Қиындық пен қызық аралас күндер

0 64

Әр басылымның ақпараттық кеңестікте өз орны бар. Қазіргі таңда апталық таралымы 15000 дана болып отырған «Астана ақшамы» газеті өзі жарық көрген 30 жылға уақыт ішінде өсті, өркендеді, кемелденді. Басылым елорданың саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени тыныс-тіршілігін насихаттайтын беделді ақпарат айнасына айналды.Бұдан он сегіз жыл бұрын, яғни 2002 жылы, Қазақстан журналистер академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты атануы – осындай басты жетістіктің алғашқы бір парасы.

Мен бұл басылымда 1997 жылы Кенже Жұмағұлов бас редактор болып тұрған кезінде қызметке қабылдандым. Бес жылға жуық жұмыс істеген тұсымда бұл газетке Жұмагүл Саухат, Мағжан ­Садыхан бас редакторлық етті. Үш бас редактордың әрине, ұжымды басқару, басылымды рухани жетілдіру жұмыстарында елеулі еңбектеріне тоқталсам деймін..
1990 жылы ел тәуелсіздіке енді қолы жетіп жатқан тұста орыс­тілді халық басымырақ болған Целиноград қаласында ұлттық тілде газет ашу небәрі 30-дан енді асқан Кенже Жұмағұловқа оңай тиген жоқ. Мұны газеттің 30 жыл, 40 жыл … әрмен қарай 100 жылдығы болса да қашан да басымырақ айту керек. «Ақмола ақиқаты» газеті екі бет болып жарық көрсе де, алғашқы қалыптасу барысындағы сыннан мүдірмей өтті. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму, мәдени-рухани өркендеу мәселелерін демократиялық тұрғыда үздіксіз жариялап тұрды. Дәл осы тұста бас редактор К.Жұмағұловтың орынбасары болып, күні бүгін осы басылымның төрінде отырған, Ауған соғысының ардагер-журналисі Ғалым Қожабековтің айрықша шығармашылық еңбегін бағалау ләзім.
Жұмагүл Саухат бас редактор болған кезіндегі ерекшелік – сол газетке республика көлемінен есімдері танымал журналист-қаламгерлер қызметке тартылды. Ақмола қаласының Астана аталуына байланысты «Ақмола ақиқаты» газетінің атауы да «Астана ақшамы» деген жаңа атауға ие болуы Жұмагүлдің тұсында. Басылымның бұрынғы форматы кеңейді. Оқырмандары көбейді. Газеттің бет ажары бұрынғы кейіптен жақсарды. Бұл салада бас редактор Ж.Саухаттың орынбасары болған Талғат Батырхан, жазушы-қаламгерлер Дидахмет Әшімхан, Жанболат Аупбаевтың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Шынын айт­қанда, ақшамдық журналистерге тың идея, дұрыс бағдар беріп жөн сілтеп отыруда аталған орынбасарлар намысты қолдан бермеді. Басылым бетінде «Қаз қалпында», «Жан айқай!», «Айтшы ағайын, тілегіңді, назыңды», «ХХ ғасыр – жүз жылдық жылнама», «Көкейтесті», «Боямасыз өмір», «Ұлылар ұлағаты» деген айдарлармен үздіксіз берілген материалдар оқырмандарға қызық болды. Бірте-бірте «Астана ақшамы» газеті республикалық деңгейге көтеріліп, таралым ауқымы кеңейді.
Қазақстанның әр түкпірінен келген қаламдары жүйрік Жанғали Хасенов, Таңатар Төлеуғалиев, Аманкелді Қияс, Айтқадыр Тілеуов, Ерғазы Әсембекұлы, Бекен Қайратұлы, сәл кейінірек келген Төлен Тілеубай, Азамат Есенжол отбасымен баспанасыз, пәтер жалдап тұрып «Астана ақшамы» газетінде ұмытылмастай өз қолтаңбаларын қалдырды. Егер сол жылдардағы газеттің мұрағатын көтерсе, тайға таңба басқандай бәрінің қолтаңбалары тұр.
«Астана ақшамы» газетіне рес­публикалық «Егемен Қазақстан» газетінен мол тәжірибе жинақтаған кәнігі журналист Мағжан Садыхан бас редактор болған уақытта басылымның танылу деңгейі жоғарылады. Газет халықаралық дәрежедегі көптеген конкурстарға қысылмай қатысты. Нәтижесінде, жоғары дәрежелі марапаттауларға ие болды. Ал жекелеген журналис­тер республикалық деңгейдегі мекемелердің, ұйымдардың баспасөз хатшысы қыз­меттеріне ауысып, кейі­нірек сол қыз­метті өздері басқарды. Қысқасы, ақшамдықтардың қанаты қатайып, қаламдары ұшталған үстіне ұштала түсті. Мен де 2002 жылы «Астана ақшамымен» қош айтысып, Мәдениет және ақпарат министрлігіне жауапты қызметке ауысып кете бардым.
«Астана ақшамы» газетінің шы­найы оқырмандары көп, ал авторлары зиялы қауым өкілдерінен болды. Олар «Астана ақшамы» газетінің тұрақты авторлары ретінде көкейтесті мәселелерді ортаға салды. Ал осы тұста ­Сәдібек Түгел мырза Астана қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы болатын. Астанадағы бұқаралық ақпарат құралдарын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын» кезі де осы тұс болды. С.Түгелдің ұйымдастырушылық жұмысы өте ерекше сипатта берді. Кез келген журналист елорданың қай жерінде, қандай іс-шаралар өтетіндігінен баспасөз хатшысы арқылы тез біліп, одан нақты ақпарат таратып отыратын. Журналистер үшін баспасөз парақшаларының пайда болуы да осы тұста басталды.
Иә, біз 1997-2002 ж.ж аралығында «Астана ақшамы» газетінде осылай қызмет еткен едік. Ақшамдықтар, қиындығы мен қызығы аралас осы күндерді есімізден шығара алмаспыз, сірә?!

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
ақын, жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 2 =