«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қажымұқанның белдігі

0 563

Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпқой палуан, орасан күштің иесі, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған Қажымұқанды білмейтін адам жоқ шығар. Алып атамыздың кіндік қаны тамған жері елорданың іргесінде тұр. Бірақ палуан өмірінің көп бөлігін оңтүстік өңірде өткізіп, ақыры топырақ сол өлкедегі Темірлан ауылынан бұйырды.

Кезінде аты аңызға айналған азаматтың өмірі жолы жайында көптеген жазушылар қалам тербеді. Ал алып тұлғадан қалған жәдігерлер бар ма? Әрине, ол да жетерлік екен. Жақында бас шаһардағы Ұлттық музейдің тарих залынан Қажымұқан атамыз таққан белдікті көріп, оның өзін көргендей әсер алдық. Күміспен күптелген белдік ерекше көз тартады. Нақыштары да әсем. Музей қызметкері Ләйла Ноғайбекқызының айтуынша, бұл жәдігер 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінде орналасқан Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайына спортшы, жазушы Әлімқұл Бүркітбаевтан 1 200 000 теңгеге сатып алынған. Ә.Бүркітбаев оны Санкт-Петербургте өткен спорттық трофейлердің аукционынан сатып алыпты. Сөйтіп, бүгінде асыл ерден қалған мұра елорданың төрінде тұр.


Бір ғажабы, мұражайда палуанның белдікпен қоса тағы басқа да заттары бар екен. Атап айтқанда, музейде Варшава мұсылмандарының Қ.Мұңайтпасұлына сыйға тартқан медалі, жеке төлқұжаты және дәрі сақтайтын ыдысы сақталған.


Ал баһадүр бабамыздың емдік шөптер салуға арналған темір ыдысының пішіні цилиндр тәрізді жасалған, жеке жабылатын қақпақшасы бар. Ыдыс өсімдік тәрізді оюлармен өрнектелген. Оның екі жанындағы сыртқы бетінде араб графикасымен «Балишифа» ал екінші жағында «Алқақни» деп ойылып жазылған. «Балишифа» (шифа) сөзі – шипа ем, дәрумен деген мағынаны берсе, «алқақни» сөзі – ыдыс дегенді білдіреді.
Бір сөзбен айтқанда, ұлт тарихынан сыр шертетін музейге бара қалсаңыз, Қажымұқан атамыздан қалған жәдігерлерді көрмей кетпеңіз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды