Қобыздың үні сарнады

0 53

Елордалық «Наз» би театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қобызшы Раушан Оразбаеваның «Қобыз сарыны» атты лекция-концерті өтті. Талантты өнерпаз бұл шараны әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арнады.Бұл кештің идеясы Раушан Жұмабекқызының өзінен туыпты. Соны театр басшылығы құп алып, мәдени жобаны бірлесіп жүзеге асырды.
Концерттің форматы да өзгешелеу болды. Алдымен өнер иесі қасиетті қара қобыздың шығу тарихынан сыр тарқатты. Қорқыттан бастап, Қойлыбай, Ықылас аталарымыздың шығармаларына тоқталды. Кеңестік қоғамда киелі аспапты бүгінгі ұрпаққа жеткізуге мол үлес қосқан Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев туралы ой толғады. Олардың артында қалған мұралары жайында тағылымды естелік өрбітті.
Кеш барысында Раушан Оразбаева Қорқыттың «Башпай», Тілептің «Бақсы» күйлерін орындап, тыңдарманды тәнтті етті. Сондай-ақ халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Жұмагүл Қуанышқалиева Қорқыттың «Қоңыр» күйін шебер ойнаса, дарынды қобызшы Әділ Наурызбек Ықыластың «Айрауықтың ащы күйі» туындысын әсерлі жеткізді. Бірнеше мәрте өнер байқауларында топ жарып жүрген Аян Мұңайтпас Ықыластың «Қазан», Аяужан Жеңісбекова «Жезкиік» күйін ойнап, Шолпан Шарапатова Сүгірдің «Ілмесін» төгілдірді.
Сонымен қатар жыршы Арайлым Өмірбекова жырдан шашу шашса, «Наз» театрының әртістері «Тау ұлы» биін көрерменге ұсынды.
Қысқасы, қасиетті қара қобыздың үні сарнаған кеш жоғары деңгейде өтті. Бірақ… иә, бірақ осы концертке жиналғандардың қарасы аз болды. Залда саусақпен санарлық адам отырды. Раушан Оразбаева бір сөзінде: «Мен жиі Еуропаға сапарлаймын. Өйткені еуропалықтар қобыз үнін тыңдағанды өте жақсы көреді. Қобыз тек музыкалық аспап емес. Ол жаныңды емдеп, жүрегіңді тыныштандырады. Сөйтіп, олар одан рухани нәр алады» деп еді. Ал біз қобыздың қадірін біліп жүрміз бе?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =