Қажымұқанға құрмет

0 11

Қазақты жер жүзіне танытып, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы болған атақты балуан Қажымұқан атамыз 7 сәуірде дүние есігін ашқан. Биыл алып күш иесінің туғанына 150 жыл толып отыр. Қазір осы мерейтойға орай республикалық деңгейде іс-шаралар легі басталып кетті. Кеше соның жалғасы ретінде елорданың іргесіндегі тұғырлы тұлғаның кіндік қаны тамған Қажымұқан ауылында мазмұнды шара өтті.Оған Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қатысып, ауылдың ортасында тұрған даңқты балуанның ескерткішіне гүл шоғын қойып, қазір елімізде күш атасының дәстүрін жалғастырып жүрген жастардың қатары көп екенін айтып өтті.
Одан кейін алып тұлғаның дәстүрін жалғастырушының бірі Сергей Цырульников өнер көрсетіп, 37 секундта салмағы 500 килограмм 4 темір тағаны иіп, Гиннестің рекорд кітабындағы үздік нәтижені жаңартты. Бұған дейінгі көрсеткіш 2009 жылы Еуропада тіркелген еді, 12 жыл бұрын литвалық спортшы 2 тағаны 49 секундта иіп, калибрленген тағаларды кеңейтуден рекордсмен атанған болатын. Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульников осы жетістігін Қажымұқан атамыздың 150 жылдығына арнады. Аталған көрсеткішті Гиннестің рекордтар кітабының тіркеуші офицері жазып, ресми түрде бекітті.
«Бұл тағалар шыңдалған металдан жасалған. Шамамен 940 килограмм салмаққа төтеп бере алатынын арнайы тексердік. Нидерландыда жасалған бұл тағалар беріктігі бойынша әлемде көш басында» деді Гиннестің рекордтар кітабының еліміздегі өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Сөз реті келгенде айта кетейік, биыл Қажымұқан ауылына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жақын арада жаңа спорт залдың құрылысы басталады екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =