Қияға қанат қақтырған…

0 170

Жақында «Ән жүрегім – Астана» байқауының шымылдығы үшінші рет түрілмекші. Басты мақсаты еліміздің бас қаласы туралы авторлық әндерді насихаттау болып табылатын бұл ән додасына содан бері республикамыздың түкпір-түкпірінен 18 бен 30 жас аралығындағы жүзден астам әнші қатысты. Осы байқауға қатысу арқылы кейбіреуінің үлкен сахнаға жолы да ашылды. Солардың бірі  қазіргі таңда жастардың арасында танымал – Еркін Мәулен. 2011 жылы ұйымдастырылған алғашқы байқауға ақын Нәзира Бердалы мен әнші Маржан Арапбаеваның «Туған жер» әнімен қатысқан, оған қазылар алқасы бірауыздан байқау лауреаты атағын берді.      Ән жөнінде, соның ішінде осы жылдар ішінде байқауға келіп түскен әндер туралы сөзімізді әрі қарай сабақтайтын болсақ, олар негізінен қазіргі таңда тыңдарман қауымға өтімді эстрада жанрында жазылды. Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша да, ол әндердің көпші­лігі отандық радиолардан беріліп, тыңдармандардың сүйікті музы­ка­лық туындыларына айналды. Былтыр екінші рет өткізілген байқаудың Гран-при иегері павло­дарлық Карина Қалымова болды. Атап өтетін жайт, сол байқауда қос елордалық өнерпаз, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының әншілері Нұрбол Балапанов пен Диана Маеваның дуэті жүлдегер­лердің қатарына енді. Атап өтуге тұрарлық бір ерек­шелік – байқаудың әнұра­нының жазылуында. Ол ақын Әбдірахман Асылбек пен композитор Жеңіс Сейдоллаұлының бірлестігінен туды. Байқаумен аттас, яғни, «Ән жүре­гім – Астана» аталатын бұл әнді қазақстандық жұлдыздар шоғы­ры орындап, арнайы бейнебаян да түсірілді. Екінші байқауға қаты­сушы­лардың өнерін бағалаған қазы­лар алқасының төрайымы, Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева байқау жөнінде: «Ән – жүрегім Астана» маған үлкен әсер қалдырды, ерекше дауыс, шынайы сезімдер. Бұл сахнада өнер көрсету – фестивальға қатысушылардың барлығына үлкен құрмет. Жас таланттардың қазір көпшілікке танымал майталман ән­шілер орындайтын әндерді жү­рексінбей орындағандары ұнады және осындай қадам оларға деген құрметті арттыра түседі. Себебі, жас орындаушылар танымал әндерді жаңаша және өзіне тән мазмұнда орындауға тырысады» деген де еді. Сол кезде Курчатов қаласының атынан байқауға қатысып, екінші орын алған Күлайым Қайыр­баева­ның да жолын «Ән жүрегім – Астана» байқауы ашқан сияқты. Себебі, байқаудан кейін оған Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі «құда түсті». Байқаудың екінші ерекшелігі – әлі танылмаған жастардың өнері мойындалған әншілермен сахнада қатар тұрып, ән салуы. Мә­селен, былтырғы гала-концертке Маржан Арапбаева, Майра Нұр­кенова, Бақыт Шадаева, Әлішер Кәрімов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Зивара, «Ұлар» мен «Кешью» топ­тары қа­тысты. Биыл да жұл­дыз­дардың қатары аз болмасы анық. Ендеше, биылғы байқауды тек келіп көріп, шынайы өнерден ләззат алу керек сияқты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

«Таңғажайып планета»

«Сахнадан сәлем» театрлар шеруі аясында  Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қуаныш Жиенбайдың  «Таңғажайып планета»  атты фантасмагория жанрындағы туындысының премьерасы өтеді.

Қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

Жалпы, екі бөлімді драманың негізгі идеясы – Астанаға елдің болашағы үшін бойындағы жігер-күшін аямайтын, әсіресе, қазақтың келешегі үшін қандай қиындықтан болмасын бас тарт­­пайтын адамдардың жаңа тұр­паты, саналы, жігерлі, патриот ұрпағын қоныстандыру.

Шығарма Астана туралы бол­­­­ғанымен, Астана жайында бірде-бір сөз айтылмайды. Кө­рер­мен кейіпкерлердің қимыл-әрекеттері, ой-толғаныстары ар-­қылы қойылымның не айтқысы кел­гендігін анық түсінеді. Жаңа планета–Астана символы! Тәуел­сіздіктің арқасында қазақ даласында бұрын-соңды болмаған жаңа планета пайда болды! Қазақ әлемге тек осы планета арқылы ғана танылады. ХХІ ғасыр – Қазақ халқының жаңа өрлеу сатысына көтерілетін ғасыры!.. Жаңа планетада өмір сүретін адамдардың жаңа қауымдастығы барлық жағынан өзгелерге үлгі-өнеге болуға міндетті.

Әңгіме осы төңіректе өрбиді. Аңыз бен ақиқат бір тақырып аясында үндестік табады. Бізге ең маңыздысы – әрбір Астана тұр­ғы­нының ел алдындағы үлкен жа­уапкершілікті сезінуі, өзгелерге ұқсамайтын жаңа өмір бастап жат­қандарын ұғынуы, соған лайық тірлік кешуі… Күлкі шақыратын, күліп отырып ойлантатын, намыс қам­шылайтын эпизодтар жеткілікті.

Театрдағы шоу

6-8 шілде аралығында Астана тұрғындары мен қонақтары «Астана опера» театры алаңында 3D шоумен театрландырылған көріністерді тамашалайды.

Астана көріністері, қала құ­ры­лысының басталуы, елорданың басты назар аударар нысандары, пиро­техникалық шоу – мұның бәрі қала жұртшылығының назарына ұсынылмақ. Бұл – Астана тойындағы айтулы шараның бірі.

Голографиялық кескін – бей­нені экранда үлкейтіп көр­сету саласындағы жаңа­шыл­дық­тар­дың бірі. Кескін арнайы торға үл­кейтіліп, белгілі бір жарықта жай
көзге көрінбейтін бейнеге айналады. Тек ауада қалқып ұша­тын кескін ғана қалады. Бұл техно­ло­гияның көмегімен арнайы жасал­ған видео сюжеттерді экранда үл­кейтіп көрсетіп, жұртшылықты таңғажайып қиялға жетелейді.

«Astana Ballet» – иммидждік жоба

1 шілде күні елордада  «Astana Ballet» атты жаңа хореографиялық ұжымның тұсаукесері өтеді.

Еліміз қоғамдық – саяси, әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан ғана емес, мәдени жағынан да қарқынды дамуда. Өйт­кені, кез-келген өнердің қанат жаюына барлық жағдай жасалған. Ел мәдениеті мен өнерін одан әрі ілгерілету үшін ұлттық және әлемдік хореография дәстүрін ұстанатын «Astana Ballet» атты ұжымның құрылуы осының айғағы. «Astana Ballet» – Қазақстанның ұлттық би өнерін әлемдік қауымдастыққа танытатын  иммидждік жоба. Ұжымның құрамы А. Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің түлектерінен жасақталған.  Ансамбльдің құрылтайшысы – «Н. Назарбаевтың мәде­ниет, білім беру және әлеуметтік бағдарламалар қоры».  Жаңадан құрылған  ұжым алдағы уақытта әлемдік деңгейде өнер көрсететін, ұлттық ерекшелігі айқын жаңа би репертуарын қалыптастырмақ. Қойылымдарды сахналауға  әйгілі шеберлер жұмылдырылды. Сонымен, мереке қарса­ңында өтетін «Astana Ballet» хореография ұжымының тұ­саукесер концертінде  қала қонақтары  озық дәстүрлі әлем халықтарының билерін тамашалайды.

 

Уыз лебіз

Жанар Колбачаева, Астана күні мерекесін ұйымдастыру комитеті штабының медиа-топ жетекшісі:

Астана – өнер әлеміне қадам басқан жас орындаушылардың, сазгерлер мен ақындардың асқақ арманын үкілеген ару қала. Астана жайлы әндер асқақ арманға, өр мақсатқа, туған жерге деген сүйіспеншілікке толы. Бұл байқау әр әннің мәтінінен азаматтық-патриоттық толғаныстар мен жас қалаға деген үлкен махабатты сезіндіру қажет.

Нұрбол Балапанов, «Ән жүрегім – Астана – 2012» байқауының жүлдегері:

Бұрын да байқауларға қатысып жүріп, жүлдегер болдық. Бірақ былтырғы «Ән жүрегім – Астана» байқауының жөні бөлек. Себебі, бұл – бәріміздің жүрегіміздің төріндегі, халық арасында айтылып жүргендей армандар орындалатын қала. Мысалы, мен Семей өңірінің тумасы болсам да, осында біліммен қатар өнер іздеп, Қазақ ұлттық өнер университетіне түстім. Оқи жүріп, жұмыс та таптым. Бұдан артық жас адамға не керек?!

Ал, нақты байқау жөнінде әнгімелесем, Диана екеуміз дайындықты кеш бастадық. Аз уақыттың ішінде Қонысбай Әбіловтың сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Астана кеші» әнін жаздырып, додаға кірдік. Байқау нәтижесіне сол да әсер еткен сияқты. Дегенмен, өкініш жоқ, ең бастысы, өнерімізді қазылар алқасы мен халықтың талғам таразысына салдық. Бір жағынан, ол өнерімізді әрі қарай шындауға үлкен стимул болды. Осы тұрғыдан алғанда, «Ән жүрегім – Астана» байқауы – жас әншілер үшін үлкен жарнама іспеттес.

Қайырымды «Тілек ағашы»

Астана мерекесінде қала тұрғындары мүмкіндігі шектеулі балалардың тілектерін орындайтын болады.

Елорда тойында өтетін іс-шаралардың әлеуметтік маңызы зор. Мәселен, интернаттарда, қарттар мен балалар үй­ле­рінде, сауда орталықтарында қайы­рымдылық акциялары көптеп ұйым­дастырылмақ. Соның бірі – «Тілек ағашы» деп аталатын қайырымдылық акциясы. Қаланың ең басты сауда, ойын-сауық орталықтарында арнайы ағаш отырғызылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар өз тілектері жазылған хаттарды сол ағашқа жабыстырады. Ал, орталыққа келушілер әлгі тілек-хаттарды оқып, қолдан келгенше өз жәрдемін береді.

Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасының хабарлауынша, мұндай акциялар «Мега Астана», «Са­ры­арқа», «Хан Шатыр», «Керуен», «Азия Парк» сауда орталықтарында өтеді.

Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта елордада кәмелеттік жасқа толмаған 1400 мүгедек-бала тіркелген. Акция жұртшылықтың назарын балалардың мәселесіне аударып, әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

 Шуақты қаладағы серуен

Астана қаласының 15 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында 6-7 шілде күндері «Қазақ елі» монументі алаңында «Шуақты қала» халықтық серуені өтеді.

Екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары бірегей «қала ішіндегі қалаға» бас сұғып, мерекелік жәрмеңке, ойын-сауық аттракциондары, мейрамханалар, заманауи өнер көрмелері, сондай-ақ, күндізгі және кешкі кон­церттік бағдарламаны тамашалай алады. Ашық аспан астындағы сахнада классикалық, джаз және эстрада жанрын­дағы танымал әртістер ән мен жыр­дан шашу шашпақ. Сонымен қатар, осы кеште үрмелі және халық аспаптар оркестрлері де өз өнерлерін ортаға салады. Мереке қонақтары дәстүрлі түркі әуендері мен джаз жанрының керемет туындыларының куәсі болады. Танымал қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өтетін «Эстрадалық марафон» кешкі бағдарламаның көрігін одан әрі қыздырмақ. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанатын балалар үшін «Шытырман», «Құзар шың», «Тайғанақ футбол», «Гладиаторлық шайқастар», «Төбешік» секілді түрлі аттракциондар жұмыс істейді. Тіпті, жаңадан аттракциондар ашылады деп жоспарлануда. «Segway» – екі дөңгелекті өзі жылжитын самокат пен «Up-Wing»- қарғуды күшейтетін аяққа арналған арнайы бекіткіш көпшілікті қызыққа батыратыны сөзсіз. Еске сала кетейік, мерекелік серуен елорда аспанындағы ерекше отшашумен аяқталады.

Ырысты Жалғасбай

Кітап фестиваліне келіңіздер

 

Мереке қарсаңында Абай ескерткіші алдында осындай атаумен кітап және поэзия фестивалі өтеді. Фестиваль оқырмандардың біліктілігін арттырып,балалар мен жасөс­пірімдердің кітап оқуға деген шынайы ынта-жігерін қалыптастыруды көздейді.  

Ұйымдастырушылардың пікірінше, жоба елор­далықтардың кітап оқуға деген қажеттілігін арттырады. Қазақстандық жазушылардың үздік шығармаларын насихаттауға мүмкіндік береді.

Фестиваль бағдарламасына сәйкес қызықты зияткерлік жарыстар, ақындар байқауы өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ, арнайы ұйымдастырылатын кітап жәрмеңкесінен қала тұрғындары өздері ұнатқан кітаптарды ала алады. Шараға жас ақындар, «Шабыт» халықаралық жастар шығармашылығы фестивалінің жеңімпаздары мен лауреаттары, мектеп оқушылары мен студенттер қатысады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + one =