде 5,7 миллион бала, соның ішінде 89 мың бала мүгедектігі бойынша және білім беруде ерекше қажеттіліктері бар 150 мың бала тіркеуде тұр. Көбіне олардың ата-аналары білікті мамандар көмегі мен дұрыс ақпаратты қайдан және қалай аларын білмейді. Дәл сол себепті де Елбасы аталған бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Бұл бағыттың мақсаты – қоғамдағы ерекше қажеттілігі бар адамдардың барлық керегіне қол жеткізуін бәрімен теңестіру. Соның нәтижесінде ондай адамдар тек сапалы көмек алып қана қоймай, қоғамдық өмірге белсенді түрде тартылатын болады. Ал «Ел үміті» бастамасы болашақ көшбасшылар мен өз ісінің білгірлерін дамытуға арналған жобалардың бірыңғай жүйесіне жұмылуға бағыттайды. Аталған бастама шеңберінде бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Myń вala» – ұлттық олимпиадасы. Ол арнайы ауыл мектептерінен шыққан балалар үшін жасалған. Жыл сайын олимпиада 5, 6 сынып оқушыларының арасынан мыңдаған үздіктерді анықтайды. Оларға жаңа білім алуға, өзін жетілдіруге мүмкіндіктер жасалады. «Eл үміті» бастамасының екінші бағыты – жыл сайынғы «El Maqtanyshy» жүлдесі. Бұл жүлде 7 пән, атап айтқанда, лингвистика, география, химия, физика, биология, математика және информатика бойынша халықаралық пәндік олимпиадада ең жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға беріледі.

ОНЛАЙН ОҚЫТУ

Елбасы қоры жастардың білім алуына жаңа мүмкіндіктер аша отырып бірнеше жылдан бері онлайн оқыту жобаларын жүзеге асырып келеді. Коронавирус пандемиясынан білім беру саласында шектеулер пайда болуына байланыс­ты қор онлайн оқытуды ұйымдастыру жұмыстарын жандандырды.
Онлайн-оқытудың өзектілігі жоғары болып тұрғанын ескере келе Елбасы қоры «Аман келешек» бағдарламасына түзетулер енгізді. Соның аясында «Мен – жаңа әлемді жасаушымын» атты жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл инклюзивті ағартушылық жоба балалар үйлері мен түзету мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілеріне арналған. Жоба онлайн режимде өтетін шебер-кластар, воркшоптардан тұрады.
Назарбаев қорының екі онжылдық қызметіне көз жүгіртсек, қор жанындағы мемлекеттік тілді дамыту қорының сан салалы жұмысын да атамай кетуге болмайды. Бұл ұйым 2008 жылдан бері 200-ге жуық түрлі тіл жобаларын жүзеге асырған. Солардың ішіндегі ең сүбелілері: «Qaz Comics» интернет ресурсы, ол қазақтың аңыздарына негізделген қызықты онлайн комикстерден тұрады, ал «Soyle.kz» порталы қазақ тілін тегін үйретіп қана қоймай, ұлттық мәдениетпен танысуға мүмкіндік береді, бұған қоса «Qazaqstan3D» сайты Қазақстанның әдемі жерлері және еліміздің рухани мұрасымен, географиясымен, тарихы және туризм саласымен таныстырады.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры жұмысының басым бағыттарының бірі – Елбасы идеяларын кеңінен насихаттау. Сол тұрғыда қор ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандумдар аясында халықаралық беделді ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізеді. Негізінен, бұл жобалар білім беру, мәдениет және қайырымдылық бағытына қатысты. Қор жанындағы әлемдік экономика және саясат институты жаһандық қауіпсіздік, жергілікті дағдарыс, экономика, жаңа сын-қатерлер бағыттарында халықаралық саясатты жүзеге асыру үшін зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізуде.
Нұрсұлтан Назарбаев қорының 20 жылдық қызметінде жастар үшін көптеген жобалар дайындалып, жүзеге асырылды. Осы жылдар ішінде қор жүздеген талантты жастарға қанат бітіріп, олардың елдің намысын қорғайтын азаматтарға айналуына, прогрессивті өзгерістердің көшбасшысы болуына ықпал етті.

Қанат Жұмабаев, Нұрсұлтан Назарбаев қорының атқарушы
директоры:

– Жыл сайын Қазақстанның 80-нен астам ең үздік студенті қордың атаулы шәкіртақысының иегері атанады. Еліміздегі жүздеген ақын-жазушылар әр жылда «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауына қатысады. Ал шығармашылық жобаларды қолдауға арналған гранттар байқауы жастардың өзін-өзі дамытып, дара жолын табуына мүмкіндік беруде. Әсіресе, жастарды дамытудағы ең өзекті бағыттардың бірі – IT саласы. «Smart Zholy» бағдарламасы аясында отандық стартаперлер, программистер шетелдік әріптестерімен бірге пайдалы сервистер құрды. Стартаптар арасында Азияның жетекші венчурлік қорынан қаржыландыруға ие болған «Intellection» стартапы бар. Оған қатысушылар мобильді қосымшалар жасап шығарумен айналысады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =