Қиын сәттерде сүрінбейді

0 235

Елде індет шарықтау шегіне жеткен мау­сым айында коронавируспен күрестің қақ ортасына жіберілген дәрігерлердің бірі – қоғамдық денсаулық сақтау магистранты Балнұр Жанарбек. Ол 5 жылдан бері елордада қалалық №8 емхананының алдын-алу және психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде еңбек етіп келеді.

Осы жылы маусым айы­нан 15 тамызға дейін қаладағы №3 көпсалалы жұқпалы аурулар ауруханасында Балнұр Слямханқызы вирус жұқтырған орта және ауыр дәрежедегі пациенттерді қабылдап, емдеуге жұмылдырылған.
– Біз ПТР сынақ нәтижесінде ауруы толық расталған елордалық және қала маңындағы Қоян­ды, Қосшы елді мекендерінен тұрғындарды қабылдадық. Сонымен қатар вирусты пневмониямен қоса қосымша созылмалы аурулары бар науқастарды да қарадық. Мәселен, жүрек-қан айналым, эндокриндік жүйесінде ауруы бар нау­қастарға медициналық көмек көрсеттік. Дәрігерлік жұмыс тәжірибеміздегі ең қиын кезең болған осы уақытта тәулігіне 50-80 науқастан қабылдадық. Осы аралықта әріптестерімізбен бірге мыңдаған науқастарды емдеп шығардық. ҚР ДСМ және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінiң қолдауымен дертпен күресте барлық жағдай жасалды. Бұл бізге жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берді, – дейді дәрігер.
СOVID-19-бен күрес жүргізген екі айда ол да барлық әріптестері секілді Ramada Plaza қонақ үйінде отбасын көрмей жұмыс істеді. Қазір қайтадан өзінің қызмет орнына оралып, қалыпты жұмысын жалғастырып жатқан маман аз болса да тәжвирусты жұқтырып келетіндердің бар екенін айтады. Олардың дерті анықталған бойда стационарға емдеуге жіберіледі.
Маманның айтуынша, дертке шалдыққандарда қорқыныш сезімі 2-3 есеге артып кетеді. Олардың көбінде бойын қорқыныш билеп, өмірден күдер үзуге дайын болатындар жиі кездескен.
– Әр түрлі науқастар болды. Қалай да дертімді жеңем дейтіндер де, тұла бойын үрей билегендер де кездесті. Сенімді адамдарды емдеу де оңай. Олар арнайы дәрігерлік емдеудің көмегімен тез-ақ жазылып шығып жатты. Ал күйзеліске түскендерге қосымша моральдық-психологиялық көмек көрсетуге тура келді. Жалпы, бұл вирус тек өкпеге ғана емес, адамның жүйке жүйесіне де теріс әсер етеді. Оның үстіне төрт қабырғада қамалып, оқшаулану, күнде интернеттен кілең «негатив» ақпараттарды оқу да науқастың еңсесін түсіреді. Бірақ дәрігердің ең бірінші емі – алдына келген науқасқа жылы сөзін арнап, оның жазылып кететіне сенімін арттыру болғандықтан біз бұған дайын болып келдік. Дәрігер болған соң сөйлей алу, жабыққан жанның көңілін аулау да маңызды машық. Біз барлық қабылдаған пациенттердің жанынан табылуға тырыстық. Сонымен қатар қосымша қорқыныш сезімін төмендетін неврологиялық препараттар да бердік, – дейді Балнұр Жанарбек.
2008-2015 жылдар аралығында Семей мемлекеттік медицина университетінде «Жалпы медицина» факультетінде білім алған Балнұр оқуын қызыл дипломмен тәмамдаған соң, бірден елордаға бет бұрды. Еңбек жолын ел астанасынан бастауды жөн көрді. Бүгінгі жағдайға байланысты дәрігердің берер кеңесі – азаматтардың алдын-алу шараларын сақтау, дұрыс тамақтану, беттұмшаны күнделікті қоғамдық орындар мен жұмыс барысында тағу.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =