Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазір қазақша білгеніңмен ешкімді таң қалдыра алмайсың

0 234

Дарынды ақын, қарымды журналист Әмірхан Балқыбек Герольд Бельгерден сұхбат алып отырғанда жазушы: «Мен неміспін ғой, уақытында жүргенді жақсы көремін» деп қалады. Сонда ақын ағамыз: «Әншейінде «қазақпын, қазақпын» дейтін едіңіз…» дейді кейіпкерінің «неміспін» дегенін жақтырмай. Герольд Бельгер де тапқыр ғой: «Маған «жеті атасын білмеген – жетесіз» деп үйреткен де қазақ» депті…

Қазақ журналистикасында жүйріктігімен танылған, түрі басқа болса да, тілі – қазақ Максим Рожинмен әңгімелесерде неге екенін білмеймін сол әңгіме есіме түсті. Кейіпкеріме баяндадым да: «Максим, сіз кімсіз?» деп сұрадым.
«Бұл өзі күрделі сұрақ екен. Осы сұрақ менің алдымнан көп шығатыны өтірік емес. Сырт келбетіме келетін болсам, жасыратын түгі де жоқ, ұлтым – орыс. Бірақ адамның менталитеті кім болса, адам сол шығар. Мен менталитетім бойынша қазақпын. Ішкі санам да, түсінігім де қазақыланып кеткені шын. Өйткені қазақи ортада туып-өстім, сол ортада тәрбиелендім. Сондықтан мені кейбір ағаларымның орыс тегінен шыққан қазақ деуі – заңды. Ал Герольд ағамызбен көзі тірісінде кездескенмін. Өте құрметтеймін, тегі неміс болса да, айтар дүниесі қазаққа тым жақын еді» деп жауап берді ол.
Максим де жеті атасын біл­ген дұрыс деп есептейді. Ал қазақ тілін қалай меңгергенін сұрағанымызда өзінің үш атасы осы Орталық Азияда өмір сүргенін, сондықтан, өзі шыққан бүкіл әулет қа­зақ менталитетін бойына сіңіргенін айтты.
1989 жылы Максимнің отбасы Алматы облысы, Қаскелең ауданынан Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласына қоныс аударған екен. Ол тұста біз­дің кейіпкеріміз алты жас­та ғана. Түр-тұрпаты бірден ерекшеленетін кішкентай сары бала сол жерде көшеге шығып, балалармен ойнап жүріп бір жыл ішінде қазақ ауызекі тілін еркін меңгеріп алады. Алайда бұған анасының көмегі тигенін де жасырған жоқ. «Анам Нүкісте туған кісі. Сондағы қазақтар арасында өскендіктен, қазақшасы әжептеуір болатын. Мен Арыс­та балалармен ойнап жүріп, кей сөзді түсінбей қалып жатсам, үйге келіп, анамнан сұрайтын едім, ол түсіндіріп беретін» деді ол.

«Қазір менің құрдастарым­ның көбі мемлекеттік тілді үйрену үшін арнайы курстарға барып, кітаптар сатып алып оқып, сөздік жаттап жүр. Соларға қарап «егер қазақи ортада өспегенімде, мен де қазір дәл солар секілді қиналып үйренер едім» деп ойлаймын. Бұл жағынан келгенде, өзімнің жолым болғанына қуанам. Маған қазақ тілін көше үйретті»

деген Максим Қазақстанда бүгінде өзге ұлттардың мемлекеттік тілді үйренуге ықыласы жаман емесін айтады. Ол ғалымдардың «кез келген тіл бизнес тіліне айналғанда, құлашын кеңге жаяды» дейтін тұжырымына да сенеді. Қазіргі кезде қазақ тілі бизнес саласына да ене бастағанына қуанады.
Жалпы, тілге сұраныс артқан сайын оны үйренушілер көбейеді. Қазақстанда қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту үшін әлі де бұл тілге сұранысты арттыру керек деп есептейтін кейіпкеріміз журналистердің кейбір ме­рекелер қарсаңында қазақ­ша сөйлейтін өзге ұлт өкіл­дерін іздеп кететінін де бай­қайды екен. «Мен өзім де жур­налистпін ғой, содан білетінім, менің әріптестерім белгілі бір мереке күндері қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері туралы жазып, елге көрсетуге құмар. Ал солтүстік өңірлерде мұндай адамдарды күнде іздейді… Бұл, бәлкім, біздегі мемлекеттік тіл дәрежесінің әлі де төмен екенін, мемле­кеттік тілде сөйлейтін өзге ұлттардың әлі де тапшы екенін көрсететін шығар. Бірақ, бұл маған таң­сық емес. Өйткені дәл менің айналамда мемлекеттік тілді білетін өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазір қазақша сөй­легеніңмен елді таң қалдыра алмайсың. Осы елде туып-өскен біз түгілі өзге елден келген өзге ұлт өкілдері, шетел азаматтары да қазақша сөй­леп, өздеріне қазақ тілінде қызмет көрсетілуін талап етіп жүр» дейді ол.
Осылайша, көгілдір экран арқылы жалпақ жұртқа кең танылған Максим Рожин­мен әңгімелесіп, оның шынайы­лығына, Отан алдын­дағы адалдығына, қазақ хал­қы­на деген сүйіспеншілігі мен ішкі мәдениетіне разы бол­дық. Ол шынында да қа­зақ­ша білгені үшін ғана өзге ұлт өкілін мақтап, оны көкке кө­теретін уақыт өтіп кеткен деп есептейді. Қазақстанда туып-өскен соң кез келген азамат мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге тиіс.
Алайда, Максимнің пікірін­ше, тіл – қарым-қатынас құ­ралы. Адам қанша тіл білсе, оның сонша құралы бар.
Ендеше, қай жағынан алсақ та, өз ана тілін білмей, орысша шүлдірлеп жүрген кей отандастарымызға қара­ғанда Максим Рожиннің мүм­кіндігі көбірек. Өйткені ол мемлекеттік тілмен қару­ланған.

Нәзира БАЙЫРБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды