ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: «ИМАМДАР ІЗГІЛІККЕ ҮНДЕУДЕН ЖАЛЫҚҚАН ЕМЕС»

0 238

IMG_9883

– Наурызбай аға, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз қызметін бастағанда бірнеше тың жоспарларды алға тартып, дін қызметкерлеріне  үш бағыт бойынша жұмыстарға көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Осы орайда елорда мешіттерінде елең етерлік қандай игі істер атқарылуда?

– Иә, биылғы 14-15 қантарда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төралқа мәжілісінде бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ағымдағы жыл  «Дін мен дәстүр жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы мәжілісте хазретіміз биыл атқарылуы тиіс басым бағыттарды айқындап берген болатын.

Бұл бағыттар бойынша жат ағымның жетегінде жүргендерді дұрыс жолға салу, аймақтарда уағыз-насихат жұмыстарын жандандырып, жүйелі түрде қайырымдылық шараларын ұйымдастыру істерінде имамдарымыздың еңбектері айтарлықтай.

Діни басқармамыздың осы белгілеген басымдықтары аясында биыл елордамызда өтуі тиіс  діни іс-шаралардың жоспарын әзірледік. Осы жоспарды басшылыққа ала отырып, бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз.

Бұған қатысты Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің  жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деп, жеткіншектеріміздің рухани әлеуетін арттыруға баса назар аударған болатын. Осыған орай, бүгінгі мектеп қабырғасында жүрген жастарымызды жат ағымдардан, жаман әдеттерге әуестенуден сақтау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқардық. Қалалық білім және дін істері жөніндегі басқармалармен бірлескен  «Тәрбие мен білім – егіз» атты жобамыз жемісті жүргізілуде. Колледждер мен орта білім беру мекемелерінің жоғары сынып оқушыларына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде  жүйелі түрде тәрбиелік-түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағытталған осы шара аясында 43 мектепте – 4 980 оқушыны, 12 колледжде – 1 120 студентті қамтыған тәрбие сағаттарын өткіздік.

Кітап – қашан да өз құндылығы мен мәнін жоймайтын білімнің бұлағы. Кез келген адамның білімі мен дүниетанымының, ой-өрісі мен сана-сезімінің дамуында кітаптың алар орны ұлан-ғайыр.

Осыған орай, жастарымыздың таным көкжиегін ұлттық құндылықтарымыз негізінде қалыптастыру мақсатында Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп «Кітап – білім  бұлағы» атты жобаны жүргізудеміз. Бұл жоба бүгінде оқырмандар мен студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имам-молдалардың біліктілігіне баса назар аударуда. Осыған орай, «ХХІ ғасыр имамы» зияткерлік сайысын өткізуді жоспарға алып отыр. Мешіттерде діни білімі терең, интеллектуалды заманауи имамдар бар ма?

– Қазіргі таңда Астана қаласындағы жеті мешіт пен «Астана» медресесінде 46 дін қызметкері жұмыс істейді. Олардың көпшілігі жоғары діни білімді мамандар. Орыс тілінде насихат жүргізетін 9 имамымыз бар. Ал, бұл имамдарымыздың ішінде әрісі Мысырдағы «әл-Азхарда», берісі өзіміздің «Нұрмүбәрак» секілді беделді оқу орындарында тәлім алғандары да баршылық. Бұған қоса, діни іліммен қоса дүнияуи сала бойынша, ел ішіндегі ЖОО-дарында магистратура, доктарантура бөлімдерін бітірген сан саланың басын біріктіре білетін имамдарымыз да жоқ емес.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ҚМДБ-ның төрағалығына келген күннен бас­тап алға қойған мақсаттарының бірі – бәсекеге қабілетті, соңынан бұқара халықты ерте алатын заманауи имамның келбетін қалыптастыру еді. Осы бағытта бүгінде Астана қаласы бойынша да бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізудеміз. Атап айтатын болсақ, алдағы сәуір айының 28-30 күндері қаламыздағы мешіттердің имамдарына арналған біліктілікті жетілдіру семинары ұйымдастырылады. Бұл семинарда Ислам ақидасы, фиқһ негіздері, хадис ілімі және шешендік өнер ерекшеліктері, тайм-менеджмент секілді пәндерден дәрістер оқылатын болады.

– Жуырда ҚМДБ тарапынан құрылған Ақпараттық-насихат тобы елордамызға да ат басын бұрды. Қаламыздың бірқатар мекемелерін аралап, бүгінгі таңдағы дін, діл төңірегіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, әлеуметке асыл дініміздің ата дәстүрімізбен біте қайнасқанын жан-жақты насихаттады, кездесулер өткізді. Осыдан бөлек, жергілікті халықтың діни сауаттылығын арттыруға Астаналық мешіттер қаншалықты атсалысуда? Ағым жетегінде жүрген жастарымызға насихат жүргізіліп жатыр ма?

– ҚМДБ-ның жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихаттық тобының (РАНТ) құрамына бүгінде елімізге танымал, білімді 30 дінтанушы имамдарымыз жұмылдырылған. Бір сөзбен айтқанда, көшпелі дінтанушылар тобы ел-елді аралап, халықпен кездесіп, олардың көкейкесті сұрақтарына   жауап беріп, дұрыс бағытқа жол сілтеп келеді. Бұл бастаманың нәтижесі де жоқ емес және келешекте де берері көп деп ойлаймын. Аталмыш топ 11-15 наурыз аралығында Астана қаласында іс-сапармен болып, әртүрлі бағыттағы 24 нысанда 17 000 адаммен кездесу өткізді. Студенттер, мектеп директорлары, мемлекеттік қызметкерлер, жұмысшы топ, ақсақалдар, бір сөзбен айтқанда, қоғамның барлық әлеуметтік топтары қамтылды. Кездесулердің маңыздылығын бұқара халықтың РАНТ мүшелеріне аса қызығушылықпен қойған сұрақтарынан аңғаруға болады.

Сондай-ақ  қаламызда үш жергілікті ақпараттық-насихат тобы жұмыс жасауда. Бұл топтардың екеуі – қазақ  тілді, біреуі – орыс тілді. Қаламыздағы білімді 15 имамнан құралған бұл тобы түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен, ЖОО-ның жатақханаларында студенттермен кездесулер өткізуде. Сондай-ақ, мешіт имамдарының ақшам намаздарынан кейін жамағатпен жүздесуі бүгінде үрдіске айналған. Муфти хазретіміздің қойып отырған талаптарына сәйкес мешіт жамағаттарының, елордалық үмметіміздің басын қосып, ынтымағын нығайтуда қала мешіттері және жалпы жұртшылық арасында ұлттық спорт түрлерінен спартакиада ұйымдастыру, жамағатпен емен-жарқын сұхбаттасу мақсатында дастарқан жаю қалыптасқан үрдіс десек те болады. Қала әкімінің ұйытқы болуымен өткізілетін «Біз таза қаланы қолдаймыз» атты дәстүрлі сенбіліктер мен Елбасымыздың әр Жолдауында айтылатын саламатты өмір салтын қалыптастыру ісінен мешіт қызметкерлері қалыс қалған емес.

– Биыл тұңғыш рет Діни басқарма Түркиядағы «Хасеки» имамдардың білімін жетілдіру институтымен келісімшарт жасады. Түркияға аттанған алғашқы топтың ішіндегі дін қызметкерлерінің арасында сіздің ұжымнан да бар деп естідік.

– Иә, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия еліндегі «Хасеки» институтымен үлкен бір жемісті істі бастап та кетті. Елімізден діни қызметкерлеріміздің алғашқы тобы бүгінгі уақытта аталмыш институтта білімдерін шыңдауда. Олардың қатарында «Нұр Астана» мешітінің азаншысы  Мейіржан Құлсымақов пен «Астана» медресесінің 6 бірдей шәкірті бар. Бұған қоса, медресеміздің Д.Жағыпаров, Б.Құсайнов, Е.Матайбаев, М.Қонысбек, С.Аманжолов секілді ұстаздары бүгінгі күнде Мысырдағы беделді оқу орны – «әл-Азхарға» жолдама алды. Бұл тізім бұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта шәкірттеріміз бен дін қызметкерлеріміз аталмыш оқу ордаларында білім жетілдіретін болады.

Өзекті мәселенің бірі – халқымыздың діни сауаттылығы. Осы ретте мешіт жанынан ашылған сауат ашу курстарының жұмыстары жөнінде айтсаңыз. Хазретіміз «Кемі бес шәкірті болмаған имам өзін имам деп санамасын» деді. Ағартушы ұстаз ретінде наиб имамдарыңыздың дәріс сабақтары бір жүйеге түсті ме?

– Діни сауаттылық бүгінгі заманның талабы болып отыр. Ағымдарға қарсы күресте біздердің әрбіріміздің діни сауатымыз, рухани иммунитетіміз мықты болуы керек. Бұл ретте елорда мешіттері жанынан ашылған сауат ашу курстары бүгінгі күнде қалыпты жүйеге түскен. Бізді қуантатыны – жыл сайын есі кірген баладан еңкейген қарияларға дейін құран нұрымен сусындауға ниет білдірушілердің санының артуы. Бүгінде қала мешіттеріндегі сауат ашу курстарында 600-ге жуық шәкірт дәріс алуда. Шәкірттерге дәріс беру ісінен бірде бір имам тыс қалмайды. Жеке өз басым аптаның әр сәрсенбісінде ақида тақырыбында мешіт жамағаттарына дәріс жүргіземін. Биылғы жағымды жаңалығымыз – сауат ашу курсы шәкірттеріне арнаулы дәріс өткізетін кабинеттер жасақтадық. Қыз-келіншектер және ерлерге арналған, заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген дәріс сыныптары бүгінде бұқара халықтың игілігіне айналды. Жуықта ғана сауат ашу курсына қатысушылардың білімін шыңдау мақсатында «Білімді мыңды жығар» атты діни-интеллектуалдық білім сайысын өткіздік. Алдағы уақыттарда да шәкірттердің білімге деген қызығушылығын арттыратын осындай игі шараларды жиі ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Әңгімеңізге рахмет. Алла істеріңізге сауаптан жазсын!

 

Сұхбаттасқан

Жайық НАҒЫМАШ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =