Қиындық сынағында қайралған

0 86

Абай даналығын ұстанады

«Жұмысы жоқтық, Тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын» деген Абай атамыздың сөзі – менің бойтұмарым. Өйткені расымен жалқаулық, тойынып тамақ ішу адамды ойлаудан алыстатады». Руслан Тұрысбеков бізбен сұхбатын осылай бастады. Оны нағашы атасы мен әжесі тәрбиелеп өсірген. Әкесін білмейтінін, анасы өзі кішкентай кезінде өмірден өткенін айтты. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, бухгалтерлік және заңгерлік мамандығына колледжге түскен. Осыдан кейін өмірдің талай қалтарыс-бұлтарыстарынан өтеді. Арнайы орта біліммен жұмыс табу да қиын болды. Бірақ жас та болса адамдық жолдан таймауға тырысып келеді. Ешкімнің ала жібін аттамау – өмірлік қағидасы. Адал мал тап дегенге сүйеніп, алғаш еңбек жолын дүкеннің еденін жуудан бастаған. Өйткені заңгерлік білімін әлі де тереңдету керек еді. Ал ол үшін ақша қажет. Сөйтіп дүкендерге кешкісін барып, қораптарын жинап, жуып тазалап күніне бес жүз теңге еңбекақысын алып жүрді. Аз ғана қаражат неге жетеді? Бірақ Руслан еңсесін түсірмеді. Түбі оқу керек екенін түсінді. Тынбай талмай еңбектенді, ақшасын тірнектеп жиып жоғары оқу орнына түсті. Биыл заңгер мамандығы бойынша дипломын алды. Әр сөзінде Абайдың даналығын алға тарқан Руслан орыс тілін үйрену үшін де «Путь Абая» кітабын оқып, тілін жаттықтырған.

Қатқан нанның дәмі…

Руслан Тұрысбеков колледж бітірген соң 2014 жылы жеке компаниясын ашады. Алайда тәжірибесіз, оның үстіне артық қаржысы жоқ жігітке істі бірден дөңгелетіп әкету мүмкін болмады. Шынымен қиналды. Басында тек арендаға жұмыс жасады, пәтерақысы түгілі тамақ табу қиындап кеткен күндер болды. Сондай кезде пәтерін тапсырып, вокзалда түнеген кездері аз емес. Таңертеңгі жұмысына дейін уақыт өткізу үшін саябақты да паналады. Жарты құрсақ жас паркте жұрт тастаған қатқан нан мен құртты жеп, жүрек жалғап жүрген күндерін ұмытпайды. Сөйтсе де, сәл қиындыққа сынып кететін жігерсіз емес еді. Русланды қайраттандырған өмірдің осындай қатал тұстары. Өйткені ағысқа қарай жүруден жасқанбайтын жанартаудай мінезі бар. «Қасымдағы жолдас жігіттер свежий нан жейік десе, қатқан нанның бәрін маған жинап қойыңдар деймін. Өйткені олар аш боп көрген жоқ. Қатқан нанның қадірін, дәмін білмейді. Ал мен білемін. Өйткені қиын күндерде менің құтқарушым болды. Сосын адам аш жүргенде миы тез жұмыс жасайды. Тамақты тойып ішпеңдер деймін жігіттерге» деп ағынан жарылды Руслан. Тік жүріп, тура сөйлеп, айтқан сөзіне берік, ісіне мығым болуды өзіне ғана емес айналасындағы достарына да үлгі етеді.

Жетім көрсең жебеп жүр…

Бүгінде Руслан Тұрысбеков қандай қиындыққа қарамастан жылжымайтын мүлік агенттігінің жұмысын дамытып, жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтып отыр. Жас та болса бір компанияға бас болып алдына үлкен мақсаттар қойған. Мақсатының бірі – өзі секілді ата-анасынан айырылған жетім балалардың құқын қорғау. Қазір өзі айтқандай, елордада жасы 18-ден асқан екі мыңның аса жас бар. Сол жастардың түрлі мәселесін соның ішінде тұрғын үй жағдайын шешуге заңгерлік білімін салып жүр. Қала басшысымен де, әкімдік өкілдерімен кездесуде әсіресе интернаттан кейін не баспана жақ, не тұрақты жұмыс жоқ жетімдердің жайын мәселе етіп қояды. Алайда әкімдік бұрынғыдай тегін үй жоқтығын, тек арендалық үйдің өзі кезекпен берілетінін және ол 5 санат бойынша бөлінетінін алға тартады. Ал Руслан болса, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен кейін неге жетімдерге бөлінбейді деп қиналады. Өйткені көпбалалы аналар, мүгедек жандар, бюджеттік қызметкерлердің арасынан жетімдерге тиетін баспана мардымсыз деп өкпесін айтты. Не қамқоршысы жоқ, туысы болса да қарайламайтын қорғансыз балаларға баспана кезегінде бөлек мәртебе берілсе деген арманы да бар. Әйтпесе бұл бізді көпбалалы аналарға қарсы қою ғой деп ішкі ренішін де жасырмады.
Алайда Руслан өзінің қанша жыл осы мәселемен жүретінін білмейді. Бір білетіні, жетімдерге деген көзқарас дұрысталмайынша күресетінін айтты. Ең бастысы, қазір тағдырластарын өмірдің жарқын жақтарын игеруге үйретеді. Ылғи көпшіл болуға, адамдарды жатыр­қамауға, өзінде барды бөлісуге тырыс дейді. Бір жетімнің басына іс түссе, бәрін жұмыла көмектесуге шақырып, ұйымшылдыққа үгіттейді. Білім мен еңбек тал бесіктен жер бесікке дейін, сондықтан бір күнмен өмір сүрмей білім алуға талпыну керектігін әрбір тағдырласына түсіндіріп бағады. Өйткені өзі еңбекпен шыңдалып, білімімен өзгелермен теңесіп жүргенін мойындайды. Жұмыс кабинетінде көкбайрағын желбіретіп, үстеліне тудың символын қойған Русланның елге деген ерекше махаббатын аңғардық. Өзі айтқандай өмірдің қадірін, Отанның қадірін сезіну үшін адамдықтан айырылмау керек дейді.
Русланмен кездесу де кездейсоқ болған жоқ. Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бұған дейін жетім балалардың мәселесін қозғап, Zoom платформасымен де, оффлайн кездесу де ұйымдастырған болатын. Сол кезде суырылып шығып, жанайқайларын жасырмай айтқан жастың бірі осы Руслан Тұрысбеков болатын. Сұхбатымыздың соңында іскер жігіт «Өзімнің кәсібімді дөңгелетіп, тыныш та жүруіме болатын еді. Бірақ бүгінгі қоғамда баспанасыз жүрген жетімдердің көз жасы мені тыныш жатқызбайды» деді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − eleven =