ҚАЗИРА ӘЖЕЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ

0 93

Екi ғасырдың куәгерi саналып отырған әжей елді қырғынға ұшыратқан сол бір нәубеттi жылдарды да, ашаршылықты да бастан кешiріпті. Балалық, жастық шағы ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келсе де, ауыртпалыққа мойымаған. Соғыс басталғанда жолдасы Қали Белба­саров майданға аттанып, өзі тылда еңбек етті. 11 құрсақ көтеріп, қазірде көзі тірі 6 баласынан 25 немере, 23 шөбере сүйіп отырған қария әлі де тың. Өздiгiнен жүрiп, далаға кiрiп шығады. Тек соңғы кезде құлағының ептеп естiмей қалғаны болмаса, денсаулығы жақсы. Санасы сер­гек. Жақында Сәтен атты қызынан өрбіген шөбересінің үйлену тойында болыпты. «Енді шөпшек сүйсем, ар­маным жоқ» деп бір күліп алды әжей.

Тұла бойы тұңғышы – 72 жаста, кенжесі 51-де екен. Өзі ортаншы қызы Бәтешпен бiрге Астананың Алматы көшесінде орналасқан жер үйдің бір бөлмесінде пәтер жалдап тұрып жа­тыр. Қызы жұмысқа кеткенде, үйдiң шаруаларын тындырып, ыдыс-аяқты жуып қоятыны былай тұрсын, тіпті, кейде жұмыстан шаршап келгенінде, қызының көңілін көтеріп, сүт қатып, шай құйып беретіні де бар екен. Біз бұған әжеймен әңгімелесуге барғанда куә болдық.

– Анам қанша қимылдаса да, шаршауды бiлмейдi. «Жалқау адам ауруға ұшырайды» деп отырады бiзге. Осы жасқа да сол еңбекқорлығының арқасында келіп отыр. Бүгінгі күнге дейiн бiрде-бiр рет дәрi-дәрмек қабылдап көрмепті, – дейді Бәтеш Әдікенова.

Иә, қадірімен қартаюдың өзі – бір бақыт. Қазира әжей үшін белсенді қарттықтың бастауы иманда жат­са керек. Ол бес уақыт намазын қаза қылып көрген емес. Себебі, намаз оқудың денсаулыққа пайда­сы зор екенін жақсы біледі. Асты талғап ішеді. Ұзақ жасауының себебін сұрағанымызда, «еңбекқорлығымнан ба деп ойлаймын» деді қария. Адамның бұлшық еті қаншалықты көп қозғалыста болса, соншалықты оның ауруға қарсы тұратын қабілеті басым болатынға ұқсайды. Расында да, ата-ана­сынан ерте айырылып, жасынан жетімдіктің ащы дәмін көп татып өскендіктен бе, әлде сүйенер, сенер ешкімі болмағандықтан болар, еңбекке ерте араласып, үй ішіндегі тірліктерді тынбай істегені, жұмыстан бас тартуды білмейтіндігі бүгінгілерге үлгі-өнеге боларлық-ақ.

Ұлы Отан соғысына қатысушының жесірі бола тұра, қарияның ғұмыр бойғы бейнетінің зейнетін көріп, қолын жылы суға салар жасқа жет­кенде, тар бөлмеде, Астананың бір бұрышынан пәтер жалдап тұрып жатқаны, әрине, жанға батады. Ал өзі өткенінің бәрін ұмытып, енді міне, тоқшылық заманды да көрiп, бала-шағасының алдында марқайып отырғаны үшін Құдайға күніне мың мәрте шүкіршілік етеді. Еліне тыныштық тілейді.

– Армандарым да жоқ емес, әрине. Құдайдың берген жасын жасай беремін ғой. Еліміз аман болсын. Біздей қарттарды естен шығармай, елеп, ескеріп, келіп құттықтап жатқан сендерге Алланың нұры жаусын! – деді.

«Жақсылық жасаған адам ұзақ жасайды». Жүз жастағы әжейді көргенде ақын, Халық жазушысы Мұзафар Әлiмбаевтың осы сөздері есіме түсті. Расында да, айналасына қайырыммен қарап, қолындағы барымен бөлісетіндерге Алланың да рақымы мол болатын сыңайлы. Бір ғасыр өмір сүріп, ғұмыр бойына айналасындағы адамдардан «ай­налайын» деген жылы сөзiн аямай, мейірімі мен шарапатын төккен әжей бүгінде басынан өткерген бақытты күндеріне дән риза.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =