Қазір нағыз шығармашылықпен айналысатын кезең
Өнер әлемінде әдемі, биязы, ибалы қазақ қызының образын жасап, сол бейнесімен көптің көңілінен орын алған Нұржамал Үсенбаева – талғамы биік тыңдармандардың сүйікті тұлғасы. Әнімен де, сәнімен де ерекшеленген әншіні біз ара-тұра опералық қойылымдардан, кейбір концерттік бағдарламалардан көріп қалатынымыз болмаса, елдің алдына көп шыға бермейтіні рас.
Газетіміздің оқырмандары көзайым болсын деген ниетпен таяуда Нұржамал Пернебекқызын іздеп барып, әңгімеге тарттық.
Классикалық туындылардан гөрі, эстрада әндерін сұрайтындар көп
– Біз көбіне әнді көңіл-күйімізге қарай таңдаймыз. Мысалы, жас кезде эстрада әндеріне үйір болсақ, жас ұлғая келе терме секілді сазды әндерге құмартатын сияқтымыз. Ал сіз қазір қандай әндерге әуессіз?
– Әрине, алдымен мен өзіме жақын классикалық әндерді тыңдаймын. Сол әндерді орындаймын. Алдыма қойған мақсатым көп. Мысалы, концерт қою, басқа мемлекеттерге гастрольге бару, соған арнайы жоспарлаған бағдарламаларым бар. Мен көбіне сол бағдарламаға енетін шығармаларды орындаймын. Олар, өзіңіз білесіз, ариялар, халық әндері, бірен-саран жеке композиторлардың шығармалары.
– Соңғы жылдары эстрада әндерін айтуға да ден қойып жүрсіз ғой деймін?
– Қарапайым халыққа жәй әндер жақынырақ. Классикалық туындылардың тыңдарманына қарағанда, эстрада әндерін сұрайтындар көп. Сондықтан, кейде саналы түрде эстрада әндерін де репертуарыма қосып жүрмін. Әрине, кез келген әнді орындамаймын, өзімнің дауысыма лайықтысын ғана таңдап отырамын. Онда да әннің сөзіне, сазына ерекше мән беремін.
– Қазіргі композиторлардан кімдермен жұмыс істеп жүрсіз?
– Композитор жанымда жүр ғой. (Күледі.) Ең басты композиторым жанымда. Сондықтан, мен ән іздегенде алысқа бармаймын. Үйдегі кісінің шығармаларын қарауға, орындауға тырысамын. Өйткені Төлеген – жақсы композитор, жақсы мелодист. Оның әндерінің лирикалық бояуы қанық. Әнді түсініп, шегіне жеткізіп орындау үшін композитордың жанын да сезіну керек. Ал мен Төлегеннің әндерін де, сезімдерін де, ішкі күйін де өте жақсы білемін, түсінемін. Оның жаңа әндерін ең бірінші тыңдайтын да менмін. Жары ретінде де, өнер адамы ретінде де, жаңа шығарма жазса, алдымен тыңдап, өз пікірімді білдіремін.
Мысалы, жақында «Аққуым» деген ән жазды. Сөзі Шөмішбай Сариев ағамыздыкі. Менің бағам бойынша, өте керемет туынды болып шықты. Жақында соған Нұржамал деген бір кішкентай әнші қызбен бірге бейнебаян түсірдік.
– Нұржамал? Болашақтың Нұржамал Үсенбаевасы ма?
– Кейбір жастар қазір маған қарап қыздарына Нұржамал деген ат қойып жүр екен. Ол, әрине, мен үшін қуаныш әрі мәртебе. Бір жағынан үлкен жауапкершілік те… Мен айтып отырған Нұржамал да – солардың бірі. Қазір он екі жаста. Өзі талантты қыз. Ата-анасы «мына қызымыздың дауысын тыңдап көріңізші» деп өтініш жасағаннан кейін, мен әнін тыңдағанмын. Ұнады. Сол себепті, оны концертімде де сахнаға ертіп алып шықтым.
Театрдан кетсем де, сахнадан кеткен жоқпын
– Осы Төлеген ағамыз тапсырыспен ән жаза ма?
– Кей кезде жазады. Мысалы, шілде айында Төлегеннің шығармашылық кеші өтті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған еді. Ол кеш Астананың 20 жылдығына, сонымен бірге Төлегеннің 70 жасқа толу құрметіне арналған. Сол себепті, концертті ұйымдастырушылар кеш иесіне бағдарламаның ең соңында орындалатын Астана туралы жаңа ән жазуын сұрады.
– Төлеген ағаның Астана туралы әндері бар еді ғой?
– Иә, ол әндері де орындалды. Мысалы, «Астана кеші» деген әнін кішкентай балалар орындады. Бірақ сонда да ұсыныс айтқаннан кейін концерт бағдарламасын жабатын жаңа ән жазылды.
– Бұлай сұрап отырғаным, Төлеген аға әлдекімнің тапсырысымен ән жазса, ол сізге ұнап, орта жолда алып қоятын кезіңіз болмай ма?
– Иә, соған ұқсас жағдай болған. Бір жолы Сырымтай Еңсепов Төлегеннің «Құнанбай» фильміне жазылған мелодиясын ұнататынын айтып, «Аға, мен мына әуенді ән қылып орындайыншы» деп сұрап келіпті. Төлеген рұқсатын берді. Содан Сырымтай әлгі әнге керемет сөз жаздырып алды. «Алтын заман-ай» деген ән керемет жақсы шықты. Сол әуенді тыңдағанда маған да қатты ұнаған. Бірақ Сырымтай ертерек келіп, келісім алып қойған соң, ән соған бұйырды. Мен жолдан тартып алған жоқпын. (Күледі.) Бірақ ол ер адам ғой, шығарманы өзінше орындайды, ал мен өзімше орындайтын едім. Сондықтан, әлі де көз салып жүрмін. Бірақ кіріскен жоқпын.
– Сіз кәсіби музыкантсыз. Сахнада жүргеніңізге отыз бес жылға таяды. Осы өнеріңізді қосымша табыс табуға пайдалану жөнінде, мәселен, тойға шығуды ойлаған емессіз бе?
– Қазір менде уақыт бар. Театрдан жұмыстан кеткенмін. Әрине, театрдан кетсем де, сахнадан кеткен жоқпын ғой. Спектакльдерге, концерттерге қатысып жүремін. Бірақ менде қазір бұрынғыға қарағанда еркіндік бар. Бұрын театрда істегенде еңбек кітапшам сол театрда жатқандықтан, ол мекеменің алдында менің де міндетім болатын. Тіпті қойылымда өзіме тиесілі басты партияны орындамасам да, басқа әртістің орнын алмастыратын сопрано ретінде жазылып тұруым мүмкін еді. Барлық солисте сондай міндет болады. Сол себепті кейде театрдағы қосымша рөлдеріме алаңдап, басқа шақырған жерлерге бара алмай қалатынмын. Қазір мен мұндай міндеттен толық босағанмын. Тек шақырған, жоспарланған қойылымдарға ерікті түрде барып қатысамын. Мәселен, «қаңтарда мына спектакль болады, сен мына партияны орындауың керек» десе, қойылымға дайындаламын. Сол уақытқа басқа жұмыс, гастрольдік сапар, концерт жоспарламауға, ауырып қалмауға тырысамын. Ал жалпы қазір өзіме, жеке шаруаларыма көбірек уақыт бөлетін мүмкіндігім бар. Сондықтан, ұсыныс қабылдауға дайынмын.
– Демек, жағдайыңыз болса, көңіліңіз қаласа, тойға да барасыз ба?
– Иә, бара аламын. Бірақ, бір нәрсені айтқым келеді. Төлегеннің достары, таныстары көп қой. Сондықтан, мен көбіне тойға ақша табу үшін емес, қонақ болып барамын. Содан соң, сыйлық ретінде ән салып беремін.
– Бұрын бір сұхбатыңызда Төлеген ағаға «біз қашан театрға қол ұстасып барып, бірге серуендеп жүреді екенбіз» деп айтамын деген едіңіз…
– Міне, сол айтқандай, қазір біздің ең керемет, ең бақытты, ең аңсаулы уақытымыз келді. Бұрын жұмыс-жұмыс деп жүрдік. Көбіне бірге бола алмадық. Енді уақытымызды қалай жоспарласақ та, мүмкіндігіміз бар. Әрине, бұрын да демалысқа бірге шығып тұратынбыз. Бірақ қазір бір-бірімізге көбірек көңіл бөлерлік шамамыз бар. Мысалы, біз таңертең тұрамыз да, бірге бір сағаттай үйдің жанындағы саябақта жүріп, жаттығу жасап, серуендеп келеміз. Ешқандай асығыс жоқ, уақыт өзімізге тиесілі, еркіміз өзімізде.
Намыс, жауапкершілік адамды қатайтады
– «Адамның бес жасқа дейінгі тәрбиесі оның бүкіл адамдық болмысына әсер етеді» дегенмен келісесіз бе?
– Иә, келісемін. Менің де болмысыма, ұстанымдарыма әкем мен анамның бала күнімдегі берген тәрбиесі, айтқан сөздері, көрсеткен үлгі-өнегесі үлкен ықпал еткені анық.
– Әкеңіздің бір парақ қағазға жазып берген өсиетін сіз алғаш рет өзіңіз жайлы жазылған кітапта жариялаған едіңіз.
– Иә, әкем маған жазып берген өсиет ешқашан жадымнан шыққан емес. Онда, біріншісі, денсаулығыңды күт, аман жүр; екінші, ешкімге өкпелеме, күліп жүр; үшіншісі – жұмысыңды қуанып істе; төртіншісі – өз атағыңды, беделіңді құрметте делінген. Бұл сөздер маған талай жерде демеу болып, талай сын сәттерден өткізді. Мен анамның, әкемнің бала күнімде айтқан ақыл-кеңесін, ұлағатты сөздерін қазір өнер жолында жүрген қызым Қарлығашқа да айтып отырамын. Жалпы, адамға, әсіресе, өнер адамына қарапайымдылық ешқашан артық болмайды. Ол адамды биіктетеді, әдемі қылады. Әр адам өмірде қарапайым, ал бірақ еңбек пен шығармашылыққа келгенде биік болуға тырысуы қажет.
– Сіз әкеңіз дүниеден өткенде, қаралы хабарлы естісеңіз де, сахнаға өзіңізге берілген партияны орындап, ән салып шықтыңыз. Бұл өнердің құдіреті ме?
– Менің мамандығым ішкі сезімді игеруге, ішкі күйді өнер арқылы жеткізуге үйретеді. Әр өнер адамы ішіндегі сезімдері мен ойларын шығармашылық арқылы баяндайды. Мен де сол күні маман ретінде өз рөлімді ойнадым, бірақ өз партиям арқылы ішкі қайғылы күйімді шығардым. Әкем қайтыс болған күні біз Ресейде «Абай» операсын қойғалы жатқанбыз. Ажар партиясын орындайтын едім. Егер сол сәтте әкемнің қазасын естіп, жылап, қайғыға беріліп кетсем, сахнаға Ажар болып шыға алмас едім. Дауысым қарлығып қалар еді… Ал мен ішкі күйімді сол жерде Ажардың зары арқылы жеткіздім.
Түр де, дауыс та жас болуы тиіс
– Сіз Элизабет Шварцкопф секілді танымал еуропалық ұстаздан дәріс алдыңыз. Ол елдердің операсының өзгешелігі неде?
– Шварцкопф – Моцарттың шығармаларын жақсы орындайтын әншілердің бірі еді. Тіпті орындаушылығы жағынан дүние жүзі бойынша бірінші я екінші солист. Одан дәріс алғанда мен Моцарт шығармаларын орындауды үйрендім. Моцарт – ең сәулелі, жарқын композитор. Музыкасы қарапайым, бірақ күрделі. «Ұлылық қарапайымдылықта» дейді ғой, оның шығармалары да сондай. Сол себепті де Моцарттың туындыларын орындау қиын. Оның өз стилі, өз мәнері бар.
Мен алғаш Шварцкопфқа барғанда жерге өзінің үлкен шәлісін төсеп жіберіп, мені соған жатқызды. Сосын үстіме нота кітаптарын, партитураларды қойып, «ал енді осылай дем ал» деді. Мен әрең дем алып жаттым. Сонымен қоймай, ән айтқызды. Біз ол кезде кеңес одағы құрамындамыз ғой. Шварцкопф «Сендер өте қатты айтасыңдар, жасанды үдетіп, күш салып орындайсыңдар» деді. Ал Моцарт шығармаларын жай айту керек екен. Яғни, адам қалай сөйлейді, солай орындауы керек, бәрі шынайы болуы қажет. Менің дауысымның диапазоны кең деп айта алмаймын, бірақ сонда да Шварцкопф маған «ән айтқанда айқайлама, қатты айтпа, жай орында» деп отырды. Рас, басында қиын болды. Тіпті ол кезде көп нәрсені дұрыс түсінбеген де шығармын. Бірақ елге келгеннен кейін сол кісінің айтқан әр сөзін еске түсіріп, тәжірибе жүзінде пайдаландым. Ол сабақтың маған үлкен көмегі тиді.
– Бірақ сол сабақтың нәтижесі көп болды. Сіз туралы жазғанда шетелдік басылымдар «европалық оттенкісі бар дауыс» деп жатты… Ал сіз сол оқығандарыңызды еліміздегі басқа жас әншілерге үйретпейсіз бе?
– Арнайы сабақ бермеймін. Бірақ әншілермен сахна артында, дайындық кезінде араласқанда жас орындаушылар «сізден оқығым келеді, сіздің вокал мектебіңіз бізге ұнайды» деп жатады. Сондайда, реті келгенде өз білгенімді, ақыл-кеңесімді айтып жүремін.
– Сіз қазір де он алты, он жетідегі бойжеткеннің партиясын ойнай аласыз. Мұның құпиясы неде?
– Өйткені театрдың өз мүмкіндігі бар. Бұл – кино емес қой, театр қойылымы. Үлкен сахна. Сахнадан кейін оркестр отыр. Көрерменге ең бастысы, дауыс, келбетің, дене бітімің көрінеді. Қыз Жібекті айтатын болсаң, сен әрине, сол образға ұқсас болуың керек. Көрермен сенуі қажет. Дауыс та жас болуы керек. Тембр жас ұлғайған сайын өзгереді, сол өзгеріс болмаса, дауыс сақталса, ол – жетістік. Баяғыда Ермек Серкебаев ағамыз «өзіміз үлкейсек те, дауысымыздың тембрі кеткен жоқ, бұрынғыдай жас секілді» деген. Әншіге бұл – үлкен мүмкіндік. Әсіресе, опера әншісіне. Жалпы бізде барлық бейнелер жас адам. Қай операны алсақ та, бас кейіпкерлер – жас адамдар. Өйткені жастық ол – махаббат, ол – сезім, ол тазалық… Шығармашылық адамдары да дәл осыларды жазуға құштар…
– Сіз орындаған партияларда жас жағынан ең үлкені кім болды?
– Легар шығар. «Көңілді жесір» шығармасындағы. Бірақ ол кейіпкер де өте үлкен емес, жасы шамамен 30-40-та… Шығарма – өте жеңіл, күлкілі оперетта…
– Жаңа партиялар жасағыңыз келе ме?
– Иә, мен «Маснедегі» Манонды орындағым келеді. Оның арияларын концерттерде айтамын, бірақ ол спектакль бізде қойылған жоқ.
– Ал қазақ шығармаларынан ше?
– Қазақ тілінде опералар аз ғой. Менің ойымша, олардың бәрі сахнада қойылған сияқты. Барлық қазақ операларын орындаған сияқтымын. Рахмадиев, Жұманиязов, Жұбанов, Төлебаев, Хамиди… осы аталған тұлғалардың бәрінің шығармаларына қатысқан секілдімін.
Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК