Қажырлы жан Қабыкен

0 41

Таяуда бір шаруамен қалалық әкімшілікке барсам, Қабыкен Қажыбайұлы Закариянов жұмыста жүр. Бұл біздің қалада коронавирус дертінің өршіп тұрған кезі еді. Мен бетпердемді тағып, көзіме көзілдірік киіп, қолымда қолғабым бар бұл індеттен қалай сақтану керек соның бәрін орындап жүрсем де, қорқыңқырап барсам, Қабекең қаққан қазықтай болып қызмет үстелінде отыр.Кабинетке кірген беттен: – Ағай-ау, бүгінгі жағдайдан қорықпайсыз ба? – деген едім.
Сонда Қабекең: – Оу, Ереке, несіне қорқамын? Мен тексеруден өттім, бәрі дұрыс. Дәрігерлердің айтқандарын орындасам маған жұқпауға тиіс, онымен қоса осы өмірімде талай қауіпті қиын жағдайлар басымнан өткен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары болған ашаршылықтың әлі де басылмай тұрған кезінде дүниеге келгенмін. Ол халқымыздың беткеұстар зиялыларын жаппай абақтыға жауып, біразын атып, қалғандарын ит жеккенге жіберіп жатқан кез болатын. Енді мектепке барам деген тұста фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасады. Бала болсақ та, сол қиындықтарды бастан кешірдік. Соларды жеңген халық, пандемия­ны да жеңеді деген сенімдемін, – деп жауап қатқан.
Иә, шынымен де Қабыкен Қажыбайұлының өмір жолына үңілсем, мақтануға тұрарлық ғұмыр кешіп келеді. Өзі осы астанадан жетпіс шақырымдай жерде «Шалқар» деген елді мекенде балалық шағын өткізген. Ол кісінің айтуы бойынша ауылдың іргесінде биіктігі сексен метрдей «Тасқұдық» деген төбе бар көрінеді. Сол төбеге шықса ауылының өңірі, көлдер онымен қоса етегіндегі ағып жатқан бұлақ әдемі көрініс беретін көрінеді. «Туған ауылыммен мақтанамын» дейді кейіпкерім. Таяуда бұл кеңшардың құрылғанына 90 жыл толыпты. Егін, мал шаруашылықтары жақсы дамыпты. Оның өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген тұрғылықты халық болса, оны ұйымдастыра білген кезінде Жоғары Кеңестің депутаты болған марқұм ағамыз Есенжол Қамзебаев, Қасым Тәукенов тағы сол сияқты білімді басшылар болған.
Жиырмасыншы ғасырдың ортасында мектепті бітіргеннен кейін Көкшетау, Новосібір арқылы айналма жолмен Алматыға оқуға түсуге барады. Ауылымда жүргенде бір қонаққа келген бай әйелді көргенмін, денесінің өн бойы алтын десем, артық айтқандығым емес шығар. Сол алтынның қалай өндірілетінін білгім келетін, сосын түсті металдар факультетіне құжаттарымды тапсырдым, – дейді Қабекең. Оқуға түсу қиын болыпты, бір орынға оннан артық бала таласыпты. Осы жерде Қабекең ағамыз әкесі Қажыбай ақсақалдың көрегендігіне риза болады. Әкесі мектепте оқып жүргенінде екі рет орыс отбасына пәтерге тұрғызады. Сонда үйренген орысшасы оқуға түсерде көп көмегін тигізеді. Абай атамыз айтпақшы, орыстың тілін білсең, дүниеге көзің ашылады деген қағида сол кезде дұрыстығын дәлелдеді. Мен өзім де институтта қазақ тобында оқыдым, біздің тілде керек кітаптар жоқ, амалсыздан орысшасынан оқуға тура келді. Тіпті лекциялардың кейбіреуі ресми тілде оқылатын. Әкесі қойшы, шешесі сауыншы, қазақ ауылынан шыққан қара домалақ бала астананың политехникалық институтының металлургия факультетіне түседі. Институтта металл ғылымының көрнекті өкілдері Е.Букетов, В.Пономарев, С.Бочкарев сынды белгілі ғалымдардан білім алады.
Институтты үздік бітіріп келген жас маман өзі армандаған алтынды қалай өндіру тәсілін Ақсу руднигінде жетінші разрядтағы жұмысшы болып бастаудан көреді. Әрине, бұған дейін басқа металдарды өндіруді Балхаш, Ленгер, Зайсан сұрыптау фабрикаларында өндірістік практикада көрген болатын. Жұмысшы мамандығын жақсы игергендігін және білімділігін ескерген зауыт басшылары мастерлікке, одан цех бастығына дейін жоғарлатады. Осы жұмыста жүргенде Бестөбе руднигінде Новая атты шахтаның ашылуына белсене араласады. Комбинат, рудник басшылары Владимир Синицкий, Рязанов, Қошқарбай Тлеу­ғабылов, Ғазиз Бейбітов сияқты ағаларының мол тәжірибесінен үйрене жүріп, қоян-қолтық қыз­мет атқарады.
Қанша айтқанмен, Коммунис­тік партияның тұсында кадр мәселесіне жете көңіл бөлетін сияқты көрінетін. Облыс орталығынан кемі екі жүз шақырым жерде жатқан Бестөбе руднигінің қатардағы инженерін бірден облыстық партия комитетіне нұсқау­шы етіп қабылдайды. Қабыкен Қажыбайұлы өндірістік тәжірибе жинақтаған қызметкер ретінде мұнда да өндіріс орындарының жұмысын қадағалап, заман талабына сай болуына бағыт бағдар беруші, ұйымдастырушы болады. Осы қызметте жүргенде Степногорск комбинатының еңбек өнімділігінің жағдайы туралы мәселені облыстық партия комитетінің бюросына дайындауға қатысады. Ол кезде бұл комбинат тікелей орталыққа бағынатын, оған әркімнің тісі бата бермейтін. Мәселе ойдағыдай қаралып, облыстың бірінші хатшысы Н.Кручина жағдайды министрге жеткізгенде, ол ризашылығын білдіріпті. Қ.Закариянов мырзаның білімділігін, ұйымдастырушылық қабілетінің барлығын байқаған облыстық партия комитеті Сандықтау (ол кезде Балкашин) аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына ұсынады. Бұл облыс орталығынан ең алыс аудандардың қатарына жататын. Мұнда да көптеген шешілмеген проблемалар шаш етектен болыпты.
Кейде бірінші басшы нақты ұсыныстарды қабылдамаған кездері де кездесіпті. Жаңалықты енгізуге онша құштар болмапты. Сонда да егін, мал шаруа­шылығын дамытуда біраз істер атқарылып, аудан облыста алдыңғы қатарда көрінген. Атақты диқандар Михаил Довжик пен Нұрғабыл Мәлғаздаровты кездес­тіріп, әрбір гектарды тиімді пайдалану мәселесін талдап, екеуі­нің жемісті еңбек етуіне ықпал етеді. Бұл бастама облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, үндеу ретінде облыс егіншілеріне таратылады. Кейіннен осы екі бригадир де Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Сілеті аудандық партия комитетінде істеп жүргенінде әріптесім, бұрын сол ауданда жауапты қызмет атқарған В.Марченко Қабыкен Қажыбайұлының сауаттылығы, жұмысқа белсенділігі, газеттерге жиі мақала жазатындығы туралы жылы лебіздер білдірген екен. Алыс ауданда тапсырылған жұмысты абыроймен атқарып жүрген жерінен Қабыкен ағамызды облыс орталығындағы ең жауапты Ленин аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындайды. Осыдан бастап Қабыкен Қажыбайұлын Ақмола облысы мен ел астанасына тең тұлға деуімізге болады, өйткені осы кезеңнен бастап облысқа еңбегін сіңіре отырып, болашақ астанамызға алғы шарттар жасап жатты. Бәріміз де білеміз, бұл қызметтегілер ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайына толық жауап беретін. Қай жерде болсын ол кезде Ленин көсеміміздің есімін кез келген ауданға бермейтін. Берген аудан басқаларынан жоғары болуы жазылмаған заң сияқты еді. Оны сондай дәрежеде ұстау әр басшының қолынан келмейтін. Ал Қабыкен Қажыбайұлы осы қыз­метті сегіз жылға тарта атқарып шықты. Ол кісі көпсалалы қызметті атқарып жүргенде ауылдарға көмек ретінде қала мекемелерінің күшімен шөп дайын­дап, қаланың сыртына мая­лап қою дәстүрге айналдырыпты. Соны бір келгенінде Д.Қонаев көріп, қалалықтарға рахмет деп Қ.Закарьяновтың қолын алады. Бұл да Саяси Бюро мүшесінің аудандық атқару комитетінің төрағасына берген үлкен баға болса керек.
Сексенінші жылдардың басында облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасына басшы етіп ауыс­тырады. Мұндағы қызметінің нәтижесіне бір көрсеткішпен ғана баға беруге болады. Осы басқарма республика көлемінде жиырма жеті тоқсан бойы бірінші орынға шығып отырған. Бұл кісімен қызметтес болған марқұм Ахмедия Аушатов ақсақал Қабекеңнің кішіпейілдігін, адамгершілігін, басқару тәсілін т.б. жақсы қасиеттерін жоғары бағалап отыратын. Бұл кісі басқарған жергілікті өнеркәсіптің тауарларын шығару егемендік алған жылдардың басында басқа рес­публикалармен экономикалық байланыс үзілген кезде өте қажеттілікке жарады.
– Бірде Мәскеу қаласында құқық қорғаушылар жиынында Санкт-Петербург қаласының мэрі Анатолий Собчактың сөзінен кейін елге келгенде менің өмірімде күрт өзгеріс пайда болды. Бас қаламызда «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігін құру идея­сы пайда болды. Сөйтіп қаламызда тұтынушыларға дұрыс қызмет жасамайтын кәсіпкерлермен, қызмет көрсетушілермен, саудагерлермен күрес «майданына» кірісіп кеттім. Міне, сол қоғамдық ұйымымыздың қызмет жасап жатқанына ширек ғасыр болды, – дейді кейіпкеріміз.
Қоғамдық ұйым қызметкерлерінің айтуынша, осы кезеңге дейін жүз мыңнан аса қалалықтарға көмек жасалған, бір миллиард теңгеден артық сапасыз тауарлар кейін қайтарылған. Осылай тізбектей берсек, бұл ұйымның астана тұрғындарына тигізіп жатқан пайдасы өте зор. Осы үлкен шаруаның басында 85 жастағы, жарты ғасырдан артық бас қалада өмір сүріп жатқан ­Қабыкен Қажыбайұлы тұр.
Осындай азаматтар туралы мақала жазғанда қандай марапаттары барын тізбектейтініміз бар. Қабекеңнің марапаттары өте көп, олар туралы айтатын болсақ, әлі біраз жазуға тура келеді. Менің ойымша, бұл кісінің негізгі марапаты қала тұрғындарының ризашылдығы деп ойлаймын.
Бірде Қабекеңнің үйіне қоңырау шалсам, бәйбішесі жауап берді. Аты-жөнімді айтып едім, мен сізді білемін, мен Күләш Жаңабайқызымын ғой деді. Бір кездері білім саласында істеп әріптес болғанбыз. Ол кісіні қыз­меткер ретінде жақсы жақтарынан білетінмін. Бір сөзбен айтқанда, өз орнындағы маман болатын. Отбасын құрғандарына алпыс жыл болыпты. Осындай отбасынан дарынсыз ұрпақ тарамауы мүмкін емес қой. Үлкен ұлдары Төлеген Қабыкенұлы ширек ғасырдан артық үлкен дәрежелі мемлекеттік қызметтер атқаруда, екінші ұлы Болат Қабыкенұлы – Ресей Президентінің аппаратында қызмет атқарса, інісі Абай Қабыкенұлы Мәскеу қаласының бір үлкен ауруханасының бас дәрігері. Бәрінің бала-шағасы өсіп жатыр. Осылайша, бірнеше немере мен шөберелердің сүйікті ата-әжесі атанып жүрген Қабыкен ағамыз бен Күләш жеңгеміз – осындай жандар.
Шын мәнінде Қабыкен Қажыбайұлын астаналық облыс пен астананың тең тұлғасы деуге негіз бар. Аман-есен болыңыз, құрметті Қабеке!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + nineteen =