Қиналсаң да қуана біл!

0 26

Елордадағы Ұлттық музейде америкалық суретші Шри Чинмойдың интуитивті кескіндеме көрмесі өтті.

Көрменің мақсаты – күйзеліске тап болған адамдардың одан шығудың жолдарын көрсету арқылы өмірге қуана білуді, оны бағалай білуді көздеген.
Автор өз туындыларын «Джарна Кала» стилінде салады, ол суретшінің ана тілі бенгал тілінен аударғанда «Өнер фонтаны» немесе «Ішкі әлемнен шығатын өнер» деген мағынаны білдіреді.
Шри Чинмой – 1931 жылы туған, белгілі гуманист, жазушы, ақын, суретші, композитор және спортшы. 1964-2007 жылдар аралығында Нью-Йоркте тұрып, біраз елдерге саяхат жасап, дәріс оқып, концерт қойған. Оның «Джарна Кала» стилі губкалар мен қылқаламды ерекше қолдануымен өзгешеленеді. Қылқалам шебері белгілі бір кескіндеме мектебінің ережелеріне бағынуды, бір әдіспен араластырудан бойын аулақ ұстайды.
Автордың түрлі-түс­терді таңдай білуі мен өзгеше стилі оның шеберлігін анық байқатады. Сонымен бірге оның картиналарындағы қанық бояулар, өзгермейтін бейнелер көзге жағымды әсер қалдырып, адамның жүйкесіне тыныштық сыйлайды.
Шри Чинмой мыңдаған абстрактілі кескіндеменің және құстардың қалықтауы арқылы адам жанының еркіндігін білдірген 16 миллионнан астам графикалық суреттердің авторы атанған.
Бүгінде суретші жұмыстарының түпнұсқалары құнды жәдігер ретінде Лондондағы Виктория және Альберт музейінде, Франциядағы ЮНЕСКО ғимаратында, Пале де Руа Мальоркте, Венесуэладағы бейнелеу орталығында Агунг-Рай көркемдік музейінде, Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі Қазіргі заман тарихы музейі секілді атақты орындарда сақталған.
Көрменің ашылуына Қазақстандағы Үндістан республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумар мырза қатысып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуда аталған іс-шараның маңызы зор екендігін атап өтті. Көрме 10 ақпанға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + thirteen =