«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қиындық көрсе де, әдебиеттен алыстамаған

0 40

Жазушы, тарихшы Жәди Шәкенұлы 1967 жылы мамырда ҚХР-ға қарасты Алтай аймағында Ертіс бойында дүниеге келген. 1991 жылы Шыңжаң оқу-ағарту институтын тарих мамандығы бойынша тәмамдаған. 2001 жыл Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінің аспирантурасын бітірген. 1997 жылы атажұртқа оралған Жәди Шәкенұлы Қазақстанда түрлі басылымдарда, баспаларда және қоғамдық ұйымдарда қызмет етті. Жазушының қазірге дейін 21 кітабы жарық көрді. Бұдан бөлек, ғалымдар мен жазушылардың, этнографтардың тарихи зерттеулер, шежірелік деректер, жыр жинақтары мен прозалық еңбектерінен 20-ға тарта кітапты құрастырып, баспадан шығарды.

baa8e0b3ecafa79c5599fdcd2886dbe1

– Атажұртқа алғашқы келген кезіңіз туралы айта кетсеңіз?

– 1997 жылы 16 қаңтар күні Алматыға ат басын тіредім. Бізді Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы төрағасының бірінші орынбасары марқұм Қалдарбек Найманбаев қарсы алды. Жәркен Бөдеш ағамыз жол сілтеді. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына оқуға түстік. Онда Нығмет Ғабдуллин, Теңізбай Рахымжанов, Серік Қирабаев, Балтабай Әбдіғазиев сынды ұстаздардың сабағын тыңдау бұйырды.

Шындығын айту керек, нарықтық заманнан есі шыққан ескі мәдениет пен қаламгерлері қайыршылыққа мойынұсынғысы келмейтін әдебиеттің «соқыр теке» халі бізді де есеңгіретті. Тұралаған экономика, нарықтық қысым көкпардың додасына салғысы келді, салды да. Сөйтіп қазақ топырағына келіп әдебиетші болудан көрі аштан өлмеудің жолын қарастыра бастадық. Біріміз ала дорба арқалап базар жағаладық. Біріміз университеттің жатақханасы мен стипендиясына бола «студент», «аспирант» атандық. Өз басым қанша қиындық көрсем де әдебиет­тен алыстағым келмеді. Барахолка аталатын базарда тауар арқалап «жол, жол!» деп айғайлап бара жатқан сәттерімде болсын, асхана ашып, елге тамақ үлестірген кездерімде болсын, такси жүргізушісі болып, мас жолау­шыларды тасыған ұйқысыз түндерімде болсын әдебиет­ке деген құштарлығымды суытқам жоқ.

– Арғы бет қазақтарына тілші ретінде танылған едіңіз. Атажұрттағы қадамыңыз қандай болды?

– 1998 жылы Жәркен ­Бөдешұлының таныстыруымен ақын Әділғазы Қайырбеков  «Шалқар» газетіне жұмысқа алды. «Шалқар» мен «Қазақ елі» бірге шығады екен. «Қазақ елі» газетінің бас редакторы Бақыт Сарбала, «Шалқардың» бас редакторы Әділғазы еді. Шеттен келді деді ме жылы, мүләйім бейнеде бауырына тартты. Атажұрттағы алғашқы мектебім болған осы жұмыс орны маған көп нәрсені үйретті.

Қытай азаматтығында болуыма байланысты «Шалқар»-дағы көп мақалаларым жанама атпен жарық көріп жүрді. Соның бірі Оспан батырдың 100 жылдығына байланыс­ты жарық көрген тізбекті мақалаларым еді. Мақала Ж.Баршабаев деген атпен жарық көрді. Баршабай – үшінші әкемнің есімі. Қазан қаласынан діни сауат алған. Өз тұсының оқымыстыларының бірі болған. Сүйегі Зайсанда жатыр. Ол кісі ұстаған Құран-Кәрім әлі сақтаулы.

Тек Оспан батыр ғана емес, 1970 жылы атылып кеткен ­Қызырбек Оралов есіміне байланысты да атажұрттағы алғашқы еңбектерімді «Азамат Алашұлы», «Алтай Алашұлы» деген секілді аттармен жариялап жүрдім. 2001 жылы балалар әдебиетінен жазған мысал әңгімелерімді топтап, «Ақбота» деген атпен кітап етіп өз қаржыммен шығардым. Оны Алматы қаласындағы мектептерге тегін таратып бердім.

Арада біраз жылдар жұмыссыз қалдым. Жұмысқа тіркеу орнына барып біраз уақыт тұрмыстық жәрдемақымен жан баққан күндерім де болды. Газет-журналдардың біразының босағасын тоздырдым. Көбінің жағдайлары мәз емес еді. Ал енді бірі «Қытайдан келгенмін» десем болды ат-тонын ала қашады. Бірақ бірде-біреуі «не жазасың?» немесе «қалай жазасың?» дегенге құлықты болған жоқ. Сөйтіп жүргенде бұрын «Шалқар» газетінде менімен бірге жұмыс атқарған Жаңыл Әпетова жабылып қалған газетті «Шалқар-2» деген атпен қайта тірілтті. Жұмыссыз жүргенімді естіп, бас редактордың орынбасарлығына шақырды.

– Қажығұмар Шабдан­ұлының 6 томдық «Қылмыс» романында жауапты редактор ретінде сіздің атыңыз жазылған еді. «Қылмыс» туралы да айта кетсеңіз?

– «Қазақ әдебиеті» газетінде проза бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс атқарып жатқанмын. Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев осы ұйымның «Атажұрт» баспасына бас редакторлыққа шақырды.

Қажығұмарға байланысты айтар болсам, қауымдастық менен бұрын «Пана», «Қылмыс» (І том) екі кітабын шығарған екен. Енді «Қылмыстың» екінші томын шығарайық десе, Қабдеш Жұмаділов бастаған біраз ағаларымыз: «шығарсаң алты томын бірдей шығар, өйтпесең шығармай-ақ қой. Қор құрып ақша жинап, өзіміз шығарамыз!» деп наразылық білдіріпті. Т.Мамашев болса Қауымдастықтың қоғамдық ұйым екенін, кітап шығару Мәдениет министрлігінің қолдауымен болатынын ұғындырды. Нақты айтқанда: «Министрлік ақша бөлсе, алты томды шығаруға дайынмын» деді.

Министрлік қаржы бөліп, тікелей қадағалауымен жарық көрген бұл кітаптың қолжазбасын Қабдеш дайындаса, редакциясын мен қарап, ақыры ағамыз екеу­міз «Қылмыстың» жүгін бірге көтерістік. Сөйтіп, «Қылмыстың» алты бірдей томына мен редакторлық жасадым. Шын мәнінде редактор деген атым болмаса, бір ауыз сөзін де өзгертпедім. Қаламгердің қажырлы қайраты мен тағдырына жазу мәнеріне құрмет еттім. Тек қана қытайша атауларға аздап түсініктеме бердім.

Қауымдастықта отырғанда Қажығұмар ғана емес, Ақыт Үлімжіұлы, Асқар Татанайұлы, Мағаз Разданұлы сынды талай қаламгердің еңбегінің жарық көруіне өз ықпалымды көрсеттім. Арғы бет ақындарының «Күнгей бет» аталатын ұжымдық жинағын шығардым. Шетел қазағына арналған қаншама іс-шараның басы-қасында жүрдік.

– Осыншама мол жұмыс­тарды тындыра жүріп, әдебие­тіміз бен тарихымыз үшін де талай-талай жұмыс атқардыңыз. Әдебиет пен тарих үшін істеген еңбектеріңізге қысқаша тоқталсаңыз?

– Балаларға арналған «Ақбота», «Балқаймақ», «Ақ балапан», «Арманшыл бала» кітаптарым баспадан шықты. «Ақбота» Қытайда, «Ақ балапан» Түркияда жарық көрді. «Құмырсқаның өнері», «Баланың тапқырлығы», «Піл мен тышқан», «Қапшағай қалай пайда болған?», «Күшік пен мысық», «Наралтай мен Нәр», «Қасқа сиыр мен ақ ит», «Бұғының бұзауы», т.б. мысал әңгімелерім, өлеңдерім бастауыш сыныптың «Ана тілі», «Әдебиеттік оқу», т.б. оқулықтарына және «Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын тексеруге арналған мәтіндер», «Балалар поэзиясының антологиясы» сынды ұжымдық жинақтарға кірді.

Атажұрттағы алғашқы жылдары «Бір уыс сәуле», «Жүрек неге жылайды?», «Жалғыздың үні», «Қаралы көш», «Қытайдағы қазақтар», «Жәнібек батыр» сынды кітаптарым жарық көрсе, соңғы кездері «Бозмұнар», «Оспан батыр», «Тұлпарлар дүбірі», «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары», т.б. көптеген еңбектерім жарық көрді.

– Көпшілік қауым «Қаралы көш» романыңызды жақсы бағалап жүр. Осы кітабыңыз хақында да тоқтала кетсеңіз?

– «Қаралы көш» елімізде үш рет, Түркияда бір рет – жиыны төрт рет басылым көрді. Аталған тарихи романым хақында Тұрсынбек Кәкішев, Тоқтар Бейісқұлов, Темірхан Тебегенов, Жанат Ахмади бастаған бірталай әдебиетші ғалымдар сын-зерттеу мақалаларын жазып, жоғары баға берді. Шығарманың өзегі 1941 жылы қазақтардың алғаш рет Гималай асқан көші және сол көштің батыр көсемі Елісхан Әліпұлы жайында оқиға өрбітеді. Түркияда және елімізде көптеген жас ғалымдар диссертациялық еңбектер қорғады.

– Сөз соңында алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Қазір тарихи тақырыпта жазып жатқан бірнеше кітабым бар. Тарихи роман, тарихи хикаяттар. Әдебиеттану мәселесі бойынша да жазып жүрген теориялық еңбектерім бар. Алла қаласа, алдағы жылдары жарық көреді.

 Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды