«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазыналы қарт Семей

0 478

Ерке Ертістің екі бетін ен жайлаған қарт Семей – Шығыс Қазақстан облысының батыс жағынан орын тепкен өңірдегі ірі қала, тарихи, мәдени, рухани һәм киелі мекен.

КӨНЕ ШАҺАР
«Семей» сөзінің өзі де көне түркі тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдіретін тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ең ежелгі атаулардың бірі екенін айтады ғалымдар. Алайда көптеген отандастарымыздың көне шаһар тарихын 300 жылмен ғана шектеп жүргені өкінішті. Сонау Баласағұннан бастап қаншама тарихшылардың Семейдің Қимақия астанасы, тіпті VI ғасыр­ларда Жібек жолының негізгі бір арнасы болғандығын жазған деректері де аз емес. Мысалы, абайтанушы ғалым Асан Омаровтың «Қазақия» деген кітабында Семей қаласының тарихта 1718 жылы орыстар салған бекініс емес, 840 жылдан бері мәлім болған көне шаһар екені жазылған. Атап айтқанда, аталмыш кітаптың «Семей қаласы тарихының хроникасы» деген бөлімінде: «840-940 жж. Көне Семей шаһары – Қимақия мемлекетінің астанасы. Осы ғасырда Ертістің оң жағалауында Қимақ Одағына кірген тайпа санына сәйкес, жеті тас мешіт бой көтереді. Х ғасырда көптеген араб саяхатшылары, ал ХІІІ ғасырда итальян жиһангері Плано Карпини Орта Ертіс шаһарына ат басын тірейді. Қала туралы жазба деректерін қалдырады» делінген.
Осыдан 10 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың (2007 жылдың 21 маусымдағы) Жарлығына сәйкес, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғаларды тудыр­ған қарт қаланың атауы «Семипалатинск»-тан «Семей» болып қайта аталуын ұлтымыздың рухани жаңғыруының жаңа сатысы деуге болады.

АБАЙ ОШАҚТАРЫ
«Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтып» дегендей, 40 жыл полигон сынағының алаңына айналып, талай тақсіретті тартса да, семейліктердің сағы сынған жоқ. Алайда Алаштың рухани астанасы саналатын ұлылар мекенінің 1997 жылы облыс­тық мәртебеден айырылғалы бері кей тұстары қағажу көріп, көп жағдайда Өскеменге мойын бұрып, өгейдің күйін кешіп тұрғаны да жасырын емес. Дегенмен білім, спорт, мәдениет салалары бойынша алдына жан салмайтын рухтылар қаласы жетістіктен әсте кенже қалып көрген емес.
Бүгінде 330 мыңнан астам халқы бар шаһарда 40-қа жуық мәдениет мекемелері жұмыс жасайды. Солардың бірегейі – хакім Абайдың атын еншілеген театр, кітапхана және музей.
Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы – Қазақстандағы ең көне кітапханалардың бірі. Мыңдаған оқыр­мандардың ыстық ықыласына бөленген мәдениет ошағының шаңырақ көтергеніне ғасырдан астам уақыт болған. 1992 жылы ҚР Министрлер кабинетінің шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілген. Кітапхананың сирек басылымдар қорында сақталған 4 500-ге жуық әдебиеттер қоры кітапхананың алтын қорын құрайды.
Ал Абай Құнанбайұлының есімін 1945 жылы иеленген театр 1934 жылы М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев және режиссер Ғ.Төребаев бастаған қазақ зиялылары мен сол кездегі студент-жастардың ұйымдастыруымен құрылған (1922 ж) «Ес-аймақ» қоғамының жартылай кәсіби драма труппасы базасында шымылдық түрген. Бүгінде ел сүйіктісіне айналған Абай атындағы театрдың сәулетті ғимараты да алыстан мен мұндалап тұр.
Абай атындағы музейдің жөні тіптен бөлек. 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде ашылған мұражай 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударған. Бұл екі үйдің де Абай үшін орны ерекше-тін. Ақын 1875-1904 жылдары Семей қаласына келгенде осы үйлерге түсіп жүрген деседі. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында музей қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілген. «Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы» құрамына Семейдегі бас музей, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы, Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Шәкәрім мұражай-үйі, Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйі, Көкбай Жанатайұлының Тақырдағы мешіт-медресесі, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайы, Құндызды ауылындағы Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі кіреді. Жидебайдағы 6400 гектарлық қорық аумағы 16 ескерткішті қамтиды. Ал Семейдегі бас мұражай экспозициясында «Абай дәуiрi», «Абай бейнелеу өнерiнде», «Алаш арыстары», «Абай және Семей шаһары» атты тақырыптық көрме залы, «Абай шығармашылығының үш қайнар бұлағы», ақын поэмаларына арналған «Шығыс залы», «Грек залы», «Жаз» өлеңіне арналған зал, «Абайдың ақындық мектебi», «Абайтану», «Абай халық жүрегiнде» атты сыйлықтар залдары орналасқан.

ТҮЙЕМОЙНАҚ АРАЛЫ
Семейдегі тарихи орындардың бірі – әйгілі Түйемойнақ аралы. Алаш арыстарының да бірқатар салиқалы кездесулері осы аралда өткендігі тағылымды тарихтан аян. Ертіс өзенінің бойындағы аталмыш аралға 2004 жылы Рекреационды аймақ мәртебесі берілген-ді. Яғни, бұл жер халықтың саяхат және демалыс шараларын ұйымдас­тыруға арналған алаңға айналды. Мұнда Семей ядролық полигонының құрбандарына арналып салынған «Өлімнен де күшті» монументі, сынақ алаңы белгіленген Қазақстан картасының көрінісі орнатылған. Алаңға көшеттер отырғызылып, электр жарығы тартылып, төңірек көгалдандырылған. Алайда аралдың Рекреационды аймақ мәртебесіне сай абаттандырылып, жаңа сипаттағы алып мемориалдық кешенге айналған кезі ол – 2011 жыл. Сол уақытта күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар, мұнда бірнеше мәрмәр нысандар, заманауи тастардан өрілген еңселі қақпа бой көтеріп, асфальт төселген көлік тұрағы пайда болды. Содан кейін алаңның орта тұсына Қазақстан Президентінің 1991 жылы Семей полигонын жабу туралы Жарлығы ойып жазылған мәрмәр кітап орнықты. Оған іргелес маңда «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының үшбұрышты белгісі қойылды. Сонымен қатар, шаңырақ пен қарлығашты тік көтеріп тұрған «Бейбітшілік» стеласы салынды. Дәл осы жерде ядролық қарусыз әлемді қолдаушылардың халықаралық форумын өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды.

ЕҢ ҮЛКЕН КӨПІР
Жергілікті жұрттың мақтанышына айналған Семейдегі аспалы көпір көлемі жағынан ТМД аумағындағы ең үлкен көпір деседі. Бұл көпірді жапондық «Аячай» фирмасы салған. Жапония­да жасалған көпір қаңқалары Семейге алдымен су жолымен, кейіннен теміржол арқылы тасымалданыпты. Ал Түркияның «АлсимАларко» фирмасы көпірге келіп тірелетін ұзындығы 16 шақырым жол құрылысын жүргізумен шұғылданған. Жаңа көпірдің үстіне табиғи асфальт төселген. Бұл асфальт, естуімізше, Кариб бассейніндегі Трининад көлінен арнайы жеткізілген көрінеді. Сонымен қатар көпір құрылысы жұмыстарына өз елімізден 30-ға жуық фирмалар тартылса, ондағы жұмысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құраған. 2000 жылдың қазан айында пайдалануға берілген аспалы көпірдің биіктігі – 100 метр, ені – 35 метр, ұзындығы – 750 метр, ал пайдалану кепілдігі – 200 жыл. Бұл көпірді бүгінде Семейдің сәулетті нысандарының брэнді деуге болады.

P.S: Қазыналы қарт қала тақырыбының қаймағын ғана қалқыған болдық. Ал қаспағына қасық батыруды алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды