Қимылы ширақтың ғұмыры ұзақ

0 67

Жылдар бойы қалыптасқан қағиданы бұзу оңай емес. Адам денсаулығына қатысты белгілі бір негізге сүйенген өзіндік тәжірибеміз де жоқ емес. Осы күнге дейін, дәруменнің пайдалысына, күніне әлсін-әлсін тамақтанудың пайдалылығына шүбәміз болмаған. Енді міне, беделді деген докторлардың пікіріне қарап елеңдеп отырған жайымыз бар. Дәрумен пайдасы аз, тіпті зиян зат екен. Дұрысы тәулігіне екі рет, болмаса бір рет тамақтанса да жеткілікті көрінеді. Соқыр ішекті де алып тастаудың керегі жоқ, дәрімен емделеді.Мұны айтып жүрген Американың биомедицина саласындағы үздік зерттеушілердің бірі, Оңтүстік Калифорния университетінің медицина және инжиниринг профессоры. Жасанды интеллект, деректерді өңдеу мен талдаудың заманауи әдістері, геномның молекулалық талдау және қатерлі ісік пен басқа да аурулардың әртүрлі түрлерімен күресу саласында серпінді зерттеулер жүргізілетін трансформативтік медицина институтының басшысы, бестселлерге айналған үш кітаптың авторы – Дэвид Агус. Ол АҚШ-тың бұрынғы президенті тоқсанның төрінен асқан Джимми Картердің, музыкант Нил Янгтың, сенатор Тед Кеннедидің шипагері.
Сонымен америкалық дәрігер медицина саласы ұлы жаңалықтардың қарсаңында тұр деп сендіреді. Көп ұзамай ғалымдар геномды өңдеуді бастамақ. Бұл қартаюға жеткізетін ауруларын жеңіп, өмір сүру ұзақтығын едәуір көбейтеді. Ғалымдар әркімнің жеке басына өзінің бағаналы жасушаларынан немесе т-лимфоциттерінен дәрі-дәрмектер жасайды. Дәрігерлер жасанды интеллектпен біріге отырып адам ағзасының барлық кеселдерін дөп басып, диагнозын дәл айтатын болады. Жаңа технологиялар жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуға, эпидемияны тоқтатуға және қартаюды бәсеңдетуге ат салысады.

Жаңа технология көмекке келеді

Жаңа технологиялардың жаңалықтарына сүйенген адам баласына тағы да таңдау жасауға тура келеді. Дәрігер өсіретін факторлары бар гормондардың көмегімен жас қалпымызда қалдыру мүмкіндігін алға тартады. Біздің елге жете қоймаса да бүгінде Америкада бұл үрдіс көптеп қолданылуда. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, бұл гормондарды қолданғандар шынымен де жас көрініп, биологиялық өсуін тежейді. «Ия, олар жасартады, адамның бұлшық еттері қатайып, терісі жақсарады. Бірақ бұл керемет сіздің жасыңызды 16 жылға қысқартады. Бүгінде біз өсу және жастық қалпын ұстап тұратын гормондарды зерттеуге миллиардтаған қаражат салып, жыл сайын нарыққа жаңаларын шығарамыз. Бірақ сұрақ өзекті: сіз ұзақ жасап сау жүргіңіз келе ме, әлде сұлу әрі жап-жас қалпыңызда тез өлуді қалайсыз ба?»
Америкалық дәрігер қозғалыс – өмірдің өзегі екенін еске салады. Оның сөзіне қарасақ, кеңседе 6 сағат отыру денсаулық үшін бір қорап темекі шегумен бірдей зиян келтіреді. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары бір Британдық көлік агенттігі 50 мың көлік жүргізушілері мен кондукторлардың арасында зерттеулер жүргізді. Олар бәріне ортақ бір жағдайда жұмыс істеді. Кондукторлардың денсаулығы сыр беріп аса қатты ауырмаса да, жүргізушілердің бірсыпырасы инфаркт пен инсульт алыпты. «Қоғам бізді диванда, көлікте отыруға итермелейді. Зерттеулер көрсеткендей, бағбандар мен кеншілердің денсаулығы хатшыларға қарағанда жақсы көрінеді. Сондықтан күніне кемінде бір рет жаяу жүріңіз» дейді ғалым.
«Компьютерді өзіңізден алыс қойыңыз, көлігіңізді алыстау жерге қалдырып, үйге жаяу жетіңіз. Неғұрлым көп жүрсеңіз, соғұрлым ұзақ өмір сүресіз». Ғалым Калифорния мектептерінің бірінде эксперимент жүргізген. Аптасына үш рет және сабақтың орнына балаларды жүгіруге мәжбүрледі. Олардың үлгерімі артып, зейінді болып, материалды жақсы меңгере бастаған.

Дәруі күмәнді дәрумендер

Дәрігер дәрумендерді ішуге құмар болмауға шақырады. Мысалы, көп жыл бойына дәрумендерді үнемі қолданатын 29 мың әйелдің зерттеулері көрсеткендей олар қант диабеті, қатерлі ісік ауруына жиі шалдығып, ертерек дүниеден өтіпті. Сынаққа түскендер өкпенің қатерлі ісігімен 28 пайызға жиі ауырыпты. Алайда жоқтан бар жасап, барлық аурудың шипасы деп дәрумендерді тықпалап жатқандарды тоқтату қиын болар. Мысалы, «Д» витаминін алайық. Алайда, оны тұтынатындардың 70 пайызының ағзасында осы витаминнің молекуласына рецепторлар жоқ, сондықтан организм оның жолын бөгеп, бұғаттап тастайды. «Е» дәруменінің де атағы жаман. Зерттеулердің қорытындысы бойынша, үш жыл ішкендердің арасынан 17 пайызында обыр ауруының қаупі анықталған. «Антиоксидант» деген атаудың не екенін көбіміз біле бермесек те дәруменнің құрамына қатысты жазылған соң осы сөзді ұнатамыз.
Бірақ, бірнеше зерттеулер көрсеткендей, оларды қабылдаған адамдарда оң өзгерістер жоқ. Антиоксиданттармен басылған еркін радикалдар барлық аурулардың көзі болып саналады, бірақ олар денеге рак клеткаларынан арылуға мүмкіндік береді. Антиоксиданттарды қабылдау бұл процестерді тежейді екен.
Агустың айтуынша, өмір сүру ұзақтығына сенімді әсер ететін профилактикалық мағынада қабылдаудың қажеттігі бар препараттардың екі тобы бар. Біріншісі – тромболитиктер, яғни арзан аспириндердің нәрестеге арналғандай титімдей дозасын күн сайын ішу – қатерлі ісік, инфаркт және инсульт қаупін азайтады. Екінші топ – статиндер. Дәрігерлер холестеринді төмендетуге арналған бұл препараттарды даулы деп санайды. Алайда олар инсульт қаупін азайтып қана қоймайды, сонымен қатар қабынуды тежеу механизмі көптеген дертке дауа.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 11 =